Нұр-Сұлтан қаласы әкімі тағайындалды

Газет мақаласы "Айқын" газеті №92

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласының активімен кездесті. Кездесуге дейін қалалық мәслихаттың кезектен тыс отырысында депутаттарға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі лауазымына Алтай Көлгіновтің кандидатурасын ұсынып, олардың келісімін алды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімі тағайындалды

Қазақстан Президенті шаһар активімен кездесуде бұған дейінгі Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың атқарған жұмысына жоғары баға берді.

– Қазақстан Республикасының Конститу­циясына сәйкес, қала әкімі Бақыт Сұлтановты қызметінен босату жөнінде шешім қабылдадым. Алдымен Бақыт Тұрлыханұлына осындай та­рихи әрі жауапты кезеңде өзіне артылған сенім­ді ақтап, тапсырылған міндетті абыроймен ат­қар­ғаны үшін ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.


Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың жаңа әкімінің алдында маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.

– Нұр-Сұлтан қаласының әкімі болып Алтай Көлгінов тағайындалды. Ол – ұйым­дастырушылық қабілеті мен біліктілігі жоғары жас маман. Батыс Қазақстан облысында бірнеше жыл табысты еңбек етіп, жергілікті халықтың алдында зор беделге ие болды. Оның білімі мен тәжірибесін ескере отырып, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі қызметіне тағайындау туралы шешім қабылдадым, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті халықтың өмір сүру сапасын арттыру мәселесіне егжей-тегжейлі тоқталды.

– Азаматтардың әл-ауқатын арттыруға баса мән берілетін болады. Жақын күндері тұрғындардың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған маңызды шешім қабылданады. Бұл үдерістерден астанамыз қалыс қалмауы керек. Керісінше, әлеуметтік мәселелерді шешу ісінде алдыңғы қатарда жүруі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиын соңында Мемлекет басшысы жаңа әкімге бірқатар нақты тапсырма берді.