Өзара байланыс ықпалы

Газет мақаласы "Айқын" газеті № 171

Қазақстан Президенті Ақордада Өзбекстанның Өлий Мәжіліс Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева мен бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинды қабылдады. Кездесу барысында өзекті мәселелер талқыланды.

Өзара байланыс ықпалы

Танзила Нарбаевамен өткен кездесуде екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық қа­рым-қатынас пен көлік транзит байланысы сөз болды. Сондай-ақ мемлекеттер арасындағы сау­да-экономикалық байланысты нығайту жайы айтылды.

– 2018 жылы сауда айналымы 2,5 миллиард дол­ларды құрады. Ал биылғы 9 айдың өзінде өт­кен жылғы нәтижеден артық жетістікке же­тіп отырмыз. Соған сәйкес, жыл соңында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда ай­налымының көлемі де арта түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Танзила Нарбаева Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, Шавкат Мирзиёевтің сәлемін жеткізді.

– Сіздің Қазақстан Президенті лауазымына сай­лануыңыз бұған дейінгі абыройлы қызме­тіңіз­дің нәтижесі. Сіз тәжірибелі дипломат, ықпалды басшы ретінде Тұңғыш Президент Нұр­сұлтан Назарбаевтың Қазақстанның мем­лекеттік қауіпсіздігін нығайту және эконо­микасын дамытуға бағытталған бастамаларын жалғастырып келесіз, – деді ол.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Өзбек­стан президентіне ізгі тілегін жолдады.Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен кез­десу­де балалардың денсаулығын сақтау мен әлеу­меттік қорғау, сондай-ақ кәмелет жасына тол­­маған жасөспірімдерге зорлық-зомбылық көр­­сетуге қарсы күрес секілді өзекті мәселелер қоз­­ғалды.

Аружан Саин шала туған әрі ретинопатия ау­руына шалдығу салдарынан зағип болған сә­билердің проблемасын көтерді. Республика бойынша орта есеппен 20 мыңға жуық бала ша­ла туады. Оның ішінде 4 мың баланың сал­ма­ғы жетілмей дүниеге келеді. Бала құқықтары жө­ніндегі уәкілдің айтуынша, аталған мәселені шешу үшін өңірлердегі перинаталды орталықтар мен перзентханалар базасында тиімді оф­таль­мологиялық жәрдем беру жұмысын ұйымдас­тыру қажет, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен сапалы байланыс орнатып, диаг­ностикалық құралдармен жабдықтап, медицина қыз­меткерлерінің біліктілігін арттыру керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев бала құқықтары мен ден­саулығын сақтау ісі аса маңызды екеніне тоқ­талып, бұл мәселені әрдайым өзі жіті ба­қы­лап отыратынын атап өтті.