Басты міндет – жұмыспен қамту

Газет мақаласы Айқын газеті №76

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еңбек және жұмыспен қамту мәселелері бойынша жиын өткізді. Жиынға Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері және инвесторлар мен ірі компаниялардың басшылары қатысты.

Басты міндет – жұмыспен қамту

Қазақстан Президенті бұл саладағы мемле­кеттік саясат халықты лайықты жұмыспен қамту және әділ еңбекақыға негізделуі тиіс деп атап өтті. Ол үшін Үкіметтің алдына шұғыл шешілуі тиіс бірнеше міндет қойды.

– Бірінші міндет – еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау. Төртінші өндірістік революция жаңа мамандықтардың пайда болуына әкеледі. Бүгінде алған білімнің уақыт өткен сайын жарамсыз болып қалуы жиі кездеседі. Үкімет білім беру бағдарламаларының әлемдік стандартқа сай кешенді жаңаруын қам­тамасыз ету қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті осы бағытта алдағы үш жылда алдыңғы қатарлы 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнының күшейтілетінін айтты. Үкіметке жоғары және кәсіби техникалық білім берудің сапасын бақылау тапсырылды.

Сапалы жұмыс орындарын құру – екінші негізгі міндет.

– Біздегі құрылып жатқан жұмыс орындары­ның көбі қысқа мерзімге бейімделген. Мұндай әдіспен халықты тиімді жұмыспен қамтамасыз ету мүмкін емес, еңбек нарығын уақытша ғана тұрақтандырады. Сондықтан біз, ең алдымен, маман жетіспейтін өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, қызмет көрсету, ақпа­раттық технологиялар салаларында тұрақты жұмыс орындарын ашуымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Үшінші міндет – жұмыспен қамтудың жаңа қа­­лыптары. Үкіметке жүктелген соңғы мін­дет – гендерлік тең құқықты нығайту. Қасым-Жомарт Тоқаев біртіндеп әйелдердің еңбегін қорғау, олардың мемлекеттік басқарудың бар­лық деңгейінде және корпоративтік салаларға қатысуын қамтамасыз ету шараларын әзірлеу қажетін айтты.