Алыс жатқан Еуропа – ең ардақты серіктес

Газет мақаласы Айқын газеті №84

Нұр-Сұлтан қаласына еліміздің №1 инвесторының және сауда серіктесінің лидері тұңғыш ресми сапармен келді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық кеңес төрағасы Дональд Тускпен келіссөз жүргізді. Алды­мен, Ақордада биік мәртебелі еуропалық мейманды ресми қарсы алу рәсімі өт­кі­зіл­ді. Осыдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Туск жеке жүздесті.  

Алыс жатқан Еуропа –  ең ардақты серіктес

Мемлекет басшысы Еуропалық кеңес басшысы­ның сапары Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы бай­ланыстың да­муына тың серпін беретінін айтты.

– Сіздің бұл сапарыңыздың мәні зор. Біздің өзара тиім­ді ынтымақ­тас­ты­ғымыз алда тек кеңейе бере­тіні­не сенім­дімін. Екі тарап та қойылған мақсаттарға же­туге ұмтылып отырғанын ескерсек, біздің қарым-қа­ты­насымыздың бола­ша­ғы жар­қын, – деді Қ.Тоқаев.

Өз кезегінде Дональд Туск Қазақ­стан­ға сапармен келу­ге шақырғаны үшін ризашылығын білдірді.

– Қонақжайлық танытқандарыңыз үшін көп рақ­мет. Біздің ортақ тәжі­ри­беміз де, өзара қарым-қатынасымыздың ор­тақ тарихы да бар. Географиялық ара-қашықтықтың үлкен болғанына қа­рамастан, Қа­зақстан біз үшін тек өңір­лік тұрғыда ғана емес, сон­дай-ақ жаһан­дық деңгейде де маңызды әрі тұрақ­ты серіктес саналады, – деді Еу­ропа­лық кеңес бас­шысы.

Әңгімелесу барысында жүздесушілер әралуан саладағы Қазақстан мен Еуро­одақ ынтымақтастығы­ның перс­пек­ти­валарын талқылады.

Ақордадағы келіссөздер қо­рытын­дысы бойынша Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еу­ропалық кеңес төрағасы Дональд Туск бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері алдына шы­ғып, брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы Қазақстанға ресми сапармен келгені үшін Еуропалық кеңес басшысына ризашы­лық білдірді жә­не бұл сапардың Қазақстандағы «31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құр­бан­­­да­рын еске алу күнімен» тұспа-тұс келге­нінің символдық мәні ба­рына назар ау­дарт­ты. Өйткені өткен ғасырда репрес­сияға ұшыраған Алаш азаматтары қазақ елінің азаттығы, оның әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің бі­ріне ай­налуы үшін жанын қиды. Ал Еуропамен ты­­ғыз бай­ла­нысымыз – тікелей Тәуел­сіздіктің жемісі.

– Қазақстан Орталық Азия елдерінің ішінде Еу­ропалық одақпен «екінші буын» келісіміне қол қой­ған бірінші елге айналды. Бұл біздің бай­ла­ны­сы­мыз­­дың ары қарай беки түскенін көр­сетеді. Біз Еуропа ел­дерінің бәрімен стра­тегиялық, серіктестік қа­ты­насы­мызды нығайтуға белсенді атса­лысу­дамыз. Қа­зақстанның «Еуропаға жол» бағдарламасы мен Еу­ропалық одақтың Орталық Азияға арналған ст­рате­гиясы әртүрлі саладағы табысты өзара іс-қи­мылдарымыздың үлгісі болып есеп­теле­ді. Осы же­тістік­терді ескере оты­рып, Еуроодақпен ын­ты­­мақтастығымыздың келешегіне опти­мизммен қараймыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дональд Туск жур­на­листерге келіссөз бары­сын­да жаһандық және өңірлік мә­се­ле­лердің кең ауқымы бойынша, сондай-ақ энер­гетика, көлік және цифрлық комму­никация са­лаларына қатысты екіжақты ынтымақтастықты те­реңдету турасында өнімді пікір алмасқандарын ха­барлады.