Митинг туралы заң қандай болмақ?

Газет мақаласы "Айқын" газеті №155

Өткен аптада Ақордада кеңейтілген жиын өтті. Не­гізгі мәселе митинг туралы заңды жетілдіру болған. Бас­қосуға мемлекеттік орган басшылары мен Ұлттық қо­ғамдық сенім кеңесінің мүшелері Мұхтар Тайжан, Жеміс Тұр­мағамбетова, Асылбек Қожахметов және басқалар ша­қырылған. Ал осы аптада Үкімет аталған заңға өзгерістер ен­гізу үшін жұмыс тобын құрды. Ұлттық кеңестің алғашқы оты­рысынан соң митинг мәселесін құқықтық тұрғыда шешу қолға алынғаны көрініп тұр. Алайда ол құжат қандай бол­мақ және келешекте қалай жүзеге аспақ?

Митинг туралы заң қандай болмақ?

Қолданыстағы заң сонау 1995 жылы қабылданған және бар-жо­ғы 12 баптан тұрады. Бәлкім, жұрт ешкімнің көмегінсіз өзі қол­дана алуы үшін заң атаулы осындай қысқа-нұсқа болғаны дұрыс шығар. Құжаттың қысқаша мәні мынада: егер сіз митинг, демонстрация өткізгіңіз келсе, жергілікті билікке бейбіт шеру ту­ралы толық ақпарат беріп, өтініш жазасыз. Әкімдік шешім қа­былдайды. Рұқсат берсе, негізгі тақырыптан ауытқымай, қо­ғамдық тәртіпті сақтау керек. Оған қоса, жергілікті билік белгілі се­бептермен митинг өткізуге тыйым салуы да мүмкін.

Бұған дейін елімізде рұқсат берілген де, берілмеген де талай митинг, бейбіт шеру өтті. Түрлі тақырып, алуан мақсат болды. Кейбіреуі пафосты лозугнтер­мен шектеліп, тыныш өтсе, басқаларында полиция күш қолданып жатты. Себеп неде? Себеп аз емес. Соның бірі – заңда жазылған митингке рұқсат беру деген механизмнің іске қосылуында. Яғни, барлық жиынға жол берілмегендіктен, жұрт кейде өзі ұйымдасып, көшеге шықты. Оған қоса, жиынға жол берілсе де, қаланың шеттеу жерінде өтті.

Президент митинг туралы. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев аталған мәселелердің барлығын сайлауалды кампаниясында, Жолдауда көтерді.

Консти­ту­цияға сәйкес, біздің азаматта­рымыз пікірін ашық білдіре алады. Егер бейбіт акциялар заңды және халықтың тыныш­тығын бұзуды көздемесе, онда заң бойынша рұқсат беріп, жағдай жасауымыз қажет. Ол үшін арнайы орындар беру керек. Бірақ қаланың шетінен емес. Ал Конституцияға қарсы үндеулер мен бұзақылық әре­кеттердің жолы кесіледі, – деді алғашқы Жолдауында. Пре­зиденттің саяси бастамаларға назар аударуы тегін емес. Себебі билік транзитімен қатар қоғам­да үлкен әлеуметтік өзгерістер жүріп, саяси сұраныстар туын­дап жатқанын жоққа шығара алмаймыз. Бұл ойымызды жа­қында DEMOSCOPE қоғамдық пікірді жылдам зерттеу бюро­сының әлеуметтік сауалнамасы дәлелдегендей. Ұйым еліміздің барлық аймағын қамтып, 1 100 қа­зақстандықтың митинг ту­ралы пікірін сұраған.

