Қазақ қоғамының жаңа даму белесі

Газет мақаласы "Айқын" газеті №137

Қазақстанның жетістікке жетуінің кепілі – ауызбіршілік пен қоғамдық келісім және сол арқылы қамтамасыз етілетін ұлттық сенім мен ішкі саяси тұрақтылық. Айта-айта, әбден құлақ сіңісті, бой үйреністі болып, мәні кете бастағанымен, шынында әлемдік алпауыттар билік еткен қазіргі заманда аз ғана халқы бар Қазақстанның күш-қуаты – ырысты ынтымағында. Сол арқылы еліміз бұдан да биік белестерді бағындыра бермек.

Қазақ қоғамының жаңа даму белесі

Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Президент жанын­дағы Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңесінің тұңғыш оты­рысы өтті. Жиынға қатысқан Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде елімізді да­мытуға және жаңғыртуға ба­ғыт­талған баста­малар мен ұсыныстарды пы­сықтау ісін­дегі Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің рөлін атап өтті.

– Ұлттық кеңестің әрбір мүшесінің төл пікірі мен өзін­­дік ұстанымы бар. Бұл да­мы­ған азаматтық қоғам үшін қалыпты жағдай. Ұлық­тау рәсімінде айтқан: «Әр алуан пікір – біртұтас ұлт. Шын мәнінде, баламасыз, бастама­сыз және белсенділіксіз да­му болмайды. Осы үш кит ілгерілеуді қамтамасыз етеді» деген сөзімді бәріміз негізге алуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Ол Қазақстанның сая­си ре­фор­малары асыға-ап­тығусыз, ретсіз алға оза ша­бусыз, әбден ақылға салы­нып және біртін­деп жүзе­ге асырылатынын, олар өр­кендеуге және жемісті жұ­мысқа бағытталатынын қадап айтты.

– Кейде базбір ұрандар мен үн­­деу­лер өте тартымды көрі­не­ді. Де­ген­мен олардың автор­ла­ры ел ал­дын­да еш­қандай жауапкершілік ар­қа­ла­­майды. Реформа үшін реформа – дағ­дарысқа бастай­тын жол әрі мемлекетті бас­қару­дан айы­рылу­ға әкеліп соғады. Еш­қай­сы­мыздың мұ­­ны қаламай­ты­ны­мызға сенім­дімін. Даму жүйе­лі әрі үде­ме­лі болуға тиіс. Тек сонда ғана біз мемлекет­ті­лігімізді сақ­тауға және нығай­ту­ға ба­ғыт­талған азаматтық әрі саяси пары­зымызды орын­даймыз, – деді Қазақстан Пре­зиденті.

Қ.Тоқаев мемлекетіміз үшін маңыз­ды әрі тұғырлы мәселе­лер жө­ніндегі бірыңғай түсі­нік­тің ма­ңызды екеніне екпін түсірді.

Сондай-ақ ол Қытайдан Қазақ­станға өндірістердің көшірі­летініне қатысты қауе­сеттерді жоққа шығарды. Сонымен қатар жердің шетел­­дік азаматтарға сатыл­майты­нын тағы да мәлімдеді.

– Соңғы уақытта жер ше­тел­­діктерге сатылады не­месе көрші елдің 55 ескі зауы­ты біз­ге көшіріліп, мың­да­ған шетел­дік жұмысшы тар­тылады екен деген сияқты түр­лі қауесет әңгімелер тарап жүр. Халқы­мыз мұндай даң­­ғаза әңгімелер­ге ермеуі қажет. Осындай алып-қаш­па әңгімелерді көз­де­ген мақсат­та­рына жету үшін жұрт­тың патриоттық сезім­дерін қарау мүдделеріне епті пай­да­лана білетін адамдар шы­ға­рады. Биліктің міндеті – қоғам­мен диалог жүргізу арқылы мем­лекеттік саясаттың мақ­са­тын түсіндіру. Сауатты пікірлер мен ұсыныстарға құлақ асып, назарға алу. Мен тағы да қай­талап айтамын: жерді ешкімге де бермейміз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол Қазақстанның халық­ара­лық ынтымақтастық, үздік стан­дарттар мен озық техно­ло­гия үшін ашық екенін жеткізе келе, барлық даулы мәселелер ымыра-консенсус арқылы ше­шілетінін ескертті.

