Сүйікті ордамызға сыйлық

Газет мақаласы "Айқын" газеті №105

Абай ескерткішінің ал­дын­да «Нұр-Сұлтан – елі­міз­дің бас қаласы, Жастар – бо­ла­шақтың бастамасы» деген кі­тап және поэзия мерекесі өтті.

Сүйікті ордамызға сыйлық

Бұл шараны Мәдениет және спорт басқармасының қол­дауы­мен Орталықтандырылған кі­тап­ханалар жүйесі ұйымдастырды. Биылғы мереке Абай атамыздың алдағы жылғы 175 жылдық мерей­тойына арналды. Мәдени шара ал­дымен ұлы ақын ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Со­дан кейін тұрғындар мен қала қо­нақтары «Абайдың рухы» атты театрландырылған қойылымды та­машалады. Хакім атамыздың рөлін Қ.Қуанышбаев атындағы қа­зақ академиялық музыкалық-дра­ма театрының актері Қасым­хан Бұғыбай сомдады.

Жыл сайын дәстүрлі түрде өте­тін кітап пен поэзия гранд фес­тивалі – белгілі зиялы қауым, та­нымал ақындар мен талантты жас авторларды бiрiктiретiн ең құн­ды шаралардың бірі. Бұл шара поэзияның дамуына ықпал етеді. Поэтикалық оқулардың ауызша дәстүрлерін жаңғыртады. Жастар жағының оқуға, жазуға және поэ­зияға қызығушылығын арттыра­ды. Поэзияны театр, би, музыка, кес­кіндеме сияқты басқа да өнер түр­лерімен жақындастырады. «Біз бұл іс-шараны қала күні ме­рекесіне орай жыл сайын өт­кізіп келеміз. Биылғы кешті Абай ата­мызға әдейілеп арнадық. Өйткені ақын шығармаларын жұрт­шы­лыққа кеңірек насихаттауды көз­де­дік. Одан қалды, «Жастар жы­лы» болғандықтан, жас оқыр­ман­дарымызға да қызықты ойындар, түрлі байқаулар ұйымдастырып отыр­мыз. Сондықтан бәріңізді елор­да күнімен құттықтай-мын», – деді Орталықтан­ды­рыл­ған кі­тап­ханалар жүйесінің ди­рек­­торы Гүлбадан Мәдібаева.

Шара барысында жас ақындар астанаға арнаған өлеңдерін оқып, жиналған қауымға рухани ләззат сый­лады. Шығармашылық жас­тар­ға арналған жыр мүшәйрасы­ның жеңімпаздары марапатталды. Қуыршақ театрының артистері жас оқырмандарға арнап жаңа кітап кейіпкерлерімен танысу де­ген ойындар өткізді. «Жастар жә­не кітап» атты әдеби нон-стоп деген іс-шара ұйымдастырылып, келушілер өздері қалаған кітап­тарды алды. Сонымен бірге, «Сүйік­ті қалама – сыйлық» атты шы­ғармашылық көрме-жәр­мең­кесі болды. Шара соңында бар­лық қатысушыларға естелік сый­лық берілді.

 

Сая МҰРАТҚЫЗЫ