Австрия тұрғындары қазақстандық отбасыны депортациялауға қарсылық танытты

Австрияның Нидервальдкирхен қаласының тұрғындары қазақ отбасын қолдап шеруге шықты. Оларды депортациялауы мүмкін. Қала тұрғындары бұған қарсылық танытты.

Австрия тұрғындары қазақстандық отбасыны депортациялауға қарсылық танытты
Фото : tips.at

Мeinbezirk.at басылымының ақпарына сәйкес Қазақстаннан көшіп келген отбасының екі баласы бар, олар қалада 2015 жылдан бері тұрады. Қалалықтар олардың неміс тілін меңгеріп алғандарын және ортаға тез сіңісіп кеткендерін айтады. Алайда тамыздың соңында Австрия билігі қазақстандықтарға саяси баспана беруден бас тартқан. Оның себебі хабарланбады.

Нидервальдкирхендік Марианна Хорецедер қазақстандықтардың түрлі іс-шараларға, қоғамдық істерге белсене қатысатындарын, бірақ оларды не себепті депортацияламақ болғанын түсінбегендерін айтады.

Қазақстаннан көшіп барған жұп 2013 жылы екі және төрт жастағы балаларын әлдекімдердің ұрлап кетіп бопсалағандарын айтқан еді. Осы себепті олар елден кету туралы шешім қабылдады.