Ауыл әйелі қоғамда белсенді

Газет мақаласы "Айқын" газеті №127

Әулиеатаның әйелдер қауымы барлық салада белсенді. Тіпті, соңғы жылдары нәзікжандылардың өңірдің өсіп-өркендеу жолында өзіндік қолтаңбасын айшықтап, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп жүргені аян. Барлық саланың көсегесін көгертіп, бір қолымен бесігін, екінші қолымен кәсібін дөңгелетіп отырған әйелдер, әсіресе ауыл әйелдері жаңа кәсіп ашу үшін жұмысты неден бастау керек? Қандай кедергілер бар? Кеше Тараз төрінде өткен Жамбыл облысының ауыл әйелдерінің форумында осы және өзге де мәселелер тақыланды. Шараны облыс әкімдігі, «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалиция­сы» ЗТБ, G-Global халықаралық хатшылығы, Халықаралық Coca-Cola қорының қолдауымен EXPO&WOMEN халықара­лық ұйымы ЗТБ ұйымдастырды. Форумның жоғары деңгей­де өтуіне әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Қазақстан Президенті жанындағы ұлттық комиссияның қолдау көрсеткенін де айта кеткен жөн.

Ауыл әйелі қоғамда белсенді

Ауқымды жиынның алдында журналистер үшін баспасөз мәс­лихаты өтті. Онда Мәжіліс депу­таты, Республикалық ауыл әйел­дері форумының ұйымдастыру комитетінің төрайымы Майра Айсина, Сенат депутаты, Прези­дент жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, «Жасыл экономиканы және G-Global-ды дамыту коали­циясы» ЗТБ Басқарма төрағасы, Президент жанындағы жасыл эко­номикаға өту кеңесінің мү­ше­сі, Форумды ұйымдастыру коми­тетінің мүшесі Салтанат Рым­бе­кова ауыл әйелдері форумының маңыздылығын атап өтті.

Форумның ашылуында моде­ратор, облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев сөз сөйлеп, дәстүрлі дала мәдениетінде қазақ әйелдері өздерінің отбасылық қана емес, қоғам мүшесі ретіндегі әлеуетін түрлі салаларда көрсетіп келе жатқанын тілге тиек етті.

– Аты аңызға айналған Ұмай, Домалақ, Қарашаш, ел анасына айналған Ұлпан, Абай атамыздың анасы Ұлжан, әжесі Зере мен Шо­қанның әжесі Айғанымдай әже­ле­ріміздің есімдері ғасырдан-ға­сыр­ға жетіп, халық жүрегінде жат­тал­ды. Заманында Тұмар мен Зарина ханшайымдар, беріде Бо­пай ха­нымдар, шығыстың жұл­дыз­дары Әлия мен Мәншүк, Хи­уаз апала­рымыз ел басына күн туған­да ерлермен иық теңестіріп, батыр қыздардың өнегесін көрсетті.

Киелі Әулиеата жері де қа­шанда ардақты қыздарын, атақты еңбек майталманы атанған әйел азаматтарын мақтан етеді. Ерен еңбектің үлгісін көрсеткен, Жам­был облысының Құрметті аза­маты, ғасыр куәсі Мәрзия Ибра­гимова, бақытын ерен еңбектен тапқан өңіріміздің даңқты Еңбек Ерлері Дариха Жантохова, Сын­дыбала Оңғарбаева, Тамдыкүл Жамбылова сияқты ардагер­ле­ріміздің еңбектері ешуақытта да ұмытылмасы ақиқат.

Бүгінде облысымызда 1 мил­лионнан астам халық тұрса, оның 60%-ы ауылда тұрады. Оның жар­тысы – әйелдер. Олар әлеуметтік салада, орта және шағын кәсіп­керлікте, қызметтің түрлі сала­ларында табысты еңбек етіп жүр. Мәселен, аудандық мәслихат ­де­путаттарының 29-ы – әйел, 20415-і – ұстаз, 785-і – дәрігер, 1000 мыңға жуығы – мемлекеттік қызметкерлер. Әйел азаматтардың ауыл-аймақтарды дамытуда да рө­лі айрықша. Олар ауыл шаруа­шылығын дамыту, шағын және ор­та кәсіпкерлік салаларын іл­герілетуде қомақты үлес қосып ке­ле­ді. Сондай-ақ облыстағы 19 мың­ға жуық шаруа қожалықтың төрттен бірін нәзік жандылар басқарып отыр. Қазір олар ауылда тұрып-ақ табыс табуға болатынын жақсы біледі.

Биыл 393 әйел «Бастау-Биз­нес» жобасымен кәсіп ашудың қыр-сырын оқып-үйренсе, мем­лекеттік бағдарлама бойынша 111 әйел шағын несие, 46 әйел қай­тарымсыз грант алды. Ал «Еңбек» бағдарламасы аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысқан нәзік жандылардың саны – 9725. Сонымен қатар об­лыс әкімі Асқар Исабекұлының бастамасымен аймақ тұрғын­да­рының тұрмыстық табысын жақ­сарту бағытында, үй іргесіндегі шаруашылықты және ауылдағы шағын кәсіпті дамыту мақсатында облыста тиісті жұмыстар жүргі­зілуде. Қазіргі таңда ауыл тұр­ғын­дары тарапынан үй іргесіндегі ша­руашылықты тиімді пайдала­нуға қатысты жобалар жинақ­та­лып, есебі шығарылды. Бүгінде жалпы құны 497,7 миллион тең­гені құрайтын 9 кәсіпорын екінші деңгейлі банктермен мақұлданды. Оның ішінде нәзік жанды азамат­шалар басқарып отырған бала­бақша құрылысымен айналы­сатын «Жұмабекова», құс етінен өнімдер өндіретін «Бахадырқызы Мадина» жеке кәсіпкерлік ны­сандары бар. Әйелдер кәсіпкер­лігін қолдауға облыстық іскер әйелдер кеңесі де қомақты үлес қосып келеді. Кеңестің тікелей ұйытқы болуымен әйелдер кә­сіп­керлігін қолдау орталықтары ашы­луда. Қазіргі таңда Шу және Жуалы аудандарында бой кө­терген аталған орталықтар «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасының қолдауымен кәсіппен айна­лы­са­тын әйелдерге қолдау көрсетуде.

