Үкіметтің міндеті – ел тұрмысын жақсарту

Газет мақаласы "Айқын" газеті №103

Қазақстанда әлеумет­тік шаралар тек нақты мұқтаж азаматтарды қолдауға ғана бағыттала­ды. Бұл туралы Премьер Асқар Маминнің төраға­лы­ғымен өткен Үкімет отырысында мәлімделді. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасының қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру стратегиясының жалғасы саналатын әлеуметтік мәселелерді шешу бойын­ша тапсырмаларын орындау мәселелері қаралды.

Үкіметтің міндеті –  ел тұрмысын жақсарту

Үкімет отырысы барысында қолданыстағы үшжылдық бюд­жетке және «Еңбек» өнімді жұ­мыспен қамту және жаппай кә­сіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін қаулы жобалары қабылданды. Жұмыс­сыздарды өнімді жұмыспен қам­туға тартудың маңызын ескере отырып, мемлекет «Еңбек» бағ­дарламасы құралдарын күшей­туге қосымша 50 миллиард теңге бөлуге ұйғарды.

– Қазақстандықтардың тұр­мыс сапасын арттыру – Үкімет жұмысының шешуші бағыты! Министрлер кабинетінің бірінші кезектегі міндеті – әлеуметтік қол­дау шараларын іске асыруға де­реу кірісу, оларды уақтылы орындау үшін қажетті барлық ұйымдастырушылық және құ­қық­тық іс-шараларды жедел жүргізу. Бұл азаматтардың ма­териалдық әл-ауқатын жақсар­туға мүмкіндік береді, – деді А.Мамин.

Ол меморгандарға 1 апта ішінде аз қамтылған қазақ­стан­дықтардың борыш жүктемесін азайтуға бөлінген қаражатты пай­далану тетіктерін анықтауды; олардың кепілсіз тұтынушылық несиелері бойынша жинақталған айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығарып тастауды тапсырды.

Мұның сыртында Премьер-министр жұмысқа орналасты­руды қажет ететін адамдарды іздеудің және бос жұмыс орын­дарын толтырудың проактивті форматына көшу арқылы «ха­лықты жұмыспен қамту орта­лық­тарының» жұмысын жетіл­діруді жүктеді.

Жауапты меморгандар жұ­мыс істейтін жастар арасында тұрғын үйді бөліске салу және аз қамтылған отбасыларға баспана сатып алу үшін жеңілдетілген несие беру тетіктерін бекіту жұмысын жедел түрде аяқтауға міндеттелді.

–1 қыркүйектен бастап тұр­мысы төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларға 5 мың нысаналы білім гранты қосымша бөлінеді. Сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының стипендиясы 30 пайызға арта­ды, – деген А.Мамин осы грант­тардың лайықты тағайындалуын қамтамасыз ету жөнінде тапсыр­ма берді.

Барлық өңірлер әкімдеріне бүкіл нормативтік рәсімдерді қа­таң сақтау, АӘК алушыларға пәрменді мониторинг жүргізу тапсырылды.

– Қабылданып жатқан ша­ралар, ең алдымен, нақты мұқ­таж азаматтарды қолдауға, оның ішінде жастарды демеуге, соны­мен бірге адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталған. Азамат­тарымыздың проблемаларын шешу көп жағдайда үйлесімді жұмысымызға байланысты, – деп түйді Үкімет басшысы Асқар Мамин.

Ал Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Бер­дібек Сапарбаевтың айтуынша, бүгінде жаңартылған атаулы әлеуметтік көмек 285,7 мың от­басыға төленіпті. Салыстыру үшін келтірсек, 2018 жылы 109,2 мың отбасы алған. Көмек алушылардың жалпы саны 1,4 миллион адамға жетті. Был­тыр бұл көрсеткіш 571,5 мың адам болған екен. Оның ішінде 900 мыңға жуығы – балалар (2018 жылы – 363,2 мың бала).

Бұл мақсатқа бюджеттен барлығы 124,3 миллиард теңге бағытталмақ. Жарты жылда оның 78 миллиарды төленді. АӘК орташа мөлшері 105 мың теңгені құраған.

