Көне Тараз тарихы зерттеле береді

Газет мақаласы Айқын газеті №85

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы жұмыс сапарын минералды тыңайтқыш өндіретін зауытты аралаудан бастады. Қазақстан Президентіне қысқа мерзімде жылдық қуаты 300 мың тоннадан 500 мың тоннаға дейін минералды тыңайтқыш шығаратын технологиялық жүйенің жұмысы туралы мәлімет берілді. Сонымен қатар өндіріс орнында  жергілікті шикізат пайдаланылатыны, Қаратау қаласының фосфат шикізаттары өңделетіні жөнінде баяндалды.

Көне Тараз тарихы зерттеле береді

– Бұл – химия өнеркәсібіндегі, соның ішінде сары фосфор өндіруге маманданған халықаралық деңгейдегі жетекші кәсіпорын. Халықаралық на­рықтарға өз тауарларыңызбен шы­ғу­ға осы артықшылықтарыңыз сеп­ті­гін тигізеді. Бәсекелестікке қабілет­ті­лік­ті одан ары арттыру қажет, – деді Қа­сым-Жомарт Тоқаев.

1951 жылы салынған бұл кәсіп­орын­­ның негізгі қызметі – химия өнер­кәсібі. Кәсіпорынның өнімдері Еу­ропалық одақ елдеріне, АҚШ-қа, Қы­тайға, Жапонияға және Біріккен Араб Әмірліктеріне экспортталады.

Өңірдің ардагерлері, зиялы қауым, аза­маттық қоғам және жастар өкілдері қа­тысқан жиында Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысының эконо­ми­калық мүмкіндіктерін атап өтіп, түйі­ні тарқатылмаған бірқатар мәсе­ле­ге назар аударды.

– Облыстағы орташа жалақы мөл­шері – 112 мың теңге. Бұл – елдегі ең төмен көрсеткіштің бірі. 1 маусымнан бас­тап табысы төмен бюджеттік сала қыз­меткерлерінің жалақысы өсті. Өңір кәсіпорындары бұл бастамадан шет қалмауы тиіс. Барлық деңгейдегі әкім­дердің басты міндеті жаңа жұмыс орын­дарын ашып, халықты қызмет­пен қамту екенін ескертемін. Жұмыс орындарын ашуда бизнестің рөлі жо­ғары. Сондықтан жергілікті кәсіп­кер­лерді қолдауды жалғастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев өнеркәсіп­тің мүмкіндігін толық пайдаланып, ин­дустрияландыру жобаларын іске асы­руда заманауи технологиялық өн­діріске баса мән беру керектігіне тоқ­талды.

– Өңдеу өнеркәсібіне, әсіресе, хи­мия кластеріне ірі инвесторларды тар­ту қажет. Үкімет пен әкімдікке осы мәселені нақтылауды тапсырамын. Бұл – экономиканың орнықты да­муы­на ықпал етеді, еңбек өнімділігін арт­тырады. Өңірдегі өндірістің даму көзі «Тараз» химиялық паркі» арнайы эко­номикалық аймағы болуы қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Президенті өңірде ту­ристерді қызықтыратын тарихи орын­дар баршылық екенін атап өтіп, туризмді дамыту қажеттігін айтты.

– Аймақтың туристік әлеуетін арт­тырып, инвестиция тарту үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Бұл бағытта шетелдік озық тәжірибелерді ескерген жөн. Үкімет туризмді дамытуға арнал­ған мемлекеттік бағдарлама дайын­дау­да. Жамбыл облысы тарихи көр­нек­­ті орындарға өте бай. Өңірдегі Ай­ша Бибі және Қарахан кесенелері, Жайсаң киелі жері, Көксай шатқалы және басқа да тарихи орындар – хал­қымыз үшін ортақ мәдени құн­ды­лық­тар. Үкімет пен әкімдік бұл саланы бір­лесе дамытуға күш салуы керек. Оған облыстың ресурстары жеткілікті, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Қасым-Жо­март Тоқаев Халық қаһарманы Ғазиз Бай­тасовтың отбасымен кездесті. Қа­зақстан Президентіне қызмет ба­ры­сында ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Бай­тасовтың құрметіне қойылған ес­керткіш тақта, оның фотосуреттері, ме­дальдары мен жеке заттары көр­се­тілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Халық қаһарманының жұбайымен және ұл­дарымен әңгімелесу барысында Ғазиз Байтасовтың өте жауапты әрі қиын сәт­те өз ісіне адал болғанын, оның ер­лігі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.

Сонымен қатар өткен жылы 145 мың турист келген «Шахристан – кө­не Тараз» кешенінің макеті көрсетіліп, алдағы жоспарлары туралы ақпарат берілді.

– Көне Тараздың тарихы әлі де зерт­теле береді. Бұл жұмыстарға тұ­рақ­ты қолдау көрсетіледі. Бұл салада халықаралық деңгейдегі мамандар көп. Бізге университеттерде туризм биз­несі бойынша мамандар әзірлеуді қол­ға алу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Көне Тараз» саябағы келешекте ха­лықаралық туристік орынға айнала­ды деп күтілуде. Облысқа өткен жылы 145 мың турист келсе, биылғы жылдың алғашқы үш айында тарихи орынды 16 мың адам тамашалаған.

Мемлекет басшысы Жамбыл об­лысының орталығындағы халық­ара­лық әуежайға да барды. Ол еліміздегі жаңа, қазіргі заманға сай әуе айлақ­та­рының бірінде жаңадан халықаралық және аймақтық бағыттар ашу жос­пары­мен танысты. 250-ге жуық қыз­меткер жұмыс істейтін әуежай былтыр 63 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсеткен.