Абай тойы Түркияда тойланады

Газет мақаласы "Айқын" газеті №151

Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жыл­­дық мерейтойын бірге тойлауға туысқан Түркия мем­­­­лекеті ықылас танытты. Атал­­ған  игі тілек Анкарадағы Ға­зи университетінің (қазір Қа­жы Байрам университеті) ға­лымдары мен мәдениет жана­­­шырлары тарапынан туып отыр.

Абай тойы Түркияда тойланады

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақынның 175 жыл­дық мерейтойына даярлық туралы арнайы Жарлық шыға­рып, алқалы жиында: «Абай – шын мәнінде, қазақ болмысының айнасы. Ақынның дара тұлғасы – халқымыздың руханиятын әлем­ге танытатын теңдесі жоқ құн­дылық. Дүниежүзі әдебиетін­де Абай сияқты ақын, ағартушы, ойшыл, сыншы кемде-кем»,– деген болатын. Бұл орайда, елі­мізде арнайы мемлекеттік ко­мис­­сия да құрылды. Мемлекет басшысы Жарлығында дана ақын мұрасын әлем тілдеріне аударып, шет елдерде де атап өту жайы сөз болған-ды.

Абай тойына дайындық бас­та­лысымен-ақ түбі бір түркі жұр­ты бірлігінің дәлеліндей бо­лып Түркия мемлекеті бірден қол­ұшын созып отыр. Түркия­дағы Қажы Байрам университеті Тіл-әдебиет бөлімінің профессор­лары Хулия Ченгел, Гүлжанат Құрманғалиева–Ержиласун өз оқу орындарында Абай мұрасын байыптауға арналған халықа­ралық конференция өткізу тура­лы идеяны бірден қолдап, бас­шы­­ларымен кеңесетінін жеткізді.

Абайдың Түркия жеріндегі 175 жылдық мерейтойына қатыс­ты келелі де түйінді пікір айтқан Тіл құрымының басшысы, таны­мал түрколог Гүрер Гүлсе­вин бол­ды. Кезінде Мұстафа Ататүрік не­гізін қалаған тарихи құрым президенті Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың про­ректоры Д.Қам­за­бек­ұлы бас­таған делега­цияны бас офи­сін­де ықыласпен қабыл­дай отырып: «Абай – түрік дүние­сі­нің айнасы. Өте биік тұлғасы. Біз Абай мұра­сын жаңа заман мен ғылым тала­бына сай жан-жақты зерттеуіміз керек. Анкара­да Абай конферен­ция­сын өт­кі­зуді 2020 жылдың 16-17 сәуір ара­­лығына белгілейік. Бұған Еура­зия уни­верситеті, Қажы Байрам универ­си­теті атсалысса, тіпті жақсы. Негізгі өткізу шарасын Тіл құры­мы өз мой­нына алады. Бірақ бәрі өрке­ниетті талап пен заң шеңбе­рінде өтуі тиіс», – деді.

Сонымен қатар Г.Гүлсевин Тіл құрымы кітапханасынан кезін­де Қазақстан ғалымдары шы­ғарған «Абай тілі сөздігін» мақ­танышпен көрсетті.

Қос ғылыми жиынға қатыс­қан Қазақстан жоғары оқу орын­дары делегациясы Еуразия уни­вер­ситетінің Абай жылын шетел­де, Түркияда бастау туралы идея­сы­ның қолдау тапқанына қуа­нып, естелік фотоға түсті.

Конгресс пен симпозиум ара­­сында ЕҰУ ғалымдарын Ан­ка­рада орналасқан Еуразия Жазу­­шылар одағының төрағасы Якуб Өмероғлу қабылдап, Абай ме­рей­тойы мен Алаш тұлғалары туралы пікір алмасты. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, Еуразия ғалымдары, осы одақ пен Түрік телеарнасы бірлесіп даярлап жатқан «Әлихан Бөкейхан» және «Міржақып Дулатұлы» атты тү­рік­­ше деректі фильмдерге ғы­лы­ми түсінік-сұхбат берді.

Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі Абзал Сапарбекұлы Еуразия уни­вер­ситетінің Абай мерей­то­йын ше­телде Түркиядан бастау жө­нін­дегі идеясына қызығу­шылық білдіріп: «Бұл – өте маңызды ша­ра. Біз Абай өлең­дерін түрік ті­ліне аударуды қолға алып жа­тыр­мыз. Әрине, сапалы аудар­ма­ға бірте-бірте жетеміз. Президент ме­рейтойға қатысты айтқан ТҮРКСОЙ өз міндетін лайықты орын­дайды деп сене­мін», – деді.

Айта кетейік, 2016 жылы Алаш көшбасшысы, көрнекті Мемле­кет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойына арналған конференцияны шет мемлекет­тен алғашқы болып Түркия, дәлірек айтсақ Ғази университеті қолдап өткізген еді. Енді осы тарихи сабақтастық Абай тойын­да да жалғасын тауып, күллі түр­кінің мерейін асқақтатар айту­лы шараға айналғалы тұр.