Қызылорданың құрылысы қарқынды

Газет мақаласы Айқын газеті №74

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында қаланың сол жақ жағалауының даму барысымен танысты, өндірістік-әлеуметтік нысандарды аралап, облыс жұртшылығымен жүздесті.

Қызылорданың құрылысы қарқынды

Алдымен Мемлекет басшысы 2017 жы­лы пайдалануға берілген мекеменің жұ­мысымен, ондағы балаларды емдеу және сауықтыру үшін алынған заманауи меди­циналық құрылғылардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев балалар ауруxанасының меди­ци­налық қызмет көрсететін кабинеттерін аралап көріп, дәрігерлермен әңгімелесті.

Еркін әңгіме барысында Қазақстан Президенті бала денсаулығын жақсарту ісі мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар жандана түсетінін айтып, медицина меке­месі ұжымының жұмысына табыс тіледі.

– Күнделікті жұмыстарыңыз­дың оңай емес екенін жақсы білемін. Ба­лаларды емдеп, халықтың алғысына бө­леніп жүр­сіздер. Еңбектеріңіз елене берсін! – деді Мемлекет басшысы.

Президент сондай-ақ күріш өңдеу ісіне мамандандырылған «Жан-Арай» агроин­дус­триялық кешенінде болып, оның жұ­мысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа зауыттың негізгі шығаратын өніміне қатысты мәлімет берілді. Сонымен қатар Қазақстан Прези­денті ауыл шаруашылығы тауарларын өн­діру­шілермен әңгімелесіп, бұл саланы өр­кен­детудің басты бағыттарын атап көрсетті.

– Ауыл шаруашылығы – әлеуеті өте зор, стратегиялық маңызды сала. Бұл саладағы мәселелерді жақсы білеміз. Мемлекет олар­ды шешудің барлық мүмкіндігін қарасты­рады, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан ары Қазақстан Президенті Қызылорда облысындағы өңірлік «Рухани жаңғыру» орталығында болды. Мемлекет басшысына орталықтың негізгі қызметі жөнінде мәлімет берілді.

Жергілікті бюджет есебінен бой көтер­ген бұл орталық «Рухани қазына», «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Ақпарат толқы­ны» сияқты бағыттар бойынша жұмыс істейді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сырдария өзенінің сол жағалауын дамыту жөніндегі шаһардың бас жоспары таныстырылды. Аумағы 1,5 мыңнан астам гектар жерді қам­титын бұл құрылыс алаңына тиісті инфра­құрылымдар жүргізілген. Мемлекет басшы­сына алдағы уақытта бұл жерде неке са­райы, өрт сөндіру депосы, 900 орындық ор­та мектеп, тұрғын үйлер, отбасылық медицина орталығы және басқа да әлеуметтік нысандар салынатыны жөнінде баяндалды.

Қызылорда облысының құрылыс саласындағы көрсеткіші жоғары екенін атап өтіп, шаһардың өркендеп келе жат­қанына тоқталды.

– Қала құрылысына осы саладағы үздік тәжірибелерді қолдану керек. Жаңа теxнология мен құрылыс материалдарын пайдаланып, «Ақылды қала» (Smart City) жүйесінің компоненттерін белсенді түрде енгізу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Қызылорда облысының жұртшылығымен кездесті. Жиынға өңірдің зиялы қауым, ардагерлер мен жастар өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Мемлекет басшысы аймақтардан түсіп жатқан ұсыныстарды ескере отырып, өңірлерді дамытуға бағытталған арнайы кешенді мемлекеттік бағдарламаның іске қосылатынын айтты. Сондай-ақ Қазақстан Президенті осы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін облыс басшылығы шешуі тиіс бірқатар мәселеге тоқталды.

– Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру – Үкімет пен облысы әкімінің басты міндеті. Лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашуға баса мән беру қажет. Бұл бағытта ірі кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалануды назарға алу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы шетел компания­ларында жұмыс істейтін отандастары­мыз­дың мүдделерін қорғаудың маңызына назар аударды. Сонымен қатар облыстың әлеу­меттік саладағы жетістіктеріне тоқталды. Сондай-ақ дамудың жаңа драйверлерін қалыптастыру қажет екенін айтып, қуатты экономикаға қол жеткізудің маңызын атап өтті.

– Индустрияландыру саясаты өз жемісін берді. Бұл бағыт одан ары жалға­сады. 2013 жылдан бері Қызылорда облы­сында өң­деуші өнеркәсіп саласы екі есе өсті. Ірі цемент зауыты іске қосылды. «Шал­қия» кен орнында қуатты комбинат­тың құрылысы басталды. Бұдан бөлек, облыстағы шыны зауытының құрылысын аяқтау қажет. «Бәйтерек» холдингі мен облыс әкімдігіне зауытты іске қосып, Қа­зақстанның алғашқы шынысын шығаруды тапсырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы ауылдардың өсіп-өркендеуі агросектордың ілгерілеуіне сеп­тігін тигізетінін айтып, Қызылорда облы­сының ауыл шаруашылығындағы әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отыр­ғанына назар аударды.

– Суармалы жерлерде су тапшылығы бар. Сондықтан жаңа су қоймаларын салу қажет. Үкімет облыс әкімдігімен бірге атал­ған мәселені шешу үшін маған нақты жұ­мыс жоспарын ұсынсын. Бүкіл ел бойынша ауыл инфрақұрылымын жаңғыртатын кез келді. Жергілікті жолдардың, су құбыр­ла­рының, электр желілерінің, мәдени-спорт кешендерінің бәрі жаңаруы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті өңірдегі эколо­гиялық проблемаларға, соның ішінде, Арал проблемасына, айналасына зиянын тигізіп отырған мұнай-газ және уран қалдықтарына назар аударды. Байқоңырды Қазақстанның ғарыш саласының негізі ретінде атап өтіп, бұл кешен облысқа жо­ғары технологияларды дамытуға мүмкіндік беретінін айтты.

– Біздің мақсат – ғарыш техноло­гия­ларын Отанымыздың, халқымыздың мүддесі үшін қолдану. Байқоңыр қаласының инфрақұрылымын жаңғырту жұмысы жалғасуда. Мұнда 30 жыл ішінде алғаш рет көпқабатты үйлер және медициналық орталық салынды. Бес мектеп Қазақстанның білім стандартына көшті. Қазір әлемде инвесторлар ғарыш стартаптарына кең қолдау көрсетуде. Біз де Байқоңырдың әлеуетін тиімді пайдаланып, бұл үрдістен шет қалмауымыз керек, – деді Қазақстан Президенті.


Миуа БАЙНАЗАРОВА,

Қызылорда облысы