Ұлттық кеңестен не ұтамыз?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №111

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Ұлттық қоғамдық кеңестің мүшелері ұйымның алдына қойып отырған міндеттері туралы айтты. Кездесуде Қазақстан Президентінің кеңесшісі, Ұлттық қоғамдық кеңестің хатшысы Ерлан Қарин Ұлттық кеңестің Қазақстан Президенті жанындағы консультативті кеңесші орган болатынын жеткізді.

Ұлттық кеңестен не ұтамыз?

«Кеңестің негізгі мақсаты – жұртшылықтың, саяси партия­лардың азаматтық қоғам өкіл­дерінің қатысуымен мемлекеттік саясатқа қатысты өзекті, маңыз­ды мәселелерге қатысты ұсы­нымдарды тұжырымдау. Негізгі міндеттері – мемлекеттік бағдар­ламалар мен нормативтік-құ­қықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу және жұртшылықтың, азаматтық қоғамның пікірін ескере оты­рып, маңызды проблемаларды талқылау. Жұртшылықтың, сая­си партиялардың, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік органдар өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету. Тағы бір айта кетерлігі, Ұлттық қо­ғам­дық кеңестің төрағасы – Пре­зиденттің өзі», – деді Е.Карин.

Кеңес хатшысы ұйымның құрамына саяси партиялар, қо­ғамдық ұйымдар өкілдері кір­генін мәлім етті.

«Кеңестің құрамын анықтау үшін соңғы бір айда консуль­тациялар өткізілді. Сонда айтылған пікірлерді жүйелеп, осындай шешімге келдік. Қоғам белсенділері мынандай тәртіпке сәйкес іріктелді. Ұзақ уақыт бойы қоғамдық маңызы бар мәселелерді тұрақты көтеріп жүрген белсенділер, нақты бір сала бойынша шұғылданып жүрген кәсіби мамандар кеңеске кірді. Олар қоғамның барлық саласынан іріктеліп алынды. Саяси-қоғамдық алаңдардың, түрлі саяси күштердің өкілдерін тартуға тырыстық. Ұйымда ескі оппозиция өкілдері де, жаңа қалыптасып келе жатқан қарсы топтардың өкілдері де бар», – деді ол.

Еске салайық, Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы ұлықтау рәсімінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру керегі туралы алғаш айтқан болатын. Кейін Мемлекет бас­шысы Қазақстан Президенті жанынан Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесін құру туралы Жар­лыққа қол қой­ды. Сондай-ақ кеңестің құра­мына нақты кімдер енгені белгілі болды.

Қоғам белсенділерінен құ­рылған кеңестің мақсаты – би­лік пен халық арасындағы алтын көпірге айналу. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада БАҚ өкілдеріне Қа­зақстан Президентінің сыйлық­тары мен гранттарын табыстау рәсімінде Ұлттық қоғамдық се­нім кеңесіне БАҚ өкілдері кі­руі тиісін баса айтқан еді.

Басқосу барысында Ерлан Қарин жаңадан құрылған ұйым­ның бұған дейінгі диалог алаң­дарынан айырмашылығы неде болатынын түсіндірді.

«Кейбір сарапшылардың әлеуметтік желілерде Ұлттық кеңесті бұған дейін құрылған диалог алаңдарымен салыс­тырмалы түрде талдап жатқанын мен де байқадым. Бұл теңеулер дұрыс емес. Себебі, ол алаңдар нақты бір мәселе төңірегінде құрылған уақытша диалог алаң­дары еді. Мысалы, Жер ко­мис­сиясы жер туралы заңнамаға өзгерістер енгізу мақсатында құрылған алаң болатын. Ал бұл тұрақты түрде жұмыс істейтін консультативтік кеңес органына айналады. Президентке үнемі қоғамдағы әртүрлі алаңдататын мәселелерді ескеруге, қоғам өкілдерімен тікелей диалог арқылы пікір алмасу барысында тиісті бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін болады», – деді ол.

Баспасөз маслихатында ке­ңес мүшесі Мұхтар Тайжан ұйым­ға кірудегі мақсатымен бө­лісті. Ол Ұлттық қоғамдық кеңес шынайы диалог алаңына айналады деген пікірде.

«Билік пен қоғам арасында диалог құратын жүйе болу ке­рек. Сондықтан биліктің осы қада­мын қолдаймын. Тұрақты түрде жұмыс істейтін мұндай кеңес бәрімізге қажет. Қазақстан бола­шақта өркениетті, құқық­тық, демократиялық, шынайы на­рық­тық мемлекетке айналуы керек. Кеңеске кірудегі мақ­сатым – осы. Келешек ұр­пақ­қа өркениетті мемлекетті қал­дырып кеткеніміз жөн. Бұл ке­ңес сол басты мақсатымызға нақ­ты қа­дам болады деп үміт­те­немін. Сон­дықтан осы жұ­мыс­қа атса­лы­суға дайын­мын», – дей келе сая­саткер кеңестің жұмы­сы ашық болатынына сенім білдірді.

