"Москваға" - дизлайк, Түркияға - лайк

Өткен аптада Түркияның Youtube желісінде «Susamam» (Үнсіз қала алмаймын) атты ән тез арада таралып, 16 миллион қаралым мен миллионнан аса like жинап үлгерді.

"Москваға" - дизлайк, Түркияға - лайк
"Москва" әніне түсірілген бейнеклиптен алынған кадр

Бірнеше рэпер 14 минут бойы Түркияда осы уақытқа дейін қордаланған мәселелерді талқыға салады. Бейнеклипте қоршаған ортаның ластануы, сот жүйесі, журналистерді абақтыға тоғыту, әйелдерді өлтіру, жануарлардың хақысы, фанатизм, есірткі, кедейшілік сынды жайттар назарға алынған.

Ал осыдан бірнеше күн бұрын ресейлік танымал рэпер Тимати өзінің «Мәскеу» деген бейнебаянын қалың жұртшылықтың назарына ұсынды. Бейнебаян көрермен тарапынан «тапсырыспен түсірілген» деген сынға ілігіп, миллион дизлайк жинады. Осы себепті танымал рэпер бейнеклипті Youtube желісінен өшіріп тынды. Ән мәтінінде "Пешком с Арбата и до площади Гагарина - там хлопну бургер за здоровье Собянина", "Город, что не проводит гей-парады" атты жолдар бар. Әсіресе «Не хожу на митинги и не втираю дичь" атты жол желіде қызу талқыға түсіп, резонанс тудырды.