Шнобель сыйлығы кімге, не үшін берілді?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №141

Бірер күн бұрын ғана АҚШ-та Шнобель сый­лы­ғы ресми түрде табыс етіл­ді. XXIX ма­рапаттау сал­та­натына әлем­нің түк­пір-түкпірінен 10 лау­реат шақыртылған. Олар –­ ерек­ше әрі қы­зық­­ты өнертабыс ой­лап тап­­қан­дар. Яғни, Шно­­бель – әлем­ге әйгілі Нобель сый­лығына қарама-қарсы шы­ғарылған сыйдың түрі. Сый­лық туралы егжей-тегжейлі сәл кейінірек тар­қа­тайық, әзірге кеше ғана өткен салтанатта кім­дер­­дің бағы жанғанына тоқ­талу маңыз­дырақ.

Шнобель сыйлығы кімге, не үшін берілді?

Бұл сыйлықты кімнің, не үшін алғанын естісең езуге еріксіз күлкі үйіріледі. Мәселен, үш бірдей адам – жануарларды арнайы дыбыс көмегімен қолға үйрету технологиясын ойлап тапқаны үшін лауреат деп танылған. Ал ни­­дерланды және түрік ғалымдары әлемдегі ең лас ақшаны анықтаға­ны үшін сыйлық алыпты. Олардың байыптауынша, есірткіге қарсы күресе алатын бактериялар Румы­ния банкноттарында ұзақ уақыт сақталады екен. Сәбилердің жая­лығын ауыстыруға қабілетті ма­шина ойлап тапқан ирандық өнертапқыш та салтанатты кеш­ке шақыртылған. Италиялық Сильвано Галлус болса, медицина саласы бойынша қара үзіп шыққан. Оның тапқан жаңалығы – пицца жеу адам ағзасындағы біраз ауру­мен күресуге мүмкіндік береді екен. Алайда мұның қызық жағы да жоқ емес. Ол пицца міндетті түрде Италияда дайындалған болуы керек. Химия саласы бойынша жапондық ғалымдарға ешкім тең келмеген. Олар бес жасар бала­дан күн сайын орта есеппен жар­ты литр сілекей бөлінетінін есептеп шыққан. Әділқазылар ал­қа­сы биология саласы бойынша Сингапур, Қытай, Австралия, Польша, АҚШ, Болгария елінің ғалымдарының еңбегін жоғары бағалаған. Олар магниттенген өлі тарақандар тірілерге қарағанда маг­ниттік күшін ұзағырақ сақтай­тынын дәлелдепті. Міне, осылай тізбектеліп кете береді...

Қалжыңға құрылған бұл сый­лықты ғылыми-юморлық AIR журналы 1991 жылдан бері та­быс­­тап келе жатыр. Жарғыда жа­­­зыл­­ғандай лауреат атанған өнер­­та­­быстар адамды алдымен күл­­­ді­ріп, сосын ойлантуы тиіс. Атал­­ған журналдың редакторы Марк Абраха­мстың айтуынша, сый­­лық тағайындаудың түпкі мәні – ғылымды тіпті де қылжақтау емес. Әлем үшін, ғылым үшін маңыз­ды, пайдалы жаңалықтар әр­кез салмақты мазмұнда болуы шарт емес. «Күлкілі, қызықты жаңалықтардың өзі адамзатқа пайда әкеледі» дейді ол. Әзірге Шнобель мен Нобельді қатар алған әлемде бір ғана адам бар, ол – Андрей Гейм. Ол 2000 жылы ұша­тын бақаларға арналған магниттерді пайдалану жаңалығы бойынша Шнобель сыйлығын алса, арада тура 10 жыл өткенде физика саласында Нобель сый­лығын иемденді.

Бұл сыйлық жыл сайын 13 қыр­күйекте табысталады. Ал лау­реат­тарды шынайы Нобель сый­лығының иегерлері мара­пат­тай­ды. Бір қызығы – олар бұл сал­­танат­ты кешке әртүрлі күл­кі­лі об­раз­да киініп келіп, шағын театрландырылған қойылымға қатысуға міндетті. Шнобель сый­лығының лауреаттары лауреат атанғаны үшін бір тиын сыйақы алмайды. Мәселен, бір жылдары Нью-Мехико қаласындағы ғалым­дардың бірі стриптиз билейтін қыздардың бидің әр кезеңінде жиналған адамдардан қанша шай-пұл алатынын есептеп шық­қан. Осы жаңалығы үшін ерек­ше сыйлыққа лайық деп та­был­ған. Ал британиялық ғалым Крис Макманус болса ежелгі ескерткіштерде құлақтың қанша­лықты дәлме-дәл симметриялы түрде салынғанын зерттеген. Осы­ны анықтау үшін ол Ренессанс дәуіріндегі 107 италиялық ескерт­кішті адақтап шығыпты.

Тоқетерін айтар болсақ, Шнобель – Нобельге жасалған пародия. Ұйымдастырушылар бұл арқылы Нобель сыйлығы мен оның лауреаттарын әжуалағысы келмейтін сыңайлы. Әр сәт сайын олар тек ғылым әлеміндегі ерекше жаңалықтарды елге таныту керек деген ұстанымдарын қайталап отырады.