– Қазақстанның қазіргі идео­логиясында «халық жа­уы», «бесінші колонна», «ық­пал ету агенттері» сияқты ұғым­­дар жоқ. Бұл – біз үшін жат нәр­се. Біз өз азаматтарымыздың адалдығы мен отаншылдығына нық сенеміз. Ұлттық тұтастық­тың тағы бір тірегі – дамудың де­мократиялық үлгісіне беріл­гендік. Біз, ең алдымен, мем­ле­кеттілігімізді нығайту мисс­ия­сын басшылыққа алып, өзімізге ұтым­ды ұстанымда қалуға тиіс­піз, – деді Мемлекет басшы­сы.

Оның байламынша, мем­лекет өмірінің барлық саласын жаңғырту ісі дамудың стра­те­гиялық мақсаттары және аза­мат­тық қоғамның пікіріне тал­дау жасау негізінде жүзеге асы­рылады.

– Азаматтық қоғам өкіл­де­рін ұлттық компаниялардың, әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­по­рациялардың бақылау кеңес­тері­не, орталық мемлекеттік органдардың алқаларына қосу жөніндегі ұсынысты қолдай­мын. Бұл ашық болуға, соның ішінде, қоғамдық назардан тыс қалып келген квазимемлекеттік сектордың жариялылығына жол ашады. Ұлттық кеңестің мү­шелері «Ашық әкімдік» тә­жірибесін жаппай таратуды ұсы­нып отыр. Шындығында, бас­қару мәдениетінің жаңа стан­дартына көшуіміз керек. Осы орайда «Ашық әкімдік» жергілікті биліктің қоғам үшін қолжетімді болуына мүмкіндік береді, халық пен мемлекеттік қызметшілер арасындағы ке­дергіні жояды,– деді Қ.Тоқаев.

Ел Президенті саяси жүйені жаңғыртуды, сондай-ақ кіріс­тер­дің әділ бөлінуін қамтама­сыз етуге тиіс әлеуметтік сая­сат­ты қайта жандандыру ісін жал­ғастыру қажет екенін нұс­қады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің жұмыс топтары аясында Қазақстан халқына Жолдауында айтыл­ған бастамаларды егжей-тег­жейлі пысықтауды ұсынды.

Жиында сөз алған «Қа­зақ­стан­ның Азаматтық альян­сы­ның» президенті Асылбек Қо­жахметовтің пікірінше, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің іске кірісуі – Қазақстанның жаңа даму белесі.

– Бүгінде Мемлекет басшы­сы­ның қордаланып қалған мә­селелерді қоғам алдына шы­ға­рып, бірлесе шешуге ша­қыруы еліміздің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді. Бұл – шын мәнінде маңызды әрі ба­тыл қадам. Ел Президенті 2 қыр­күйекте жариялаған Жол­дауында еліміздің қоғамдық-сая­си өмірін жаңғыртпай, та­бысты экономикалық рефор­ма­ны іске асыру мүмкін еместігін айт­ты. Қашанда азаматтық қо­ғам – халықтың ең белсенді бөлігі. Ал партиялар – қоғам­ның ұйымдасқан бөлігі. Аза­маттық қоғам партияларға қа­­ра­ғанда, билікке ұмтылм­ай­ды. Бірақ ол билік пирами­да­сына бақылау жасай алатын болса, онда халықтың белсен­ді­лігі, өзін-өзі басқаруға деген ұмтылысы артады, – деді А.Қо­жахметов.

Ол меморгандар, әкімдіктер жа­нындағы қоғамдық кеңестер аза­маттық қоғамды дамытуға жәрдемдесуі керек екеніне қа­тысты ұсыныс білдірді.


Қазіргі уақытта министр­ліктер мен облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктер жа­нында 229 қоғамдық кеңес жұ­мыс істейді. Оның мүшеле­рі­нің 75 пайызы – азаматтық қо­ғам өкілдері.

«Өкініштісі, министрліктер мен әкімдіктер жанындағы қо­ғамдық кеңестер құрамы мен қызметінің мазмұны оларға жүк­телген міндетке сай келе бер­мейді. Олар өз әлеуетін то­лық көлемде іске асыра алмай жатыр. Ұлттық кеңес осы қо­ғам­дық кеңестерді шоғыр­лан­дырушы әрі ынталандырушы құрылымға айналуға тиіс деп ойлаймын. Сондықтан жергі­лікті және аймақтық қоғамдық кеңестерден сол өңірдегі әлеу­мет­тік хал-ахуалды біліп отыру үшін ұлттық кеңеске қо­­ғамдық сараптамалар қа­жет», – деді Азаматтық альянс басшысы.

