«Үркердің» үздіктері

Газет мақаласы "Айқын" газеті №101

Журналистер – төртінші билік иесі. Халық пен билік арасындағы көпір. Қоғамдағы әділет сақшысы. 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні. Мереке қарсаңында «Қазмедиа» орталығында  Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастырумен «Үркер» ұлттық сыйлығы табысталды.

«Үркердің» үздіктері

Дәстүрлі байқауда баспасөз, радио және интернет журналистика сала­сындағы үздіктерге жүлде табыс­талды. Үздік жұмыстарды белгілі қоғам қайраткерлері, блогерлер, шығармашыл зиялы қауым өкілдері мен атақты отандық журна­листерден тұратын арнайы комиссия іріктеді. Комиссия мүшелері 11 номинация бойынша үздіктерді анықтады.

«Жыл газеті» аталымына «Время» газеті ие болды. «Жыл сұхбаты» аталы­мында «Литер» газеті бас редакторы орынбасары Жанна Ойшыбаева жеңіске жетті. «Жыл жур­налистік зерттеуі» аталымы Holanews.kz тілшісі Яцун Анастасияға бұйырды. «Жыл репортажы» аталымында Kapital.kz порталының қызметкері Ксения Бондал жеңімпаз атанды. «Жылдың үздік фото­суреті» аталымы бойынша Egemen.kz фотографы Оспан Әли үздік атанды. 

Zakon.kz «Жылдың үздік ақпараттық порталы» атанды. «Жылдың үздік радиос­тан­циясы» аталымында «Радио классик» үздік деп танылды. «Жыл new media» аталымы бойынша Талғат Қалиев жеңімпаз атанып, Kaliyev-channel-ді жылдың үздік ақпа­раттық паблигі деп жариялады. National Geographic «Жыл журналы» атанды. «Жылдың үздік танымдық материалы» жүлдесін ҚазАқпарат тілшісі Аян Өрібай иеленді. «Жыл сараптамалық материалы» аталымында Informburo.kz тілшісі Евгения Бодрова жеңіпмаз болды.

Сондай-ақ байқауда «Egemen Qazaqstan газетіне 100 жыл» аталымы Намазалы Омашқа табысталды. Жеңім­паздарға 1 мил­лион теңге­лік серти­фикат пен естелік мүсінше берілді.