Отандық ұн өндірушілер Өзбекстанға көше бастады

Қазақстанның бірқатар ұн өндіруші компаниялары қызметін Өзбекстанға көшіріп жатыр. Олар бұл қадамға көрші елде бизнес үшін қолайлы жағдай жасалғандықтан бардық дейді. Бұл туралы  Forbes Казахстанда жарияланған материалда айтылады.  

Отандық ұн өндірушілер Өзбекстанға көше бастады
дереккөзден
Forbes Казахстан журналына сұхбат берген қарағандылық Mutlu компаниясының директоры  Дос-Мұқасан Тәукебаевтың айтуынша, Қазақстанда ұн өндірушілерді қолдайтын тиімді бағдарлама жоқ. Ұн өндіруші кәсіпкерлер   вагонмен үздіксіз қамтамасыз ету, электр энергиясының бағасын төмендету туралы өтініштерінің ескерусіз қалғандығынан, бизнесін көрші елге көшіруге мәжбүр болғанын айтады.   
«Өзбекстан президенті ұн өндіруші компанияларды 5 жылға салықтан босатқан. Егер бізде несиенің пайыздық мөлшерлемесі 14 пайыз болса, Өзбекстанда 15 жылға 4 пайыздық несие алуға болады. Қазақстанда электр энергиясының бағасы – 20 теңге, ал көрші елде –10 теңге. Оның үстіне, Өзбекстанда жұмыс күшіғ бізбен салыстырғандағ екі есе арзан», – дейді кәсіпкер
Forbes Kazakhstan журналының жазуынша, Қазақстан 2007-2010  жылдары ұн экспорты бойынша әлемде бірінші орында тұрған. Кейін  түрлі себептермен көшбасшылықты Түркияға беріп қойды. Енді осы қарқынмен жүре берсек, екінші орынды Өзбекстан тартып алуы мүмкін және ол биыл болса, таңғалмайды екенбіз.