Әлия Назарбаева елордада өткізілген эко-сағатқа қатысты

Бүгін еліміздің барлық мектептерінде ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен бірінші экологиялық сағат өтті.

Әлия Назарбаева елордада өткізілген эко-сағатқа қатысты

Жас ұрпақты табиғи ресурстарға қамқорлықпен қарауға насихаттауға бағытталған шараға қолдау көрсеткен Қазақстан Экологиялық ұйымдары қауымдастығы төралқасының төрағасы Әлия Назарбаева елордадағы №83 мектепке барды.

– Осы сәттен бастап бүкіл елімізде «Эко-сағат» деп аталатын ауқымды жобаның басталғандығын атап өткеніме қуаныштымын. Осы жобаның аясында бізді қоршаған табиғатқа бей-жай қарамайтын адамдармен кездесу ұйымдастыру жоспарланған. Сонымен қатар біз табиғи ресурстарға қамқорлықпен қарауға үндейтін арнайы анимациялық ролик те дайындадық. Оқу жылы бойы экологияға қатысты көптеген әлемдік мерекелер өтеді. Сол себепті мұнан кейінгі экологиялық сағаттарда түрлі бағыттар қарастырылады. Мәселен, күн, жел, су сынды балама энергия көздерін қалай пайдалауға болатындығы төңірегінде өрбиді,– деді Ә.Назарбаева.

Айта кетейік, бүкіл еліміздің мектептерінде өткен экологиялық сағат барысында 200 мыңға жуық ағаш отырғызылды. Ә.Назарбаева барлық қоғамдастықты, қоғам қайраткерлері мен бизнес өкілдерін экологиялық сағатқа қолдау көрсетуге шақырды.