Ұлттық кеңестің (ҰҚ) Әлеу­мет­тік-мәдени жаңғыру бағы­ты бойынша жұмыс тобының өкілі, қоғам қайраткері, «Қазақ үні» президенті Қазыбек Иса мемлекеттік тіл мәселесін кө­тер­ді.

– Ұлттық мүддені қорғауы тиіс Ұлттық кеңес ұлттың үні бо­лып, ұлттық сенім кредитіне ие болады деген үміттеміз. Біздің тобымыздың 14 мүшесі бар. Олар – қазақ тілінің жана­шыр­лары, ұлт зиялылары, қа­лам­герлер. Қазақ елінде ұлттық идеологияның кемдігі көзге ұрып тұр. Демек, ұлттық рухты көтеру – бүгінгінің ең маңызды талабы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев таяуда Жол­да­уын жариялады. Оған сенім артқан елдің үміті ақталуда. Шешіл­мей келе жатқан мәселе­лер­дің шешімі айтылып, шеге­лей бекіткен Жолдау қалың бұқара­ның қолдауын иелену­де. Жол­дау іс жүзіне асуы үшін не істеу керек? Қолдап қана қоймай, өз үлесімізді қосуымыз керек, – де­ді ол.

Қ.Иса Мемлекет басшысы өз Жолдауында мемлекеттік тіл­дің мәртебесі туралы келелі, өре­лі сөз айтқанына назар ау­дартты.

«Қазақ тілінің ұлтаралық қа­тынас тіліне айналатын уақыты келетінін, бұл үшін бар­лығымыз жұмыла еңбек етуіміз қажеттігін нықтады. Мем­лекет басшысының мем­лекеттік тілге баса мән беруі елдің ерекше ықыласын тудыр­ды, оған ұлт зиялылары өз пікірін қосуда. Өйткені ұлттық мүддені қолдау мемлекеттік тілден басталады. Енді барлық жер­де мемлекеттік тілді мін­дет­тейтін «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдауымыз қа­жет. Мемлекеттік тіл өз мәр­тебесін өзгемен бөліспей, жеке-дара иеленуі үшін Ата заңның 7-ші бабының 2-ші тармағын алып тастайтын уақыт жетті! Бұл халық талабын Қазақстан халқы ассамблеясы алдымен қолдауы тиіс, қоғамдық-саяси күш­тер, зиялы қауым түгел қай­рат көрсетуі шарт», – деді ол.

Атап айтқанда, Консти­ту­ция­ның осы бабының 1-ші тар­мағы «Қазақстан Рес­пуб­ли­касындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» дегенімен, келесі 2-тармағында «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілі­мен тең қолданылады» деп жа­зылған.

Ал саясаттанушы Саясат Нұр­бек білім беру және еңбек на­рығы мәселелерін өзекті деп есеп­тейді. Ұлттық кеңес мүше­лері де осы бағыттарда тиісті ұсыныстар енгізген.

– Бұл – біздің ескіден келе жат­қан, созылмалы сипат ал­ған институттық проблема. БҒМ мен еңбек министрлігі адами капиталды кешенді түр­де дамыту түйткілдерін шеше ал­май келеді. Біріншіден, бі­лім­­ге деген сұраныс ауқымды емес. Тиімсіз жұмыс орындары, тиімсіз әлеуметтік жұмыспен қамту сақталуда. Біздің топ осы мәселелермен кешенді ай­налыспақ. Екіншіден, білім беру жүйесі сол бұрынғыдай бі­лім экономикасына арналған кадрларды дайындай алмауда. Қазақстанда жоғары білім жаппай сипат алды. Қазір ғана жоғары білім жүйесіне жүйелі көзқараспен қарай бастадық. Алайда университеттер жұмыс берушілердің талабына құлақ аспауда. Бизнестің 91 пайызы түлектер қажетті білім мен дағ­дыға ие еместігін айтады, – де­ді ол.

«Транспаренси Казахстан» қам­қоршылар кеңесінің төра­ғасы Марат Шибұтов бізге бер­ген сұхбатында Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстарын Мем­лекет басшысы қолдап отыр­ғанын айтты.

