Бейбіт күннің батырларын ұлықтады

Газет мақаласы Айқын газеті №71
Бейбіт күннің батырларын ұлықтады

Отан қорғаушылар және Жеңіс күні мерекелері қарсаңында Ақордада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскерилер мен құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ордендер мен медальдар табыс етті. Мемлекеттік марапаттар тапсыру рәсімінде қауіпсіздікті және елдің қорғаныс қабілетін жоғары деңгейде сақтап тұрудың маңыздылығы атап өтілді.

–Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде жоғары білікті әскери кадрлар тапшы болды. Тұңғыш Президентіміз қуатты армия құра отырып, оның қатарына үздік офицерлер мен солдаттарды тарта алды. Бүгінде біздің әскери құрылымдарымыз заманауи техника мен технологияға ие. Олар кез келген сын-тегеурінге және қауіп-қатерге қарсы тұра алатын айбынды әрі мобильді күшке айналды. Жақында ғана өткен «Айбалта – 2019» жаттығулары – соның жарқын айғағы, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, ол адам өміріне қауіп төнетін төтенше жағдайларда ел қорғаны болған, азаматтарды өрттен, тасқын судан арашалап қалған бейбіт күннің батыр­ларының ерліктері туралы айтты.

–Сіздердің бейбіт күндегі ерліктеріңіз бен қайырымды істеріңіз өскелең ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Сондықтан бүгін біз мінсіз әскери қызметімен, ерен ерлігімен дараланған азаматтарды марапаттау үшін жиналып отырмыз, – деді Қ.Тоқаев.

Салтанатты рәсімде І дәрежелі «Даңқ» орденімен Қарулы күштердің Бас штабы бастығының орынбасары Ә.Алдабергенов, Бас прокурордың орынбасары Е.Кененбаев, Қарулы күштердің Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары В.Рысбаев марапатталды.

ІІ дәрежелі «Даңқ» ордені Қостанай облысының полиция департаментінің бастығы Б.Аймағамбетовке, Алматы облысы бойынша ҰҚК департаментінің бастығы С.Құрманәлиевке тапсырылды.

ІІ дәрежелі «Айбын» орденіне Мемлекеттік күзет қызметінің бас инспекторы В.Балясников, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақмола облысы бойынша департамент басшысы Қ.Бекбасов, ҰҚК департаменті бастығының бірінші орынбасары Р.Қоқымбаев, Қорғаныс министрлігінің 48386 әскери бөлімінің командирі Т.Құсайынов, 28738 әскери бөлімінің командирі Ж.Расқұлов, 03858 әскери бөлімінің командирі М.Хамзин, ІІМ Криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Е.Омарбеков, Атырау қаласының Жол-патрульдік полиция батальонының инспекторы Р.Сундутов, Әскери-әуе күштері қолбасшысының орынбасары Н.Топаев ие болды.

ІІІ дәрежелі «Айбын» ордені Мемлекеттік күзет қызметінің аға маман–атқышы А.Құсайыновқа, ал «Құрмет» ордені Бас прокуратураның қызмет басты­ғының орынбасары Р.Дубаеваға берілді.

«Ерлігі үшін» медаліне ІІМ-нің Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6697 әскери бөлімінің сарбазы М.Балабиев, елордадағы Төтенше жағдайлар департаментінің №1 өрт сөндіру бөлімі бас­тығының орынбасары А.Кенжешов, Қарағанды облы­сындағы №1 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі А.Минаев, 35411 әскери бөлімі артиллериялық дивизио­ны­ның маманы Қ.Қанатов, СҚО-ның Тайынша ауда­нындағы учаскелік инспектор Е.Ыбыраев қол жеткізді.

«Жауынгерлік ерлігі үшін» медалі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басқарма бастығы Ж.Жанайдаровқа, ҚМ 35950 әскери бөлімі штабының аға офицері А.Мадияровқа және басқаларға табыс етілді.

Салтанат соңында Қасым-Жомарт Тоқаев мара­патталушыларға мінсіз қызметі үшін алғыс білдіріп, оларға зор денсаулық, отбасыларына береке, жаңа табыс тіледі.

Осы күні Ақордада Қазақстан Президенті, Жоғарғы бас қолбасшы Қ.Тоқаев жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер беру рәсімін өткізді. Мемлекет басшысы рәсімге қатысушыларды Отан қорғаушылар және Ұлы Жеңіс мейрамдарымен құттықтап, әскерилер мен арнаулы меморгандар қыз­меткерлерінің Қазақстан қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесін ерекше атап өтті.

–Батыр бабаларымыз аманат етіп қалдырған кең байтақ жерімізді қорғау – бәрімізге ортақ парыз. Сіздер сияқты ержүрек ерлеріміз Отанымыздың тыныштығын күзетіп тұрғанда еліміздің болашағы әрқашан жарқын боларына мен кәміл сенемін, – деді Қ.Тоқаев.

Ол мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саяси жүйесінің берік ұстыны ретінде қауіпсіздікті нығайту мәселесіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әрдайым айрықша мән бергеніне екпін түсірді.

–Тәуелсіздікті, Қазақстан жерінің тұтастығы мен ұлттық мүддені қорғау – біздің армиямыздың және күш құрылымдарының басты бағдары. Осы стратегиялық маңызды міндеттерді шешу үшін командирлер корпусына – генералдар мен офицерлерге зор жауапкершілік жүктеледі. Әскердегі және құқық қорғау органдарындағы ахуал мен әскери даярлықтың сапасы сіздердің сауатты басшылықтарыңызға тәуелді. Барлық күш-жігерлеріңіз, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз Қарулы күштеріміздің ұрысқа қабілеттілігін арттыруға, құқық қорғау орган­дарының және арнаулы қызметтің құқықтық тәртіп пен конституциялық құрылысты қорғау бойынша тиімді жұмысына бағытталуы тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Кемелұлы марапатталушы ге­нералдар мен офицерлерге қайырылып, жоғары шендер мен арнаулы атақтар олардың еңбектерін лайықты бағалау болып есептелетініне назар аудартты.

– Бұл сіздердің кәсіби және жеке еңбектеріңіздің еленуі ғана емес, сондай-ақ одан да кең ауқымды міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін жауапкершіліктің жаңа деңгейін білдіреді. Қуатты әрі өркендеген Қазақстанды құру жолында күш-жігерлеріңізді жұм­сайтындарыңызға сенімдімін, – деп түйді Мемлекет басшысы.