Президент Ақтөбе жұртымен жүздесті

Газет мақаласы Айқын газеті №79

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ақтөбе облысына сапары барысында аймақтағы бірқатар маңызды нысанның жұмысымен танысты. Сондай-ақ өңір жұртшылығымен кездесіп, медицина қызметкерлерінің форумына қатысты.

Президент Ақтөбе жұртымен жүздесті

Мемлекет басшысы жұртшылықпен кездесуінде қатысушыларды Ақтөбе қала­сының алдағы 150 жылдық мерейтойымен құттықтап, бүгінде өңірдің өндірістік, логистикалық және транзиттік әлеуеті зор екенін айтты.

Қазақстан Президенті халықтың өмір сүру сапасын арттыру және әлеуметтік-экономикалық өсімді қамтамасыз ету Үкімет пен әкімдердің негізгі міндеті екеніне назар аударып, өңірдің бірқатар шешілмеген мәселесін де атап өтті.

– Облыстағы орташа жалақы көлемі – 141 мың теңге, ал республика бойынша – 168 мың теңге. Бұдан бөлек, бірқатар аудан тұрғындарының табыс көлемінде айтар­лықтай айырмашылық бар. Лайықты жалақы – халықтың әл-ауқатына ықпал ететін маңызды фактор. Сондықтан аза­мат­­тарымыздың табысын арттыру әрқа­шан басты назарымда болады. Тұрғын­дар­дың табыс көлемі облыс әкімдіктерінің жұ­мыс көрсеткішіне айналуы тиіс, – деді ол.

Мемлекет басшысы Үкіметке және жергілікті атқарушы органдарға сапалы әрі қолжетімді тұрғын үй салуды, ха­лық­тың табысын арттыруды, іскерлік бел­сенділікті қолдап, орта тап қалып­тас­тыру­ды, сондай-ақ өңірдің көлік-тран­зиттік әлеуетін дамыту жөнінде қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Ел экономика­сындағы шағын және орта бизнестің үлесін 2050 жылға дейін 50 пайызға арттыру туралы Елбасының міндеттемесін еске салып, алдағы бес жылда бұл көрсеткіштің 30 пайызға жетуі тиіс екенін айтты. Сонымен қатар Қазақстан Президенті өңірдегі цифрлан­дырылу деңгейінің төмен, ауылдардағы интернет шектеулі екенін айтып, елдіме­кендерді дамыту жөнінде бірқатар міндет қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтың денсаулығын сақтау: саясат, ғылым, білім, алғашқы медициналық-санитарлық жәрдем тәжірибесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты. Президент баяндамасында ұлт денсаулығы мемлекетіміздің басты бай­лығы екенін алға тартып, елімізде меди­циналық-демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан халқының саны 2 миллион адамға, азаматтардың өмір сүру ұзақтығы 6 жылға өскенін айтты.

Аймаққа сапары барысында Мемлекет басшысы Green Capital Kazakhstan жылыжай кешенінде, «Қазхром» ТҰК» акционерлік қоғамының ферроқорытпа зауытында болып, өндіріс орындары шығарып жатқан өнімдерді көрді. Сондай-ақ Ақтөбе қаласының Индус­триялды аймағының жұмысымен та­нысып, шағын және орта бизнесті дамыту үшін ірі кәсіпорындардың айналасында белдеу құрудың маңызын атап өтті.