Нұр-Сұлтан Арыспен бірге!

Газет мақаласы "Айқын" газеті №100

Астанада «Халық әл-ауқаты­ның артуы – бірлік пен тұрақты­лық кепілі» атты Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы ассамб­лея­сының XVIII сессиясы өтті.

Нұр-Сұлтан Арыспен бірге!

Президенттің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты бағдарламасына арналған жоспарды іске асыру мәселесі, сондай-ақ Түркістан облысының Арыс қаласына көмек көрсету мәселелері талқыланды. Іс-шараға Қазақстан халқы ассамб­леясы Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының мең­ге­рушісі Ж.Түйме­баев, мемлекеттік ор­ган­дар, этномәдени бірлестіктер өкілдері, елордадағы Қа­зақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сарапшылық то­бының, қоғам­дық келісім кеңесінің, Аналар кеңесінің мүшелері қатысты.

– Елімізде болған төтенше жағдай­ға байланысты Түркістан облысының жұртына, оның ішінде Арыс қаласы­ның тұрғындарына, апаттан көз жұмған 3 адам­ның отбасына Қазақстан халқы ассам­блеясының атынан көңіл айтамын. Оқиға болған 24 маусымның түс кезінде-ақ ҚХА шұғыл штаб құрып, көмек ұйымдастыра бастады, – деді Жансейіт Түймебаев.

Елдегі барлық этномәдени құры­лым­дардан бүгінге дейін тек қаржылай кө­мек ретінде 50 млн теңге аударыл­ған. «Көмектің көбін ақшалай жинап жа­тырмыз. Елдегі барлық өңірден Ассамб­лея бірлестіктері жинаған көмек керуендері дайындалуда. Мысалы, Оралдан – 30 тонна, Қарағандыдан – 20 тонна, Нұр-Сұлтан қаласынан 22 тонна заттай көмек жіберілді. 24 маусым күні Түркістан облысындағы түрік, әзірбай­жан, кәріс, өзбек этномәдени бірлес­тіктері апат ауыртпалығын жеңілдетуге барынша күш салды. Солардың күшімен 600 адамға уақытша баспана дайын­далды. Өзбек этномәдени бірлестігі апат күні – 1000 адамға, әзірбайжан орталығы 500 адамға тамақ ұйымдастырды», – деді ол. Елордалық ҚХА төрағасы Алтай Көл­гі­новтың айтуынша, жарылыс бол­ған күннен бастап астаналықтар арнайы шотқа тек біркүндік еңбекақы есебінен 200 млн теңге аударған. «Арысқа бүкіл ел болып көмектесіп жатыр. Қалалық Достық үйінде көмек жинайтын орталық ашылды. Тұрғындар белсенділік таны­туда. «Нұр-Сұлтан Арыспен бірге!» деген акция жарияладық. Бүгін қала әкімінің орынбасары бастаған көмекші топтың алғашқы легі Арысқа ұшады. Оның құрамында құрылыс мамандары мен мердігер ұйым өкілдері бар. Бізге тиген тұрғын үй секторында 500 үй орналасқан. Соны жөндеп, арыстық отандастары­мызға өткізуіміз керек. Жөндеу жұмыс­тары бүгін-ақ басталатынын сенім­мен айтамын», – деді Алтай Көлгінов. Сонымен бірге, «Нұрлы астана» қоры Арысқа көмек көрсету үшін гумани­тар­лық көмек жинап жатыр. Бұл іске елор­да­лық кәсіпкерлер үлес қосуда. Бұған қоса, арыстық 500 баланы астанаға ша­қырып оларға елорданың көрікті жер­лерің аралатып, түрлі мәдени шаралар ұйымдастырмақ.


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