Сондай-ақ демографиялық өсімді арттырудағы әйелдердің рөлі де аса маңызды. Биылғы жылдың 7 айының өзінде облы­сымызда 14678 нәресте дүниеге келді. Бүгінде облыста 44100 көп­балалы отбасы, 4416 «Алтын» және 9112 «Күміс алқа» иегері бар.

Бүгінгі күні Қазақстанның әйелдері отбасы ошағының сақ­таушылары болып қана қоймай, болып жатқан өзгерістердің бел­сенді қатысушыларына айналды. Мемлекет әйелдердің қоғамның әр қызмет саласында таңдау бос­тандығын қамтамасыз ету үшін барлық шаралар жасауда. Қоғам санасындағы қазіргі заманғы әйелдің елдегі барлық саяси, демократиялық және әлеуметтік-экономикалық процесіне толық құқықтық қатысушысы ретіндегі өркениетті бейнесін қалыптас­тыру ең маңызды дүние. Қазіргі заманғы әйел – елдегі барлық сая­си және әлеуметтік процес­тер­дің белсенді қатысушысы.

Ауыл – халқымыздың бірлігі мен бірегейлігінің, тарихы мен мәдениетінің қайнар көзі. Яғни, ауылды өркендету – мемле­кеті­мізді дамытудың маңызды шарт­тарының бірі. Ал бұл бағытта атқарылатын жұмыстарға сіздер­дің, ауылда тұратын әйел азамат­тардың қосатын үлесі зор. Сіздер бүгінде ауылдың шырайын келті­ріп, тірлігіміздің берекелі болуына үлес қосып отырсыздар. Қай салада болмасын, батыл қадам жасап, кәсіби кемелділіктің, жа­уапкершілік пен табандылықтың тамаша өнегесін көрсетіп келе­сіз­дер. Қаймағы бұзылмаған өлке­мізден ел абыройын қорғайтын намысты ұл-қыздарымыздың түлеп ұшуында сіздердің еселі ең­бектеріңіз орасан, – деген Мұрат­хан Жүнісәліұлы форум жұмы­сына сәттілік тіледі.

Бұған дейін ауыл әйелдерінің форумы төрт облыста өтіпті. Өт­кен жылы бірінші рет ұйымдас­ты­рылған республикалық Қазақ­стан ауыл әйелдері форумының өтуіне тікелей бастамашы болып жүрген Мәжіліс депутаты Майра Айсина өз сөзінде бүгінгі күні ауыл әйел­де­рінің әлеуеті жоғары екенін ай­тып өтті. «Бүгінгі шараға 150 жам­былдық әйел қатысуда. Ал кәсіп ашуға ынта танытып, ел бе­рекесін тасытуға белсенділік ­көр­сеткен әйелдерге қолдау көр­сету – басты міндетіміз. Қалай дегенде де қазір­гі күні ауылдағы әйелдердің де үлесі басым. Жұ­мысты ең төменгі сатыдан бас­таған нәзік жандылар үшін грант­тар бөлу мәселесі де бар. Оған жергілікті әкімдіктердің және меценаттардың да көмегі керек. Жалпы, «Жасыл экономи­каны және G-Global-ды дамыту коа­лициясы» ЗТБ ұйымы негізінен 2020 жылға дейін 5 миллион жұ­мыссыз әйелді жұмыспен қамту мәселесіне де назар аударып отыр» деді осы істің суығына то­ңып, ыстығына күйіп жүрген Майра Арапқызы. Өйткені, ол осы ба­ғытта жеті жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал жақында ғана ­Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жарлығымен Сенат депутаты болып сайланған Ләззат Сүлеймен осы аралыққа дейін әйелдерді қолдау бойынша қолға алынып отырған шаралар жалға­сын табатынын айтты.

– Бәрімізде ауылда өстік. Қазір ауылдағы жағдай да жақсы. Жұмыс істеймін, кәсіп көзін та­бамын дегендерге қолдау бар. Сон­дықтан ауыл әйелдерінің әле­уетін көтеруде азаматтық институт өкілдерін, ауыл әкімдерін тарту керек. Жоғарыда осы мәселені сөз еткен Майра Арапқызы жеті жылдан бері бұл іспен өзі айна­лысып келеді. Жұмыс бар, ширату керек. Сондай-ақ жақсы істің басында жүрген әйелдердің де жұмысын, тірлігін насихаттау ке­рек. Қазір ауыл әйелдерінің жағ­дайын көтеру мақсатында Үкімет алдында да мәселе қойып отыр­мыз, – деді Ләззат Жаңылысқызы.

Форум пленарлық отырысқа жалғасып, қараша айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Респуб­ликалық ауыл әйелдерінің фору­мына делегаттар сайланды. Сон­дай-ақ республикалық форумда ұйымдастырылатын «Менің же­тіс­тігімнің тарихы – 2019» шеруі аталымынан үміткер 6 әйел өз жетістіктерімен бөлісті. Өткен жылғы шерудің жеңімпазы «Ким А.Е» жеке кәсіпкерлігінің жетек­шісі Анастасия Ким әлеуметтік жобаларды іске асыру ісіндегі тәжірибесімен бөлісті.

 

Жамбыл облысы