eGov-тың жаңа мобильді қосымшасының мүмкіндігі қандай?

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өндірісі министрі Асқар Жұмағалиев eGov-тың жаңартылған мобильді қосымшасы іске қосылатынын айтты.

eGov-тың жаңа мобильді қосымшасының мүмкіндігі қандай?
– Біз мемлекеттік қызметтерді мобильді түрде алуға баса көңіл бөліп отырмыз. Өйткені, бүгінгі таңда азаматтардың бәрінде смартфон бар. Сол себепті, eGov-тың мобильдік қосымшасын жаңарту жұмыстары басталған кезде әріптестеріме – ең алдымен, бұл қосымшаны өздеріңіздің аналарыңыз пайдалана алатындай ыңғайлы етіп жасаңыздар дедім. Себебі, қосымша қызметті оңай әрі жылдам алу үшін ыңғайлы болуы керек»,– деді Асқар Жұмағалиев елордадағы «Цифрлық күз» шарасында. Министрдің сөзіне сенсек, жаңа қосымшаның көмегімен қызметті саусақпен бір басып қана алуға болады. Мобильді қосымшаның Beta нұсқасы PlayMarket және Appstore-да жақын арада қолжетімді болады. Ол арқылы қызметтің 23 түрін алуға, ЭЦҚ-ға өтінім беруге мүмкіндік бар.
«Цифрлық күзге» жиналғандарға мобильдік қосымшаның мүмкіндіктерін таныстырған «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Әсет Тұрысов ЭЦҚ-ны пайдалануды барынша жеңілдетуге күш салынғанын хабарлады. Оның айтуынша, жаңа қосымшаны пайдалану үшін азамат ЭЦҚ-ны аса қажет етпейді. «Біз бәріміз телефонның құлпын саусақ ізімен немесе FaceID арқылы ашуды әдетке айналдырдық. Дәл солай осы қосымшада ЭЦҚ-ны биометрияға байлап, қызметке тапсырыс берген кезде өзіңіздің TouchID немесе FaceID арқылы сұрауыңызды растай аласыз», – деді Ә.Тұрысов.