Ресейде өрт шықты, Қазақстан тұншықты

Газет мақаласы "Айқын" газеті №116

Ресейде Сібір ормандарының 3 млн гектардан астамы өртке оранып жатыр.Бұл дегеніңіз Молдова, Армения сияқты елдердің аумағымен бірдей-ақ. Яғни, бір мемлекет лапылдап жанып жатқандай. Алайда Ресей билігі осыншама алапат жағдайға селт етер емес.

Ресейде өрт шықты, Қазақстан тұншықты

Төтенше жағдайға алаңдаған азаматтар Ресей Мемлекеттік кеңесіне ішінде үш негізгі талап қарастырылған петиция жол­даған. Онда өртпен күреске қо­сымша күш жіберу, түтіннің та­ралуы туралы шындықты жа­рия­лау және зардап шеккен адам­дарға көмектесу мәселесі бар. Сондай-ақ тұрғындар келешекте мұндай өрт қайталанбас үшін бақылау аймағын қайта қарас­тырып, шегендеу жайлы да талап етіп отыр.

Ал өрт шалған аймаққа билігі жүретін өңір басшылығы болса бұл өртті сөндірмеуге шешім қа­былдаған. Себебі, өртті өшіру шығыны тым орасан. Басшылық тек оны әуеден бақылап қана үнсіз отыр. Мамандардың ай­туынша, мұндай бақылау аймақ­тарында елдімекендер, құнды аумақтар, жер участкелері мен жалға алынған өлкелер болмауы ти­іс. Ал шын мәнінде, бұл ай­мақтарда бір емес, жүздеген елдімекен бар. Қазір жан-жағын жалмаған өрт адамдардың да басына қауіп бұлтын үйірген. Ал орман өртінен шыққан түтін Сібір мен Таяу Шығыс аймақ­тарына ауа жайылып, Орал, Татарстан, Красноярск, Ново­сібір, Омбы, Томск, Челябі ай­мақ­тарына да жеткен. Соңғы бір­неше күнде Қазақстанға да Ресейдегі өрттің түтіні келіп жет­ті. «Планета» ғылыми-зерт­теу орталығы жақында ғарыштан түсірілген суреттерді жариялаған. Онда күніне орманның жүз мың гектарын таптап бара жатқан 10-нан астам өрт ошағы айқын көрінеді екен. Спутник мәлі­меттері бойынша, өрт ошақтары негізінен Красноярск, Иркутск және Якутияда орналасқан. Красноярск өлкесінің губер­наторы Александр Усстың ай­туынша, Сібір аумағындағы өрт­ті сөндірудің еш мән-маңызы жоқ. Себебі, өртті ауыздықтауға жұмылдырылған арнайы күштің өміріне қауіп төнуі мүмкін.

– Басқару аймағы деп ата­латын категория бар – ондай жерлер сөндірілмейді, сондай-ақ өрт сөндірілетін қорғаныс ай­мағы бар. Бақылау аймағына ке­летін болсақ, бұл көбінесе сол­­түстік аймақ, өрт көбінесе най­зағайдың әсерінен болады. Бұл жүз, екі жүз, үш жүз және бес жүз жыл бұрын да осылай болған. Шын­дығында, бұл – қалыпты та­биғи құбылыс, онымен күре­су мағынасыз, мүмкін тіпті зиян­ды, – дейді Усс.

Greenpeace халықаралық тә­уелсіз үкіметтік емес эколо­гия­лық ұйымының ресейлік бө­лімшесінің ақпараты бойынша, қазіргі таңда осы жылы жанып кеткен жер көлемі 11 миллион гек­тарға жеткен. Бұл дегеніңіз – Пор­тугалия мен Хорватияның жер көлемінен еркін асып ке­тер­дей аймақ. Дәл қазір Якутия­да – 939, Иркутск облысында – 580, ал Красноярскіде 949 гектар жер жанып жатыр.

«Қазгидромет» мекемесі та­ратқан ресми мәлімет бойынша, қазіргі таңда Сібірден ауып кел­ген көк түтін негізінен солтүстік, шығыс және орталық Қазақ­станды еркін қамтып үлгерген. Тиісінше, аталған аймақтардағы улы газ көлемі шекті бекітілген концентрациядан асып кеткен.

Байтақ Болашақ» эколо­гиялық одақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қаласындағы филиалының же­текшісі Әділқасым Жарыл­қа­сынұлының айтуынша, бұл бей-жай қарайтын жағдай емес.

– Кешеден бері 300-ге жуық техника жұмылдырылды деген ақпарат шықты. Кей деректерде 23 ұшақ пен 2 мыңдай адамның өрт сөндіруге апарылғаны ай­тылады. 3 миллион гектар жерге мұншама адам мен техника де­геніңіз түк емес қой. Жұмырына жұқ болмайды былай айтқанда. Енді бұл өздерін жайлап қана қой­май, түтіні бізге де жетіп жа­тыр. Бұл біздің азаматтардың ты­ныс жол ауруларына шалды­ғуына әкеліп соғады, – дейді маман.

Эколог Мұсағали Дуамбеков бұл – халықаралық дабыл кө­те­ретін мәселе дейді. Ресей билі­гі­нің осыншама қауіпті дүниеге тым самарқау қарауы өз басына ғана емес, көрші елдерге де ора­сан шығын әкелмек.

