Дәрігердің қатесі: жауапкершілік пен жазаның шекарасы қайда?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №151

Алматыдағы «дәрігерлер ісінен» кейін медицина қызметкерлерінен көңілі қалған жұрт  оларды қа­­таң жазалауды ұсынып жатыр. Ал медицина сала­сының қызметкерлері, керісінше, дәрігерді қор­­ғайтын заң қажет деп отыр. Денсаулық сақ­­тау министрі Елжан Біртанов медицина қызмет­керлерін   бас бостандығынан айыру секілді бұл­тарт­паудың ауыр түрін қолданудың қажеті жоқ деген пікірде.  Министр жеткілікті дәрежеде білікті  дәрігерлер ары қарай жұмыс істеуі тиіс деп санайды. Ал шетелде мұндай жағдайда қандай заң тетіктері іске қосылады? Дәрігер жауапкершілігі мен оған қолданылатын жазаның шекарасы қандай? Бүгін сол туралы айтуды жөн көрдік.  

Дәрігердің қатесі: жауапкершілік пен жазаның шекарасы қайда?

 ӘЛЕМДЕ ДӘРІГЕР ҚАТЕЛІГІ ҮШІН ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖОҚ

Елжан Біртановтың айтуын­ша, екі апта бұрын Алматының медицина қауымдастығымен кездескенде, жергілікті дәрігерлер өздерін қорғайтын заң керек де­ген мәселе көтерген. Нақты айт­сақ, отандық дәрігерлер өз қыз­меттерін сақтандыруды және Қа­зақстан Қылмыстық кодексінің 317-бабын әкімшілік алаңға ауыстыруды сұрап отыр.

Қазақстандағы репродуктивті медицина қауымдастығының пре­зиденті акушер-гинеколог Вя­чес­лав Локшиннің айтуынша, соң­ғы уақытта дәрігерлерге тарпа бас салушылар көбейген. Қыл­мыс­тық іспен қорқыту белең алған.

«Әлемде бірде-бір елде дәрігер қателігі үшін қылмыстық жауап­кершілік жоқ, себебі қателік жі­бе­ру­ден ешкім сақтандырылмаған. Кей­де дәрігерлерді қарапайым опе­рациядан болатын асқыну үшін де жауапкершілікке тартып жатады. Егер операция күрделі болса, ондай асқыну көрсеткіші – 10 пайыз. Ондай операцияны ең тәжірибелі дәрігерге сеніп тапсы­рады. Демек, операцияда науқас қайтыс болса, онда тәжірибелі дәрігерлерді жауапкершілікке тарта береді деген сөз. 100 опера­циядан кейін 10 білікті дәрігер сот­тан бір-ақ шығады. Олай бол­са, адамдарды кім емдейді? Ал біздің жас кадрларымызға тәжі­рибе жинақтау үшін 40 жыл керек болады», – деген ол медицина са­ласында жұмысына салғырт қа­рағандар, пара алғандар қыл­мыс­тық жа­уапкершілікке тарты­луы қажет деп санайды. Ал дәрі­гердің қателігі әкімшілік жауап­кер­ші­лікке өту керек, себебі да­мыған ел­дерде солай дегенді алға тар­та­ды. Себебі кез келген дәрігер опе­рация жасағанда немесе ем-шараларын жүргізгенде науқасқа зиянымды тигізейін деп ойламайды.

Айта кетейік, бүгінгі таңда Қылмыстық кодекстің 317-ба­бында «Медицина немесе фар­ма­цевтика жұмыскерiнiң кәсiптік мiндеттерiн тиiсiнше орындамауы адам өлiмiне әкеп соқса, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мер­зiмге айыра отырып, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бос­тан­ды­ғынан айыру жазасы кесіледі» деп жазылған.

 

«ДӘРІГЕРЛІК ҚАТЕЛІК» ТЕРМИНІ ДҰРЫС ЕМЕС 

Отандық дәрігерлер қауым­дастығы дәрігердің қателігін әкімшілік жауапкершілікке өткі­зуді ұсынып отыр. Осы тұста бір мәселеге назар аудару қажет бо­лып тұр. Бүгінгі қолданыстағы заң­намалық құжаттардағы «дә­рі­герлік қателік» деген анықта­ма­ның өзі дұрыс емес екен. «Аман-саулық» қоғамдық қорының пре­зиденті Бақыт Түменованың ай­туынша, «дәрігерлік қателік» емес, «медициналық қателік» де­г­ен жөн болады.

