Шамалғандағы жол апаты туралы куәгерлер айтып берді

Алматы облысында пойызбен соқтығысқан автобустағы жолаушылар оқиғаның мән-жайын айтып берді.

Шамалғандағы жол апаты туралы куәгерлер айтып берді
фото - Tengrinews.kz

Tengrinews.kz таратқан ақпарға сәйкес жолаушылар автобус теміржол өткелінде бұғатталып тұрып қалғандықтан, жүргізуші байбалам салып, алдыңғы есікті аша алмағанын айтады. Бірақ артқы есікті ашып, адамдарды шығарып үлгерген. Өзі шығуға үлгермей қалған. «Бір баланы шығарып үлгердім. Автобустан әрірек кеткенімде пойыздың соқтығысқанын көрдім. Жүргізуші қаза тапты», - дейді куәгерлердің бірі.

Жергілікті тұрғындар жүргізушінің әйелі кондуктор болғанын және олардың бірге жұмыс жасағандарын айтады. Қаза тапқан ер адамның артында төрт баласы қалды.

Еске салсақ, 15 қыркүйек Ақсеңгір-Шамалған теміржол өткелінде сағат 19.20-да жол апаты болды. Автобус жүргізушісі пойыздың дабылына қарамастан, жолға шығып кеткен. Салдарынан пойыз автобусты қағып кетті. Жол апатынан автобус жүргізушісі қаза тауып, екі қыз бен бір әйел ауыр жарақат алып, емханаға жеткізілді. Төтенше жағдайға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.