Үздіктер кім?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №141

Оксфорд – әлемнің үздік университеті. Мұны Times Higher Education рейтингі мойындап отыр. Ұйым зерттеуді 13 индикатор бойынша жүргізеді. Рейтингте 200 университеттің көрсеткіші берілген. Ресейдегі таңдаулы Ломоносов атындағы университет 189-орында тұр.

Үздіктер кім?

Британдық Times Higher Education басылымы жыл сайын үздік университеттердің рейтингін түзеді. Нәтиже 2004 жылдан бастап жарияланып келеді. Мықтыларды анықтауға Thomson Reuters ақпараттық тобы көмектеседі. Биыл үздік үштікке Оксфорд, Калифорния технологиялық университеті мен Кембридж енді.

Үздік университеттер рей­тингі олардың бағыты, оқу жүйесі мен зерттеу жүр­гі­зу­дегі белсенділігі бойынша құ­рылады. Рейтингті тиімділіктің 13 индикаторымен бағалайды. Әрқайсысын бес бағыт бойын­ша топтастырады. Алғашқысы – оқыту. Студенттерді оқыту жүйесі, тәртібі, қолайлы жағ­дай туғызу факторы есепке алынады. Кейінгісі – зерттеу. Студенттер мен профессорлар жүргізген зерттеудің көлеміне, табысы мен беделіне қарайды. Зерттеуде дәйексөз келтірудің өзін бір бағыт етіп алған. Яғ­ни, дәйексөз арқылы зерт­теудің қаншалықты ғылыми екені, қандай кітапты негіз­ге алғаны белгілі болады. Бай­ланыс орнату да маңыз­ды. Қызметкерлер мен сту­дент­тердің зерттеуді халық­ара­лық деңгейде іске асыруы қадағаланады. Шетелмен байланыс жоғары бағаланады. Өндірістік қызметтен түскен табыс та рейтингке әсер етеді.

Стэнфорд университеті – 4-орында, Массачусетс – 5-орында, Принстон уни­вер­­­си­теті – 6-орында тұр. Гар­вардтың биылғы жетістігі – 7-орын. Одан кейінгі орында Йелл, Чикаго мен Лондонның им­периялық колледжі бар.

Әлемдік университеттердің рейтингін қарап отырып мем­лекеттің білім беру жүйесіне баға беруге болады. Қазір АҚШ пен Ұлыбритания білім державасына айналды. Тізімдегі алғашқы ондықтың жетеуі АҚШ-та, қалғаны Ұлыбританияда орналасқан. Осыдан-ақ дамуға бағыт алған елдің білім жүйесі талапқа сай екенін байқайсың.

383 жылдық тарихы бар Гарвард 2010 жылға дейін Times Higher Education рейтингінде көш бастап келді. Университет алғаш рет 2011 жылы 2-орынға түсті. 2012-2013 жылдары рейтингте 4-орын алды. 2017 жылы 6-орында болса, 2019 жылы бір орын төмендеді. Бағалау критерийіне назар аударсақ, университеттің зерт­теу ісі мен қоғамдық маңызы әлсіреген тәрізді. Дегенмен үздік ондыққа кірудің өзі оқу орнының бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді.

Рейтингке бюджет пен сыртқы капитал да әсер етеді. Мысалы, Калифорния техникалық университетінің қорында 2,93 млрд доллар бар. АҚШ-тағы Гарвард пен Техастың бюджетін қосқанда 62 млрд доллардан асады.

Шетелдік университеттерде бюджетке қосымша түлектер ақша аударады. Түрлі қор мен қоғамдық ұйымдар қар­жыландырады. Қаржыны оқу орны түрлі бағытта жұмсайды. Мәселен, британиялық мил­лиардер Дэвид Хардинг Кембриджге 100 млн фунт аударды. Нью-Йорк мэрі, миллиардер Майкл Блумберг Джон Хопкинс атындағы университетке 1,8 млрд дол­лар қаржы бөлді. Forbes рейтингінде 14-орында тұр­ған кәсіпкер қаржының оқуға жағдайы келмейтін сту­денттерге көмек болғанын қалайды. Жастардың мүм­кін­дікті сәтті пайдаланып, ел дамуына үлес қосарына сенеді. Блумберг аударған сома – рекордтық көрсеткіш. Салыстыру үшін Билл Гейтс пен жұбайы Мелинданың құрған қорын алуға болады. 1999 жылы Gates Millenium Scholars Program гранттары бағдарламасы ашылды. Бағ­дарлама 20 жыл бойы үздіксіз 1 млрд доллар бөліп келді.

Елімізде білім жүйесін мемлекет қаржыландырады. 2018 жылы білімге бюджеттен 1,95 трлн теңге бөлінді. Мы­салы, медицина саласында бір студентті оқыту үшін 609 мың теңге жұмсалады екен. Басқа мамандыққа орташа есеппен 395 мың теңге кетеді.

Forbes дерегі бойынша, мемлекеттік бюджеттен Назарбаев университетіне 10,55 млрд теңге бөлінген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бюджеті – 4,25 млрд теңге. Қордан 2,5 млрд теңге Еуразия ұлттық университетіне берілген.

Елімізде түлектер универ­ситеттен гөрі, мектепке жиі демеуші болады. Ауылдық мектептер түлектерін асыға кү­тетін тәрізді. Солардың арқа­сында мектеп түгілі, ауыл айналасы гүлденіп қалады. Қашанғы бюджетке алақан жаямыз?


Дайындаған Айзат АЙДАРҚЫЗЫ