«Себебі медицина саласында дәрігерлер ғана емес, фельд­шер­лер, медбикелер де жұмыс іс­тей­ді, олар да қателік жіберуі мүмкін. Сондықтан заңда кодекстегі «дә­рігерлік қателік» деген сөзді «медициналық қателік» деп өз­гертіп, сол сөзге нақты анықтама берілуі керек. Егер медициналық қателік дәрігердің өз жұмысына салғырт қарауынан болса, онда жауапқа тартылады. Дәрігер қо­лынан келген көмектің барлығын жасағанына қарамастан, нау­қасқа зақым келсе немесе науқас көз жұмса, онда ол қылмыстық іс емес» дейді Б.Түменова.

Оның пікірінше, медици­на­лық қателік аурудың формасына да қатысты болуы мүмкін. Мүм­кін ол өте сирек кездесетін ауру шығар. Диагностикасы дұрыс қойылмауы мүмкін. Осының бәрін тергеушілер зерттеп, дә­лелдеуі керек. «Науқастар «дә­рі­гер бізге неге кепілдік бермейді» дейді. Ол қалай кепілдік береді? Кепіл беретіндей сағат жөндеп жатқан жоқ қой. Кейбір жағдай­ларда операция жасамаса, па­циенттің қайтыс болып кетуі мүмкіндігі 100 пайыз болады, ал жасаса, жазылып кетуі мүмкін, басқа жағдай болуы да мүмкін. Сол себепті де кепілдік бермейді. Ал операцияға пациенттің ке­лісімі міндетті түрде керек, бірақ дәрігер пациентке операцияның алдында барлық жағдайды тү­сіндіруге міндетті. Ал операция­ны жасату-жасатпау туралы ше­шімді пациенттің өзі қабылдауы керек», – дейді Бақыт Түменова.

 



ДӘРІГЕР ҚЫЗМЕТІ САҚТАНДЫРЫЛСА...  

Отандық дәрігерлер қауым­дас­тығы дәрігерді бас бостан­ды­ғынан айырмай, айыппұл төле­туді ұсынып отыр. Айыппұл тө­леу үшін дәрігерлер қызметі сақ­­тан­дырылуы тиіс. Бұл тә­жірибе әлем­нің алдыңғы, соның ішінде меди­цинасы жақсы да­мыған елдерде кеңінен қолда­нылады. Себебі да­мыған елдердің дәрігерлері де қателесіп жатады. Германияны мысалға алсақ, бұл елдегі заңна­маға сәйкес, дәрігер емге кепіл бермеуі тиіс. Ол қол­даныстағы кәсіби стандарттарға сәйкес ем жүргізуі керек. Дәрі­гер­лік қателік дегеніміз – стан­дарттардың бұ­зылуы. Сондықтан әрбір дәрігер сақтандыру ком­паниясымен кә­сіби жауапкершілігі үшін шарт жасай­ды. Дәрігер жұ­мыс істейтін ауру­хана үшін атал­ған сақтандыру түрі негізгі шарт­тың бір бөлігі са­на­лады. Егер арбитраждық коми­с­сия дә­рі­гер­дің қателігінен па­циентке кел­ген шығынды өтеп беру туралы шешім қабылдаса, ол шы­ғынды дәрігер үшін сақтан­дыру ком­паниясы төлейді. Ме­дициналық экспертизаның шы­ғындарын да сақтандыру ком­пания төлейтінін айта кетейік. Германияда дәрі­гердің үстінен қылмыстық іс қоз­­ғау үшін па­циент прокура­тураға шағым түсі­ре алады. Бірақ емделушілер та­рапынан шағым түсе бермейді екен. Себебі ша­ғым берген күн­нің өзінде тергеу мен сот ісі ұзаққа созылады. Дә­рігердің салғырт­тығы дәлел­ден­ген күннің өзінде, оны бас бос­тандығынан айыр­майды, па­циент­ке келген шығын­ды төлет­тіреді. АҚШ-та да осы тәжірибе қолданыста. Ал көрші Ресейдегі жағдай қалай?