– Бұл – өте маңызды. Біздің топ митингілер, жиналу бос­тан­дығы туралы, Парламент туралы, саяси партиялар тура­лы, сайлау туралы, ақпарат құралдары туралы бес заң жобасы мен екі тұжырымдама­ны пысықтауда. Мәселен, БАҚ ұғы­мын нақтылау, жала жабуға қа­тысты журналистерді қыл­мыс­тық қудалауды тоқтату се­кіл­ді мәселелер қаралады. Әр­бір заң жобасы бойынша же­ке топтар құрылады, жауапты меморгандар өкілдерімен, Парламент депутаттарымен бірге осы түзетулердің заңға ен­гізілуі бағытында жұмыс іс­тейміз. Шерулер туралы жаңа заң қабылдануға тиіс, себебі, бұрынғысы түзетуге жарамай­ды, жаңасы керек. Яғни, Ұлттық кеңес аясында қоғамға үміт пен сенім құяр қадамдар жа­салу­да. Қазан-қараша айла­рын­­да нақты нәтижелерге же­тіп қаламыз деген ойдамын. Ендеше жыл соңына қарай өте­ді деп күтіліп отырған Ұлт­тық кеңестің келесі отыры­сын­да не істелгені жөнінде нақты айта алатын боламыз, – деді М.Шибұтов.

Ол тұтастай алғанда, Пар­ла­менттің билігі күшейтіле­тінін, заңнама либерализация­ла­на­тынын, саяси жүйе ары қа­рай демократияланатынын жет­кізді. «Мұны Мемлекет бас­шысының өзі қолдап отыр!» – деп түйді ол.

ҰҚ Саяси жаңғыру бағыты бойынша жұмыс тобының өкі­лі, саясаттанушы Айдос Сарым заң­герлер, саясаткерлер, сая­сат­­танушылар секілді барлығы 15 адам кірген бұл топ біраздан бері қызу жұмыс істеп жатқа­нын жеткізді. Олар Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында қо­ғам­дық белсенділермен кездес­кен екен. Баспасөзде, әлеумет­тік желілерде, жұртшылық арасында айтылған көкейтесті мәселелерді жинап, құжат түрінде түптеп, ұсыныстарын кеңес хатшылығына табыстап та үлгеріпті.

– Шынын айту керек, елі­міздегі саяси реформа деген та­қырып айтуға оңай болғаны­мен, іс жүзіндегі әрекетке кел­ген­де аса күрделі екені айқын. Қа­зақтың қызыл тіліне салсақ, екі күнде саяси реформа жүр­гі­зіп, үш аптада саяси жұмақ ор­натуға болатын сияқты. Бі­рақ ақиқатына келсек, жұмыс тобы ішінде де қызу талқы жүр­ді. Кейбір мәселелерді тек дауыс беру жолымен шешуге т­ура келді. Яғни, ортақ мәміле, кон­сенсустық ұсыныстар тү­зілді, – деді ол.

А.Сарым Ұлттық кеңестен үміт күтетіндер де, күдік қыла­тындар да қоғамда жетерлік екенін баса айтты.

– Үміт пен күдіктің арасын жал­ғау, көпшіліктің көңілінен шығу, «алаң да, алаң, алаң жұрт­тың» ойлағанын дөп басу, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай», қиыннан қиыс­тырып, ұлттық және мемлекет­тің даңғыл жолын іздеп, алтын ортасын табу – ел мұраты мен болашағын ойлаған, түсіне біл­ген әрбір азаматтың борышы деп санаймыз. Әйтпесе, әлемде саяси реформа, саяси жаңғыру деген тіркестер сан мәрте со­рақы, ұсқынсыз, ба­ғытқа бұрылып, бұрмаланға­нын да көрдік. «Осының бәрі де бос сөз» деп түкіргендер қа­тары жыл санап көбейіп келеді. «Шынайы реформа осындай болуы керек, осылай болмаса, бәрі де қараң» деп қатқан қағи­да дәрежесіне жеткізгендер де жоқ емес. Қоғам қалай әркелкі болса, билік іші де солай бір­келкі еместігін де жақсы түсі­неміз. Халықтың дүйім көп­ші­лігі өзгеріс болса екен деп отыр. Дұрыс түсінсек, біздің жұмыс осы қарама-қайшы көзқарастар текетіреске түспейтін, елді шай­қалтпайтын, мемлекетті мұ­қалтпайтын жолын табу, со­ны қоғамға ұсыну, – деді Айдос Сарым.

