HRW халықаралық құқық қорғау ұйымы Тоқаевқа үндеу жариялады

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақсан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа шерулер туралы заң жобасын қайта қарап, шерушілерді тұтқындауды тоқтатуға шақырды.

HRW халықаралық құқық қорғау ұйымы Тоқаевқа үндеу жариялады
дереккөзден

24 қыркүйекте HRW ұйымының зерттеушісі Лора Миллс жариялаған мақалада 21 қыркүйекте Қазақстанда шеруге шыққан 100 адамның тұтқындалғанын жазып, «Құқық қорғау органдары бұған дейін Қазақстанның наразылыққа қатысты Заңына өзгертулер енгізу туралы ұсыныс айтқан еді, бірақ билік оған құлақ аспаған сыңайлы»,- дей келе «егер Қ.Тоқаев өткеннен қол үзгісі келсе,ол наразылыққа қатысты заңдарды қайта реформалап, бейбіт шеруге шыққандарды тұтқындауларын доғаруы керек», - деді.

Ал бұған дейін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев 21 қыркүйекте заңсыз шерулерге шығып, ұсталған азаматтардың санына қатысты пікір білдірген еді.

«21 қыркүйекке дейін Бас прокуратура республиканың бар қаласында 21 орынды белгілеген заңсыз шерулерді өткізуге болмайтындығы туралы ескерту жариялаған еді. Біз де мұның бәрі заңсыз әрекеттер екенін хабарладық, сондай-ақ 21 күні шерулер өтеді деген бар жерге полиция жасақтары барып, алдын-алу шаралары жүргізілді», - деді Тұрғымбаев.

«Бұл күні ішкі істер органдарына шамамен 100 адам жеткізілді. Олардың 15-і әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 9-ы – әкімшілік қамауға алынды, алтауына әкімшілік айыппұл салынды. Қалған азаматтармен профилактикалық жұмыс жүргізіліп, үйлеріне қайтарылды», - деді Ішкі істер министрі.