Ресейде де дәрігерлерге сапа­сыз емдегені үшін айыппұл тө­лету қолға алынбақшы. Себебі Ре­сейдің Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне бір жылдың ішінде медициналық көмек сапасына қатысты 47 мың шағым түскен. Медицина қызметкерлерінің үстінен қозғалған қылмыстық істер саны да көбейген. Сол елдің Тергеу комитетінің дерегінше, негізінен пациенттер хирургтер, гинекологтар мен анестезиолог-реаниматологтардың үстінен жиі шағымданады екен. Мысалы, былтыр Ресейде дәрігер қатесі дерегі бойынша 2 мың қылмыс­тық іс қозғалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, төрт есе көп екен. Әр оныншы істе дәрі­герлер кінәлі деп танылған. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін сала министрлігі дәрігерлер жауапкершілігін арттыру мақ­са­тында айыппұл салу механизмін енгізбек. Ал бұл бастамаға меди­цина қауымдастығы қарсы шық­ты. Олар дәрігер қателігі үшін қылмыстық жауапкершілік те, айыппұл санкциясы да болмауы тиіс деп санайды. Дәрігерлердің пікірінше, саладағы барлық проблеманың себебі – денсаулық сақтау жүйесіндегі дағдарыста.

Ресейдің дәрігерлерді қорғау лигасының президенті Семён Галь­перин өңірлерде аудан ауру­ханалары мен кенттердегі амбу­латорияларда кадр жетіспеушілігі белең алып тұрғанын айтады. «Бір дәрігер окулист те, эндо­кринолог болып та жұмыс істеп жүр. 2-3 ауысымда жұмыс істейді. Кадр жетіспеушілігі 20 пайыз болса, әрбір бесінші дәрігердің жасы 70-тен асып кеткен. Сон­дықтан дәрігерге айыппұл салу денсаулық сақтау саласының мәселесін шешіп бере алмайды. Айыппұл жүйесі енгізілсе, дәрі­герлер жұ­мыстан кете бастайды. Ал жас кадрлар басқа салаға ауы­сады. Ең қауіптісі операция жа­сай­тын кадрлар қалмайды» дейді ол.


ДЕНСАУЛЫҚ КОДЕКСІНІҢ ЖОБАСЫН ТАЛҚЫЛАУ БАСТАЛМАҚ  

Жалпы, әр кезде де бір мә­селенің талқылануына белгілі бір оқиға түрткі болады. Біздің елдегі дәрігерлер мәселесі күні кеше қа­мауға алынып, одан қайта бо­са­тылған алматылық дәрі­гер­лерге қатысты күн тәртібіне шық­ты. Ал Ресейде бұл мәселе 2013 жылдан бері талқыланып келеді. Өйткені ресейлік гематолог-дәрігер Елена Мисюрина 2013 жылы бірнеше күрделі диагноз қойылған, оның ішінде онкологиялық диагноз қойылған науқастың жілік майы­нан анализ алады. Осы проце­дурадан кейін пациент қайтыс болып кетеді. Тергеу Мисюрина тамырды инемен тесіп жіберіп, пациенттің ішіне қан кеткен деген қорытындымен дәрігерді кінәлі етіп шығарды. 2018 жылы дәрігер екі жылға сотталды. Сот­тың осы шешімі ресейлік дәрі­герлердің наразылығын туғызды. Дәрігерлерді қорғаушылар қата­рына Мәскеу мэрі де қосылды. Сөйтіп, көктемде қалалық сот прокуратураға процессуалдық бұзушылықтарды жою үшін істі кері қайтарды. Ал біздегі істің қорытындысы қандай болатынын сот шешімінен кейін біле жа­тармыз. Ал оған дейін денсаулық сақтау кодексін талқылауға тура келеді. Өйткені сала министрлігі Денсаулық сақтау кодексін әзірлеп, Парламентке тапсырды.

«Дәрігерлердің және меди­цина қызметкерлерінің мәртебесі бо­йынша ұсыныстары осы жаңа ко­­декс жобасына енгізілген. Ко­декс жобасын талқылау бары­сын­да соңғы жағдайлар да көте­рілген. Дәрігерлерден, қоғамдық ұйым­дардан ұсыныстар келіп жатыр. Алдыңғы аптада Үкімет кодекс жобасына қатысты қажетті қаулы­ны қабылдады. Осы аптадан бас­тап Парламентте талқылау бас­талуы тиіс», – дейді Е.Біртанов.


P.S. 

Біздегі дерек бойынша, Қазақстанда жыл сайын 800-ге жуық медицина қызметкері қыл­мыстық жауапкершілікке тар­ты­лады екен. Олардың қаншасы сот­талады, қаншасы ақталады деген сауалдың жауабын таба алмадық. Білікті де тәжірибелі дәрігердің қа­лыптасуы үшін 20-30 жыл уақыт ке­тетінін ескерсек, әлемдік тәжі­ри­беге иек артсақ, дәрігер жауап­кер­шілігі мен оған тағайындалатын жазаның ше­карасын әлі де қарас­тыра түскен жөн секілді.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