Ұлттық кеңес не ұсынады?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №112

Өткен аптада Мемлекет басшысы бастамашы болған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Ал кеше сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті.  Басқосуға кеңес мүшелері үлкен дайындықпен келгенін көрсетті. «Сырт көз – сыншы» демекші, қонақ ретінде қатысқан сарапшылар  ұлттық кеңеске ұтымды кеңес пен ұсыныс айтып үлгерді.

Ұлттық кеңес не ұсынады?

Президент жанындағы Қа­зақстандық стратегиялық зерт­теулер институтының бөлім бас­­шысы Алуа Жолдыбали­на­ның айтуынша, Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесіне халық сені­мін қалыптастыру қажет. Себебі, ақпарат құралдары мен әлеумет­тік желілердегі пікірлер ел ара­сында Ұлттық кеңес туралы нақ­­­ты түсінік жоқ екенін көр­сетіп отыр. Ұлттық кеңесті әкім­діктер мен меморгандар жаны­нан құрылған қоғамдық кеңес­термен шатастырып жатқандар бар кө­рінеді. Сондықтан Ұлттық кеңес­тің республикалық дең­гейде жұ­мыс істейтінін, ұлттық мәрте­бесі барын елге түсіндіру керек.

Алуа Жолдыбалина Еуропа, Америка, Малайзия тәжірибеле­ріне жасалған талдау нәтижесі бойынша, Ұлттық кеңес жұмы­сын ұйымдастырудың үш бағы­тын ұсынды. «Біріншіден, аза­маттардың арыздарының, ша­ғымдары мен сауалдарының нақ­ты жүйесін жинақтау қажет. Кез келген мемлекеттік органға түсетін арыз-шағымдарды да осы топқа жинақтау керек. Екін­шіден, жұмыс топтары мен жұмыс органы «азаматтық жю­ри» сияқты жаңа техноло­гия­ларды пайдаланғаны жөн. Үшін­ші кезекте әлеуметтік желі ар­қылы диалог жүргізу. Осы фор­маттарға Президент Әкімшілігі назар аударып, кеңес мүшеле­рінің жұмысын қамтамасыз етуі керек. Кеңес құрамы орынды ірік­телген. Енді сол құрамның жұмысын қамтамасыз ету ма­ңызды», – деді сарапшы.

Ұлттық қоғамдық сенім ке­ңесінің мүшесі Ерлан Саиров­тың пікірінше, қазіргі таңда елдегі қоғамдық-саяси палитра әркелкі. «Сайлау, митинг, БАҚ, саяси партиялар туралы заңдар­дың кейбір тармақтары заман талабына сай емес екенін уақыт көрсетіп отыр. Сондықтан осы тұрғыда ойлануымыз керек. Саяси процестерді орталық­сыздандырып, әртараптанды­руға сұраныс бар. Саяси шешім­дердің барлығы Нұр-Сұлтаннан шықпауы керек екенін айту­шы­лар көп. Жыл сайын Қазақстан­нан өз еркімен көшіп жатқандар көбейді. Ал шекаралық аудан­дар­дан халық орталықтарға кө­шіп жатыр», – деген саясатта­нушы шекараны шекарашылар ғана емес, жергілікті халық та күзетуі керек деп санайды. Оның айтуынша, Шығыстағы Қатон­қарағай, Марқакөл, Ақсуат, Мақаншы өңірлерінен ел көшіп кеткен. Бұрын Марқакөл ауда­нында 27 мың адам тұрған, бү­гінгі халқы 6 мың ғана. «Мұны гуманитарлық проблема деуге болады. Дәл осындай проблема Алматы облысында да бар. Бұл мәселені шешу үшін кезінде қыс­қарып қалған аудандарды қай­та құрып, шекаралық аймақ­тарды дамыту жөніндегі мемле­кеттік бағдарлама жасау керек. Бұл өте маңызды», – деді ол.

Саясаттанушының айтуын­ша, кеңес құрамында жұмысына үлгере алмағандар мен қоғам сенімін ақтамағандар орнын басқаларға беруі керек. Өзі ке­ңестегі миссиясын орындай ал­маса, орнын басқа адамға ұсы­натынын жеткізді.

Өткен жылы педагогика мамандығына 8 мыңнан астам грант бөлінді. Соның 4 мыңнан астамы ҰБТ-да 50-51 балл жи­наған талапкерлерге берілген. Біз балаларымызға білім беретін, тәрбие дәнін егетін ең маңызды істі кезінде нашар оқыған талап­керлерге тапсырдық. Бұл мәсе­лені Ұлттық кеңес мүшесі, «Та­лап» қолданбалы зерттеулер орта­лығының директоры Рахим Ошақбаев көтерді. «Мұндай сорақылықты мұғалімдердің жалақысын көтеру арқылы ғана шеше аламыз. 2020-2021 жыл­дар­дан бастап мұғалімдердің ең­бекақысы аймақтағы еңбека­қы­ның орташа көлемінен төмен болмауы керек. Қазақстандық мұғалімнің мәртебесін бірінші кезекте экономикалық ынталан­дыру арқылы көтеруді ұсына­мын», – деді ол.


Тұмар МЫРЗА