– АҚШ, Қытай сияқты ал­пауыт елдермен бәсекеге түсіп жүрген Ресейдің осындай төтен­ше жағдай алдында дәрменсіздік танытуы ұят нәрсе. Новосібірде тұратын серіктестеріммен де кешелі-бері телефон арқылы сөйлестім. Олардың айтуынша, ел билігі заңға өзгерістер енгізіп тастаған. Яғни, тек адам өміріне қауіп төнетін жағдай туында­ғанда, өрт елдімекендерге жа­қындаған кезде ғана арнайы күштер жұмылдырылады. Ал жазық даладағы орман өртенсе, заң бойынша биліктің оған мән бермеуге құқығы бар екен, – дейді маман.

«Қазгидромет» мәліметі бо­йынша түтін қазіргі уақытта Сол­түстік Қазақстан, Шығыс Қа­зақ­стан, Павлодар, Ақмола, Қос­та­най, Қарағанды, Алматы облыс­тарының, Нұр-Сұлтан мен Алма­ты қаласының да төбесін жаулап алған. Кешеден бері Ала­тауды да қалың тұман басқандай көрінген.

– Түтін дегеніңіз тұнып тұр­ған көмірқышқыл газы ғой. Ме­нің білуімше, Ақмола облы­сын­дағы түтін концентрациясының шекті мөлшерінің деңгейі 3-тен асып кеткен. Негізінде түтінге төзетін шекті мөлшер – 1-ден аспауы керек. Сонда қазір ел тұрғындары 3 деңгейден жоғары улы газды жұтып жатыр. Газ қалдықтары адамның асқазаны мен жүрегіне, бауыры мен бүй­регіне еркін еніп, улап тастайды. Екі күн бұрын ғана Қостанайға барып келдім. Жол-жөнекей көргенім сол – көк түтіннен көз аша алмайсың. Бұрын ондай емес еді ғой. Демек, Ресейдегі ала­пат өрттің ысы мен түтіні біз­дің территорияны қазірдің өзінде еркін жайлап үлгерді деген сөз. Бұл – өте сұмдық жағдай. Сон­дықтан еліміздің Экология, гео­логия және табиғи ресурстар министрлігі тиісті шара қабыл­дап, Ресейден өтемақы талап етуі керек. Өйткені қаншама адам­дарымыздың денсаулығына өлшеусіз зиян келіп жатыр, – дейді эколог.

Маманның айтуынша, орман өрті – кездейсоқ жағдай емес. Оның артында қаншама бей­мәлім күштер тұрған болуы да кәдік. Себебі, экологтың ай­туынша, орманды өрт шалған кезде ондағы ағаштар ешқашан түгелімен жанып кетпейді екен. Ары кетсе жапырағы мен қураған бұтақтары ғана жалынға шар­пылады. Ал ағаштардың негізгі дің­гегі аман-сау қала бермек. Қай­та өрттің арқасында біраз жер кеңіп, ертеңгі күні брако­ньер­лер­дің ағаштарды емін-ер­кін кесіп, пайдаларына жара­туы­на мүм­кіндік туындайды. «2000 жыл­дары Экология ми­нистрінің кеңесшісі болған ке­зімде үнемі осындай мәселелерді қарайтын едік. Ағаш кесіп, соны сатып пайда табатын браконьер­лер орманға әдейілеп өрт қояды. Иттің құйрығына от байлап жі­берсе болды, бүкіл орманды жағып жіберуге болады. Неше түрлі қитұрқы тәсілдер бар. Бұл да осындай кесірлі әрекеттен бас­тау алған болуы әбден мүм­кін» дейді маман.

Кеше Экология, геология және табиғи ресурстар минис­трлігінің баспасөз қызметі Қа­зақстан аумағына қарай көшкен өрт қаупі жоқ деп мәлімдеме жасаумен шектелді.

«Орман және дала өртінің алдын алу және сөндіру мақ­сатында шекара бойындағы жерлерде РФ үкіметімен келісім жасалғанын атап өту қажет. Ке­лісім бойынша Қазақстан немесе РФ аумағында орман, дала өрті шығып, оның таралу қаупі туын­даған жағдайда, тараптар қажетті шара қабылдау мақсатында бай­ланыс орындары арқылы құзы­ретті органдарға уақытылы хабар беріп отырады» делінген ха­барламада.

«Қазгидромет» мекемесі та­ратқан ресми мәлімет бойынша, қазіргі таңда Сібірден ауып кел­ген көк түтін негізінен солтүстік, шығыс және орталық Қазақ­станды еркін қамтып үлгерген. Тиісінше, аталған аймақтардағы улы газ көлемі шекті бекітілген концентрациядан асып кеткен. Оның ең көп үлесі Ақмола об­лы­сына тиесілі – 2,9. Түтін кон­центрациясы Нұр-Сұлтанда – 1,2, Қостанай облысында – 2,1, Қарағанды облысында 1,3 дең­гейін құрайды. Өрт әсерінен Шығыс Қазақстан облысында күкірт оксидінің көлемі артып, деңгейі 2,9-ға жеткен. Ал синоп­тикалық болжамға келер болсақ, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Алматы облыстарында және елордада қолайсыз ауа райы қалыптасып, бұл жағдай ауада ластаушы заттардың жиналуына ықпал еткен. Ресейдегі өрттің қашан сөнетіні, біздегі түтіннің қашан жойылатыны да белгісіз. Бұған қатысты тиісті ведомство ресми пікір білдіре ме, әлде өз орма­нымыз аман ғой деген қажетсіз бейқамдық салтанат құра бере ме, оны уақыт көрсетер.