Жұрттың пікірі қандай? Егер бюро мәліметіне сенсек, сұрау салын­ғандардың 43 па­йызы бейбіт митингке қарсы емес, 16 пайы­зы қолдамайды, 34 пайызының пікірі бейтарап, оларға бәрібір екен. Ал енді бейбіт шеру, жиын ел дамуына көмектесе ме деген сұраққа келгенде, пікірлер қақ жа­рыл­ған. Мысалы, 46% рес­пондент митинг арқылы мәсе­леге би­ліктің назарын аударуға болады деп есептесе, 40%-ы митингілер мемлекетті тұра­қ­сыздыққа әке­леді деп есептейді. Мұндай де­мон­страцияларды өткізуге би­ліктің рұқсаты керек пе деген келесі сұраққа жауап­тың басым бөлігі бір жақты болған. 80 па­йыз азамат міндетті түрде әкім­діктің келісімі қажет десе, 17 па­йызы ғана митин­гі­лерді еш­кімнің рұқсатынсыз өт­кізу ке­рек деп жауап қайыр­ған. Соңғы кезде полицияның митинг ке­зінде жас-кәрісіне қарамай, алаң­ға шыққандардың қолын бұ­рап, жаппай көлікке тоғытуы көпшіліктің сынына ұшырады. Сауалнама бары­сын­да осы әре­кетке қатысты да сұ­рақ қойыл­ған. Яғни, «қоғамдық қауіпсіз­дікке қауіп төнбесе, ми­­тин­гіл­дерде адамдарды тұт­­қын­дау дұрыс па» деген сауалға 24 па­йыз респондент «дұрыс, олар қоғам­дық тәртіпті бұзды» деп жа­уап берген. Ал 58 пайызы «жоқ, олар­ды тұтқындау заңсыз» деген.


Әлемдік тәжірибе қандай? Жалпы, бейбіт шеру – дамыған азаматтық қоғамның белгісі. Адамның өз ойын ашық білді­руі – оның табиғи құқықта­ры­ның бірі ретінде қарастырылады. 


Бұл сауалнама біздің қоғамда үлкен әлеуметтік өзгерістер бо­лып жатқанын көрсетіп тұр­ған­дай. Яғни, бір тарап жаңа­шыл­дықты қаласа, басқалар үшін тыныштық – негізгі құндылық. Алайда қандай өзгеріс болса да, ол биліктің бақылауымен жүруі керек екенін көпшілік мойын­дайды. Әрине, бұл жерде Украи­надағы, Қырғыз Республи­ка­сын­дағы, Грузиядағы саяси өз­герістер ел азаматтарына әр­түрлі әсер еткен болар. Сон­дықтан митингіге берілетін баға да алуан түрлі.

Әлемдік тәжірибе қандай? Жалпы, бейбіт шеру – дамыған азаматтық қоғамның белгісі. Адамның өз ойын ашық білді­руі – оның табиғи құқықта­ры­ның бірі ретінде қарастырылады. Қоғам дәстүрлі институттар арқылы өз пікірін білдіре ал­ма­ғанда, ол тың инструменттерге жүгінеді. Қазақстанда Фейсбук желісінің шамадан тыс саяси­ланып кетуінің бір себебі де осы болуы мүмкін. Егер Еуропаның саяси тарихына үңілсек, азамат­тардың талабы бейбіт шеру ре­тінде көрініс тапқан. Бұл саяси мәдениет бүгінде көптеген Азия елдеріне де көшті. Сеул, Гон­конг, Токио, Бангкокте ірі ше­рулердің өтуі – қалыпты жағдай. Алайда елдегі құқық қорғау­шыларды мазалайтын маңызды мәселе – Митинг туралы заңда жергілікті биліктің құзыретінде демонстрацияларға рұқсат беру не бермеу құқығының болуы. Неге? Себебі көптеген елде бей­біт шеру өткізуді жоспарлаған топ жергілікті әкімдік не мэ­рия­ны тек ескертеді, хабарлайды, алайда келісімін алмайды. Мэрия түскен өтінішке сәйкес митингтің қауіпсіз болуын қам­тамасыз етеді және сирек жағ­дай­ларда ғана белгілі бір себеп­термен тыйым салуы мүмкін. Айталық, ол қоғамдық қауіпсіз­дікке қауіп төндірсе.

