Қазақстанда азаматтарды шетелге заңсыз жіберетін компаниялар бар

Қазақстанда ел азаматтарын шетелге жұмысқа заңсыз жіберумен айналысатын бірқатар компания мен жеке тұлғалар жұмыс істейді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты.

Қазақстанда азаматтарды шетелге заңсыз жіберетін компаниялар бар
«Өздеріңіз білетіндей, 2019 жылдың 25 қыркүйегінде Норвегияның көші-қон биліктерімен жоспарлы тексеру барысында Норвегияға маусымдық жұмыс үшін келген Қазақстанның 59 азаматының миграциялық ережені бұзғаны анықталды. Олардың көпшілігі Норвегияға туристік визамен келген. Бүгінгі таңда 59 азаматтың 45-і Қазақстанға оралды. Ал қалған 14-і бүгін ұшады деп жоспарлануда»,– деді Айбек Смадияров тілшілерге арналған брифинг барысында. СІМ өкілінің айтуынша, Қазақстанның Норвегиядағы елшілігі мемлекет атынан осы жағдайға тап болған азаматтарға толық қолдау көрсеткен. «Дипломаттар біздің азаматтарымыздың жанында үнемі болып, олардың ықпал етуінің арқасында бұл мәселе норвегиялық билікпен жедел шешілді. Тексеру қорытындысы бойынша, норвегиялық тарап барлық ұсталғандарға авиабилет сатып алу және оларды Отанына жөнелту жөнінде шешім қабылдады. Ұсталған тұлғалар өздерінің істеріне байланысты мәселені жедел шешкені үшін Қазақстанның Норвегиядағы елшілігіне алғысын білдірді»,– деді ол. А.Смадияров атап өткендей, заңсыз еңбек көші-қоны өзекті мәселелердің бірі. «Біздің елімізде азаматтарды шетелге жұмысқа заңсыз жіберумен айналысатын бірқатар компания мен жеке тұлғалар жұмыс істейді. Осыған байланысты маусымдық жұмысқа рұқсат рәсімдеу жөніндегі норвегиялық ережелер өте қатаң екенін тағы да еске саламыз. Норвегияға Қазақстандағы басқа еуропалық мемлекеттердің елшіліктері арқылы рәсімделген Шенген визасымен ұшып келуге және осы елдің аумағында маусымдық жұмысшы ретінде құжаттарды тапсыруға жол берілмейді. Қазақстан азаматтары үшін тиісті рұқсаттар мен визаларды Норвегияның Мәскеудегі елшілігі ғана береді. Қажетті сауалнамалардың, нысандардың және құжаттарды берудің бекітілген талаптары осы дипмиссияның веб-сайтында көрсетілген. Бұл ретте, маусымдық келісімшарт Норвегияға алты айдан аспайтын уақыт жұмыс істеуге ғана мүмкіндік беретінін, ол аяқталғаннан кейін елден кетуді талап етілетінін ескертеміз»,– деді ол. ҚР СІМ ресми өкілі қазіргі уақытта интернетте өздерін шетелде жұмысқа орналастыру жөніндегі агенттер ретінде жарнамалайтын делдалдардың көп болуына байланысты барлық азаматтарды сақ болуға шақырды.