Біздің төл мерекеміз бар

Газет мақаласы "Айқын" газеті №100

Қазіргі жаңа дәуірде бұқаралық ақпарат құралдарының маңызы күрт артуда. Заманауи медиа бүкіл әлемде не жекелеген елде болып жатқан оқиғаларды жай ғана жариялаумен шектелмей, көп жағдайда олардың өрбу барысын, өрістеу желісін айқындайтын жетекші күштердің біріне айналды. Осы орайда отандық БАҚ-тың рөлі мен мәртебесі туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың пікірін білдік.

Біздің  төл мерекеміз бар

– Дәурен Әскербекұлы, БАҚ қызметкерлерінің қоғамдағы орны қандай деп санайсыз?

– Ең алдымен, барлық жур­налистер қауымын «28 маусым – БАҚ қызметкерлері күнімен» құттықтаймын! Қазақстан Пре­зидентінің тікелей тапсырмасы бойынша осындай ерекше ме­реке тағайындалып отыр. Енді бізде, бұқаралық ақпарат құрал­дары өкілдерінің барлығында төл кәсіби мерекеміз бар.

Бұл – жай мейрам ғана емес, сондай-ақ осы күні диктофон мен микрофон ұстаған журна­листер қауымының ерен еңбегі лайықты бағасын алатын жыл сайынғы өзіндік бір меже. Отан­дық БАҚ өкілдері тәуелсіз мем­лекетіміздің дамуына, заманауи қоғамымыздың өркендеуіне сүбелі үлес қосуда. Журналистер болмағанда, көптеген оқиғалар жұртшылықтың назарынан тыс қалар еді, жеткеннің өзінде кәсіби көзқараста сараланбай, қауесеттей бұрмаланған сипатта тарауы ықтимал.

Жалпы, журналистерді – мұқ­таж жандарға жаны ашитын, жәбір көргенге араша түсетін, елдікті бекемдеп, мемлекеттілікті нығайтатын Қазақстанның нағыз патриоттары деп білем.

– Ел басшылығының тапсыр­масымен «Педагог мәртебесі ту­ралы» арнайы заң жобасы әзір­ленуде. Соның үлгісінде, Прези­дент айтқандай, «БАҚ-тың қо­ғамдағы маңызды рөлін айқын­дайтын» журналистердің мәрте­бесін бекіту жайы қашан пы­сықталады?

– БАҚ қызметкерлері күнінің арнайы бекітілуін журналистер статусын айқындау жолындағы алғашқы қадам деп есептеуіміз керек. Бұл бағыттағы жұмыс ары қарай жалғасын табады. Жыл соңына дейін біздің министрлік қолданыстағы заңнамаға БАҚ туралы түзетулер енгізуді жос­парлап отыр. Соның ішінде отан­дық бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға оң әрі соны серпін беретін өзгерістер болады деген сенімдемін.

Оның егжей-тегжейін таяуда ұйымдастырылатын дөңгелек үстел барысында жариялауға ниеттіміз.

– АҚШ, Еуропа, Қытай, Ре­сей секілді алпауыттар ұлттық БАҚ саласын дамытуға баса мән беруде. Қазақстанда «жетімбұ­рыш» жағалап жүрген журна­листер жетерлік. Үйі жоқтықтан күйі келмеген олардың кәсіби дамуға көңіл бөлуге тіпті де мүм­кіндігі болмайды. БАҚ өкіл­дері арасындағы баспанасыздық мә­селесі қалай шешіледі? Кешенді іс-шаралар қолға алынбай ма?

– Бұл сауал жиі қойылады. Мәселен, мұғалімдер, дәрігерлер негізінен бюджеттік ұйымдар қыз­­меткерлері болып отыр. Тиі­сінше, олар бюджеттік бағдарла­маларға енеді. Ал журналистердің басым көпшілігі, шамамен 95 па­йызы жекеменшік нысанын­дағы ұйымдардың қызметкері.

Дегенмен біздің алдымызда БАҚ өкілдері арасындағы бас­панасыздық мәселесін шешу міндеті тұр. Дұрысы, біз бүкіл медиасаланың, соның ішінде отандық газет-журналдар, ин­тернет басылымдар, телеар­налар, радиотолқындардың дамуын ынталандыруға тиіспіз. Оларға жарнамадан және бас­қасынан табыс табуы, қар­жылық тәуел­сіздігінің нығаюы үшін жан-жақ­ты жағдайлар жасалуы керек. Осының арқа­сында оларда іс­тейтін журна­листердің де көп­те­ген түйткілді мәселелерінің тү­йі­ні тарқайды деген ойдамын.

– Әңгімелескеніңізге рақмет!