Заңсыз шерулерге қатысқан 100 адам ұсталды

Үкіметте Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 21 қыркүйекте заңсыз шерулерге шығып, ұсталған азаматтардың санына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы zakon.kz хабарлайды.

Заңсыз шерулерге қатысқан 100 адам ұсталды
Фото - zakon.kz

«21 қыркүйекке дейін Бас прокуратура республиканың бар қаласында шеру өткізу мақсатында белгіленген 21 орында  заңсыз шерулерді өткізуге болмайтындығы туралы ескерту жариялаған еді. Біз де мұның бәрі заңсыз әрекеттер екенін хабарладық, сондай-ақ 21 күні шерулер өтеді деген бар жерге полиция жасақтары барып, алдын-алу шаралары жүргізілді», - деді Тұрғымбаев.

Жалпы республика бойына 7-8 қалада азаматтар тұтқындалған. Нақты қандай қалалар екенін министр атамады.

«Бұл күні ішкі істер органдарына шамамен 100 адам жеткізілді. Олардың 15-і әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 9-ы – әкімшілік қамауға алынды, алтауына әкімшілік айыппұл салынды. Қалған азаматтармен профилактикалық жұмыс жүргізіліп, үйлеріне қайтарылды», - деді Ішкі істер министрі.

Бұған дейін елордасы Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында 57 адамның ұсталғаны хабарланған еді. Нұр-Сұлтан қалалық полиция Департаментінің басшысы Ержан Сәденов елордада шамамен 50 адамның тұтқындалғанын айтады.