Топтың ғана емес, сондай-ақ Ұлттық кеңестің ар-абы­ройы мә­селесі – негізгі, көкей­кес­ті де­ген мәселелерді нақты анықтау, пысықтау, олардың шешу жолдарын іздеу, ұрыса-та­быса отырып, түйткілдің түйі­нін тарқатудың сара жо­лын табу болмақ.

Ұлттық кеңестің бірінші оты­рысына қатысты пікір біл­дірген сарапшылар біріншіден, оның барысында қоғамды алаң­датқан, күн тәртібінде тұр­ған өзекті мәселелер тал­қыға салынғанын атап өтеді. Ұлттық кеңес жұмысын ашық жүргізуге бағдарланған билік оның мүшелерінің көтеретін мәселелерін шектеген жоқ. Нә­тижесінде, халықты мазалаған түйткілдердің кең ауқымы ай­қындалды. Осыдан-ақ биліктің аталған кеңесті көзбояу үшін құра салмағаны, ондағы тал­қылаулар бағытын өзіне қажет­ті әрі қолайлы арнаға түсіруге тырыспайтыны, өзіне керекті басымдықтарды таңбайтыны байқалды.

Екіншіден, сарапшылардың пайымдауынша, кеңес алғаш рет жиналғанына қарамастан, отырыстың ұйымдастырылуы жоғары деңгейде болды. Еш­қандай техникалық ақаулар отырыс сәнін бұзбады. Соны­мен бірге Ұлттық кеңес мүше­ле­рінің толық қатысуы қамта­ма­сыз етілді.

Оның үстіне алғашқы оты­рыс қарсаңында, Нұр-Сұлтан қаласында Президент Әкім­шілігінің басшысы, Ұлттық кеңес төрағасының орынба­сары Қырымбек Көшербаев же­текшілігімен Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің бірінші оты­рысына дайындық жөнін­дегі ұйымдастыру кездесуінің өтуі арқасында алдын ала бір­лескен жұмыстың реті мен ал­горитмі белгіленді, тиісті жұ­мыс топтары құрылды, шешім­дерді әзірлеу үдерісі жолға қойыл­­ды. Осылайша, Ұлттық кеңес мүшелері алғашқы маңыз­­ды жиында ұйымдас­тырушылық және дайындық шараларына уақыт шығында­май, тікелей көкейкесті проб­лемаларды талқылауға кірісуге мүмкіндік алды.

Үшіншіден, ҰК-де халық аты­нан өкілдік етушілер қа­тары назар аудартады. Олар­дың арасында биік лауазымы болмаса да, абыройы жоғары, беделі биік, сөзі өтімді, ойы ұтымды тұлғалар – сарап­шы­лар, саясаттанушылар, қоғам қайраткерлері, қатардағы белсенді азаматтар бар. Орта­лық және жергілікті мемлекет­тік органдардың қоғамдық кеңесі өкілдерінің қатысуы ар­қылы Ұлттық кеңестің өкі­леттілігі кеңейтілді. Сөйтіп, бір жағынан, кәсібилігі мен бі­лік­тілігі анағұрлым күшей­тілді. Екінші жағынан, ҰК-да өңір­лер де маңызды рөл атқар­мақ.

Бұдан бөлек, әу бастан-ақ Ұлт­тық кеңеске сындарлылық, конструктивтілік тән екені аңғарылды. Пікірлері, ұста­ным­дары мен көзқарастары әралуан болғанымен, оның мүшелері бір-бірінің сөзін бөле-жармай, мұқият тыңдады, өзара сыйластық білдірді. Ұлт­тық кеңестің әр тобы өз ара­ларынан екі өкілін бөліп, оты­рыста ортақ ұстанымдарын жа­рия етуді соларға жүктеді.

Талқылау мәнді, мазмұнды, басыартық айғайсыз, попу­лизмсіз өтті. Билік те, қоғам да өз ұстанымдарын айқындады. Бұл ретте диалогтың барлық тарапы конструктивті жұмыс­қа бағдарланғанын паш етті. Бірінші отырыстың өте маңыз­ды қорытындысы да – осы! Се­бебі, Ұлттық кеңес бір-бірі­мен қабыспайтын, тіпті бір-біріне қарама-қайшы келетін идео­ло­гиялық ұстанымдар­дағы әр­түрлі әлеуметтік, кәсіби топтар өкілдерінен құралған.