Ал қоғам қайраткері Мұрат Әбенов Ұлттық қоғамдық кеңес­тің жұмысы саяси мәселелермен ғана шектелмеу керек деген ойын ортаға салды.

«Кеңестің құрылуының қа­жеттігін бәріміз түсініп отырмыз. Кеңестің құрамын қарап шық­тым. Маған әр саладан, түрлі саяси партиялардан өкілдер бар болғаны ұнады. Ұйым анда-санда, 2-3 айда бір рет ресми жиын өткізетін жолды таңдамай, қоғамдағы ең өзекті мәселелерді талқылайтын алаң болуы керек. Кеңестің жұмыс төңірегінде тек қана саяси мәселелер емес, әлеу­меттік мәселелер де талқыла­натыны ұнады. Бұл бізге мем­лекеттік бағдарламаларды са­рап­тап, талдап, ұсыныс беріп, кемшіліктер болса бірден айтып, проблеманың ушығып, күшейіп кетуіне жол бермей, дер кезінде дұрыс ұсыныстар қабылдауға мүмкіндік береді», – дейді ол. Қоғам қайраткері сондай-ақ белсенді азаматтардың ой-пікірі мемлекеттік органдар тарапынан ескерілмей жүргенін айтып, қазір көптеген өзекті мәселелер тек әлеуметтік желі алаңында ғана айтылып келе жатқанын тілге тиек етті. Айта кетейік, Ұлт­тық кеңеске түрлі салада жұмыс істейтін, азаматтық белсенділік танытқан 41 адам мүше болды.


Рақым ОШАҚБАЕВ,
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі,
TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы:

– Президент құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне қатысты бізге мемлекет пен қоғам үлкен сенім артып отыр. Мұндай үмітті ақтау оңай болмайды. Ұлттық кеңеске еліміздің алдағы саяси-экономикалық жаңғыруының негізі ретінде үміт жүктелді. Оның жұмысы үш классикалық «себетке» бөлінуі мүмкін: саяси, әлеуметтік және экономикалық. Біз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты пайдалы бастамалар енгіземіз деп үміттенеміз. Қазір бірқатар нақты ұсынымдар әзірлеп жатырмыз, оны қоғамдық талқылауға шығарып, сараптамалық топтарды іске қосқымыз келеді. Кейінірек, халықтың қолдауына ие болған бастамаларды Ұлттық кеңес қарауына шығарамыз. Сондықтан өте белсенді жұмысқа дайындалып жатырмыз.

   

Данияр ӘШІМБАЕВ,
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі,
саясаттанушы:

– Бұл кеңеске қосу үшін жүздеген адамның есімі айтылды. Бірақ олардың бәрін қосса, кеңес жұмысы жүрмей қалар еді. Еліміздің қоғамдық-саяси даму мәселелерін талқылайтын кәсіби диалог алаңына айналған кеңестің шағын құрам нұсқасы анағұрлым тиімді. Әрине, кеңес пен оның құрамын үлкен жұмыс күтіп тұр. Қазіргі уақытта мінсіз құрылым жасау мүмкін емес, бірақ таңдалған тұлғалар алуан түрлі пікірді ортаға сала алады. Билік қоғамды тыңдауға дайын және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі саяси реформа жасауға, билік-қоғам диалогын дамытуға және қабылданатын шешім сапасын жақсартуға көмектеседі.

 

Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ,
Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі,
«Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы:

– Ұлттық кеңес Президенттің сайлауалды платформасында көрсетілген. Бір жағынан қоғамдағы түрлі пікірлерді ескеріп, соған ұсыныстарды жинау болса, екінші жағынан негізгі диалогтық алаң жасау, мамандармен, сарапшылармен ақылдасу бойынша құрылып отыр. Оның құрамында қоғамдық пікірді қалыптастырып жүрген қайраткерлер, журналистер, блогерлер және саясаткерлер бар. Меніңше бұл да бір Президент жа­нындағы консультативті-кеңесші орган ретінде саяси рефор­малар, әлеуметтік, экономикалық жағдайларға байланысты қа­жет­ті және еліміздің дамуына маңызды ұсыныстар беріп отыруы тиіс.

Өзім руханият, ұлттың дамуы, жергілікті мемлекеттік басқару, оның ішінде ауыл мәселесі, әкімдердің жұмысы, өңірлік саясатына байланысты тәжірибем мен ұсыныстарымды бөлісемін деп ойлаймын. Саяси реформалардың қажеттілігін, либералдық принциптерді іске асыруға қажеттілігін көтеруіміз керек.