Жаңаөзен дүбірі: Облыс әкімі бұқарамен кездесті

3 қыркүйекте Жаңаөзен қаласына Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов келіп, бұқарамен кездесті. Кеше Жаңаөзенде жүзге жуық ер азамат әкімдік ғимаратының алдына жиналып, Қазақстанда қытай зауыттарының салынуына қарсылық танытып, әкіммен кездесуді талап еткен еді. Тұрғындар журналистерге «ҚазМұнайгаз» АҚ акциясын жүзеге асыру бойынша қытай зауыттарының елде бой көтеруіне және шетелдіктерге жердің жалға берілуіне қарсы екендерін» жеткізген.

Жаңаөзен дүбірі: Облыс әкімі бұқарамен кездесті
© lada.kz

Өз кезегінде тұрғындармен кездескен облыс әкімі Тұрымов «55 қытай зауыты кіретін бізде мемлекеттік бағдарлама жоқ. Зауыт салуға рұқсат берілген жоқ. Бізге өнім өндеу керек. Бірақ Қытай емес», - дей келе Қазақстанның Ресей, Иран, АҚШ тағы басқа елдермен қатынасы барын жеткізді. Бұл туралы «Жас Алаш» басылымы хабарлайды. «Қазақстан өзімен-өзі дами алмайды. Басқа елдермен жан-жақты қарым-қатыста дамиды», - деген әкім 55 зауыттың қазақ жерінде салынбайтынын алға тартты. Сөз соңында әкім «айқаймен ештеңе шешілмейтінін» айтып, халыққа айтар уәждерін қағазға түсіріп беруді, оны билікке жеткізетінін айтып сендірді.

Ал күні кеше Орталық коммуникациялар қызметі алаңында сыртқы істер және инфрақұрылымдық даму бойынша министрлік өкілдері Қытай зауыттарының Қазақстанда бой көтеруіне қатысты пікір білдірді. «Қытай мен Қазақстан арасында әріптестік бойынша комиссия бар және сол бойынша индустрияландыру бағдарламасы жасақталып, инвестиция тартылды», - деген Көшербаев мұндай бағдарлама тек Қытаймен ғана емес, АҚШ және Германиямен де жасалғанын хабарлады. Вице-министр сондай-ақ, Қытайдың Қазақстанға 55 зауыт салатыны туралы әңгіменің еш уақытта болмағанын алға тартты. «Мұндай хабарды блогерлер whatsapp арқылы таратып жүр, алайда мұндай бағдарлама атымен жоқ. Ескі зауыттарды ешкім көшіріп алып келмейді. Арнайы бірлескен комиссия бар, мұнда бар жобалар іріктеу мен сараптамадан өтеді. Әрі көбіне мұндай жобаларды жеке кәсіпкерлер жүзеге асырады. Сондықтан ешкім мұнда ескі зауыттарды көшіріп алып келмейді. Тіпті олар қалаған күннің өзінде біздің комиссия оған мүмкіндік бермейді», - деді Көшербаев.