Министр Б.Сапарбаев елі­мізде аз қамтылған және мем­ле­кеттің әлеуметтік қорғауын қа­жет ететін жандар санын азайтуға болатынына сенімді. Бірақ оның байламынша, бұл үшін жалақы берешегін болдырмау; қазақ­стан­дықтардың еңбек қызметін заңдастыру; қауіпсіз және қо­лайлы еңбек жағдайын жасау керек.

– Осыған орай, келесі шара­ларды қабылдау, нақтырақ айт­қанда, АӘК тағайындау тәртібін қатаң сақтау және заңсыз тө­лен­ген сомаларды қайтару; ең­бекке қабілетті алушыларды жұ­мыспен қамту және еңбек қыз­метін рә­сімдеу; жасырын та­бысты анық­тау бойынша жұ­мысты күшейту, жеке кәсіп­керлердің қызметін бақылау; жалақы берешегін және еңбек жағдайларын бақылау; ақпа­раттық жүйелердегі мәлі­меттердің өзектілігі мен дұрыс­тығын қамтамасыз ету ұсы­нылады, – деді ол.

Жергілікті атқарушы орган­дар алдына АӘК алатын отба­сылардағы еңбекке қабілетті мүшелерінің жұмыс жасауын талап ету, олармен әлеуметтік келісімшарттар жасап, олардың орындалуына қол жеткізу мін­деті қойылмақ.

Үкімет отырысынан кейін ұйымдастырылған баспасөз конференциясында министр осы ойын ары қарай өрбітті. Оның айтуынша, егер қол-аяғы сау адамы жұмыс істемесе, ол отбасыға АӘК төлеу тоқтаты­ла­ды. Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігінің дерегінше, қазір АӘК алушылар қатарынан 393 мың адам – ең­бек­к­е қабілетті. Олардың 81 мы­ңы міндетті түрде жұмысқа тұр­ғызылуға тиіс. Дегенмен әзірге олардың тек 38 мыңы жұмыс істейді. 30 мың адам мемлекет талабына келісіп, әлеуметтік келісімшартқа қол қойды.

– Бұл – өте төмен көрсеткіш. Ең басты міндет – АӘК алатын отбасыда еңбекке қабілетті адамдар болса, онда олар жұмыс істеуге тиіс. Сондықтан біз өңір­лердің әкімдеріне үнемі ай­тып келеміз: алдымен, әлеуметтік келісімшартқа қол қою қажет, одан кейін міндетті түрде жұ­мысқа орналастыру керек. Егер азамат жұмыс істемей қойса, онда біз АӘК төлеуді тоқтатамыз. Осындай талап пен заң бар, – деді Бердібек Сапарбаев.

Ол жұмыс тауып беруді сұ­райтын адамдар аз екеніне ша­ғымданды.

«Барлығы тек АӘК алғысы келеді. Бұл мәселеде масылдыққа жол бермеу маңызды. Ақтауда сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз масылдық пен мұқ­таж­дықтың аражігін айыра бі­луге тиіспіз» деп қадап айтты. Адамдардың үйде жатып алып, 100–180 мың теңге АӘК алуына жол бермеу керек. Сол себепті, заңды бұзу фактілері барын ай­тудамыз және АӘК төлеуді қыс­қартамыз, – деді Б.Сапар­­баев.

Мемлекет өз тарапынан жұ­мыспен қамтуды қолдау шара­ларын ұсынады. Біріншіден, 505 мың теңге сомасында па­йызсыз және комиссиясыз, әрі тегін, қайтарымсыз гранттар бе­ріледі. Екіншіден, 6% мөлше­рінде шағын несие таратылады. Үшіншіден, егер азаматтың ма­мандығы жоқ болса, онда ол қысқамерзімді курстардан өтіп, мамандық ала алады. Маман­дығын алғаннан кейін және сертификат берілген соң, ол өзінің бизнес-жоспарын жасап, төл ісін бастай алады.

Мүмкіндігі шектеулі ба­ла­ларды тәрбиелеп отырған ана­ларға әлеуметтік жұмыс орын­дарын ашу жоспарланып отыр. Бұл үшін қосымша қаражат бөлінеді.

«Егер жұмыс берушілер мү­ге­дек балаларды тәрбиелеп отыр­ған аналарға жұмыс ор­ын­дарын ашса, онда біз оларға 35% субсидия төлейтін бола­мыз», – деді министр..