«100 жаңа есімді» анықтауға асығыңыз!

Газет мақаласы "Айқын" газеті №150

Елбасының бастама­­сымен жүзеге асқан «100 жа­ңа есім» жобасы жал­ға­­сады. «Қазақстанның 2019 жыл­ғы 100 жаңа есімі: жас қазақ­стан­дықтардың табыс та­ри­хы» жобасына өтінімдер қабылдау басталды.

«100 жаңа есімді»  анықтауға асығыңыз!

Елбасының «Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағды­рына өзі иелік ете алатын азамат­тар болуы үшін оларға үлгі ұсы­нуымыз керек» деген тапсыр­ма­сынан соң, екі жылдан бері елге үлгі боларлық азаматтардан құ­ралған 100 жаңа есім жобасы іске асып келеді.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасы Қа­зақ­станның барлық аймағын қам­­­ти­ды. Байқауда әр салада ерен ең­бе­гімен ерекшеленгендер бағын сынайды. Өтініш беру­ші­лер үшін 100janaesim.ruh.kz сай­тында то­лық мәлімет жарияланған.

Министр Дәурен Абаевтың ай­туынша, Жастар жылында өз са­ласында көшбасшы жастарға же­ңімпаз болуға мүмкіндік көп.

– Биыл – Жастар жылы. Со­ған орай, 100 жаңа есім жобасына қа­тысатын талантты жастар көп бо­лады деген сенімдеміз. Жоба же­ңімпаздарының еңбегі –кейін­гі жастарға үлгі. Биыл «100 жаңа есім» жобасының үшінші мау­сы­мы өтеді. Бір қуантарлығы, біз жаңа­дан 100 жаңа есімді та­нимыз. 100 тұлғаның бастамасын, еңбегі елге үлгі болғанына қуа­на­мыз. Өйткені кез келген жобаны ха­лықтың қол­дағаны өте ма­ңызды.

Биыл жеңімпаздарды ірік­теу екі бағытта өтеді. Бірінші әдіс — дәстүрлі, жалпыхалықтық дауыс беру. Екіншісі — біз осы жобада жеңімпаздарды қосымша анық­тай­тын әділқазылар алқасы. Қа­зы­лар алқасының құрамына та­нымал тұлғалар: Серік Сәпиев, Алек­сандр Винокуров, Асылбек Қо­жахметов, Қуаныш Шонбай, Сая­сат Нұрбек, Мұрат Әбенов, Ра­хым Ошақбаев, сондай-ақ Қа­зақстанның халық артисі Роза Рымбаева төрелік етеді. Өзде­рі­ңізге белгілі, осыдан екі жыл бұ­­рын Елбасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 жаңа есім» жобасын бастағанбыз. Бұл жоба қоғамның дамуына айрық­ша ықпал етіп келеді. Сол се­бепті, үздіксіз жалғастырамыз. Екі жыл­дың ішінде 5 мыңға жуық адам қа­тысты. Бұл тұрғыда жоба ая­сын­да екі миллионға жуық қа­зақ­стан­дық дауыс бер­ді, – деді Дәурен Абаев.

Жоба Жастар жылына арна­лады. Қатысуға 39 жасқа дейінгі үміткерлер қатысады. Ғылым, қо­ғам, медицина, бизнес, мәде­ниет және спорт саласындағы нақ­ты же­­тіс­тікке жеткендердің өті­німі қа­ра­лады. «Рухани жаң­ғыру» қа­зақ­стан­дық қоғамдық даму инс­­­титутының басқарма төрағасы ­Ке­мел­бек Ой­шы­­баев­тың ай­туынша, қатысу­шылар 100janaesim.ruh.kz сайтында сауалнама тол­тырады. Бар­лық өтінімдер мұ­қият сарап­та­мадан өтіп, кейін сайтта жа­рия­ланады.

– Жобаға өтінімдерді қа­был­­дау 1 қазаннан бастап 20 қазанға де­йін жалғасады, – деді Кемелбек Ойшыбаев.

Жоба жеңімпазы жыл со­ңын­да анықталады.