«Айқынға» қолдау білдірді

Газет мақаласы "Айқын" газеті №117

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақ­шасында біздің «Айқын» газеті жайлы жылы пікір білдірді.
«Айқын» қарапайым еңбек адамдарын үнемі насихаттайды. Жақында етік тігетін жас кәсіпкер туралы жақсы сұхбат жарияланды. Отандық өнімді қолдау мақсатында мен де бір аяқкиімін сатып алдым. Адал еңбек етіп, нақты кәсіппен айналысуға деген көзқарас орнығуы тиіс», – деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Айқынға» қолдау білдірді

Мемлекет басшысы мысалға келтіріп отырған бұл сұхбат «Айқын» газетінің 30 шілде күнгі, №115 са­нында жарияланды. Етікші, Shoes Republic аяқкиім фабрикасының басшысы Дәурен Раманқұл сұхба­тында елімізде етікшілердің тапшы екенін айта келе, «Фабриканы аш­қандағы мақ­сатымыз – қарапайым елдің қар­жысы жететін тиімді бағада сапа­лы аяқкиім ұсыну. Біздің тұ­тыну­шыларымыз қолжетімді ба­ғаға таза теріден тігілген, сапалы аяқкиім ал­ға­нына риза. Жыл өткен сайын тұ­рақ­ты тұтынушылардың қатары кө­бейіп келе жатқанына қуанамын» деген болатын.

Енді, міне, Дәуреннің тұтыну­шы­ларының қатарына ел Прези­дентінің өзі қосылып отыр. Дәу­реннің ай­туын­ша, Президенттің баспасөз хат­шысы Берік Уәли хабарласып, Мем­лекет басшысы оның «Айқында» жа­рия­ланған сұхбатын оқып, қатты ри­за болға­нын, жас кәсіпкердің отан­­дық өнімін қолдау мақсатында аяқ-киімін сатып алатынын жет­кізген.

«Мен Президенттің баспасөз хат­шы­сына өнімдерімнің суретін жі­бер­дім. Мемлекет басшысы соның іші­нен өз таңдауын жасады. Біз туфлиді «Қазпошта» арқылы салып жібердік. Бағасы 21 мың теңге тұратын, 43-раз­мер­лі қою қоңыр туфлиді таңдап, са­тып алды», – дейді Дәурен Раманқұл.

Айта кетейік, бұдан біраз күн бұрын ғана Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірнеше қазақ газетін күнделікті оқитынын айтқан бо­ла­тын. Соның ішінде «Айқын» да бар.