Ұлыбританияда 1986 жылы қабылданған «Қоғамдық тәртіп туралы заң» бойынша шеруге шығушылар жоспарланған ми­тинг өтетін мерзімге 6 күн бұ­рын жергілікті полицияға ес­кер­ту қағаз жіберіп, онда жүріп өтетін маршрут пен қатысатын кісі санын көрсетуі міндет. Қан­дай да бір қақтығыстың алдын алу мақсатында полиция ми­тин­гінің өтетін орнын, уақытын өзгертуді талап етуі мүмкін, тіпті тыйым салу құқығы бар. Келісілген шарттар бұзылса, митингті ұйымдастырушыларға айыппұл салынады. Ал Герма­нияда 2008 жылы қабылданған заң бойынша митинг жайлы 48 сағат бұрын жергілікті өзін-өзі басқару органдарын ескерту қажет. Егер шара қауіпсіздікке қауіп төндірсе, онда шеруге тыйым салынуы мүмкін. На­цистік режимге қатысты тарихи орындарда жиналуға тыйым салынады. Митингіде бетперде немесе арнайы бірдей киім, уни­форма киюге болмайды. Егер уағдаласқан келісім бұзыл­са, ұйымдастырушылар 6 айға дейін бас бостандығынан ай­рылуы немесе 180 тәуліктік жа­лақыға тең айыппұл салынуы мүмкін. Егер митингте қару қол­данылса, онда екі жыл түр­меге тоғытылады.

Бұл Еуропа елдерінің тәжі­рибесі, Азияда да барлық қо­ғамдық жиын заңмен қатаң реттеледі. Таиландта 2015 жылы «Қоғамдық жиындар туралы заң» митинг не акция туралы жергілікті полицияны 24 сағат бұрын ескертуді талап етеді. Митинг король және оның от­басы тұратын үй, парламент, үкімет үйі, сот және елшілік ғи­маратынан 150 метр алыс қашықтықта өтуі міндет. Шеру өткен кезде мемлекеттік меке­мелердің кіріп-шығатын есік­теріне, әуежай, станциялардағы қозғалысқа кедергі келтіруге болмайды. Егер полиция талабы орындалмаса, 600 доллар айып­пұл салынады. Ал кімде кім митинг барысында қару алып жүрсе, ғимаратқа заңсыз басып кірсе не қандай да бір комму­никация құралын бүлдірсе, ол 10 жыл бас бостандығынан айрылуы ғажап емес.

Сөз соңында... Көріп отыр­ғанымыздай, әлемнің кейбір елдерінде қоғамның не биліктің назарын қандай да бір мәселеге аудару үшін бейбіт шеру өткізу үшін жергілікті билікті, поли­цияны алдын ала ескерту қажет. Шараның барлық шарты ке­лісіледі. Ұйымдастырушылар ата­лған шарттарды қатаң сақ­тауы міндет. Ал енді «еліміздегі жаңа митинг туралы заңда бей­біт шеруге жергілікті биліктен рұқсат алу қажет пе, әлде тек ескерту керек пе?» деген сауалға жауап табылатын секілді. Себебі заңсыз шеру, оған қатыс­қан­дарды жаппай ұстау, поли­ция­мен қақтығыс деген жайттар сол рұқсат мәселесінен шығып отырған салдар.

Алайда рұқсатсыз, тек ес­керту механизмінің алаңда­тар­лық тұстары да бар. Айталық, бұған дейін елорда мен Алматы қаласында біржынысты ЛГБТ өкілдері митинг өткізуге өтініш берді. Егер митингілерге рұқсат керек болмаса, аталған қауым­дастық өкілдері ертең бас қа­лаларда үлкен шеру ұйым­дас­тыруы мүмкін. Шараның мо­ральдық жағын айтпағанда, бұл шеру қалада үлкен қақт­ы­ғыс­тарға әкелуі бек мүмкін. Себебі халқымыздың 70 пайызы Ислам дінін ұстанатынын ұмытпау қажет. Оған қоса, митингке өті­ніш берушілер үнемі бас көше мен бас алаңдарда демонстрация ұйымдастыруды қалауы мүмкін. Егер әкімдіктер оларға жоқ дей алмаса, онда ол даңғыл, көш­е­лерді митинг кезінде қоршауға алуға тура келеді. Бұл – ірі ша­һарларда жол кептелісін туғы­зады деген сөз.


Нұрмұхамед БАЙҒАРА