Серпін берген саммит

Газет мақаласы "Айқын" газеті №93

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкекте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Серпін берген саммит

Мемлекет басшысы Қырғыз Рес­публикасының президенті Сооронбай Жээнбековке жылы қарсы алғаны және саммитке жоғары деңгейде дайын­далғаны үшін ризашылық біл­діріп, саммитте қабылданған шешім­дер мен қол қойылған құжаттар елдер арасындағы кооперацияны нығайтуға септігін тигізетініне сенімді екенін айтты.

Мемлекет басшысы халықаралық қатынастар жүйесінің трансфор­ма­ция­сы көпжақты бірлестіктер қыз­мет­терінің мей­лінше теңестірілген және айқын қағи­даттарын жасау қажетін көрсететініне тоқ­талып, осыған бай­ланысты өзінің пі­кіріне сәйкес ШЫҰ-ның басты міндеттерін атап өтті.

– Біріншіден, ШЫҰ кеңістігінде өзара сенімді, қауіпсіздік пен ынты­мақ­тастықты қамтамасыз ету мақса­тында конструктивті диалог пен өзара іс-қимылдарды нығайту маңызды болып қала беруі тиіс. Осыған байла­нысты, ШЫҰ стратегиясы шеңбе­рінде 2018-2022 жылдарға арналған Іс-қимылдар жоспарын, Ұзақмерзімді тату көршілік туралы келісімді, достық пен ынтымақтастықты толыққанды жүзеге асыру керек, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың «Үш диалог» жөніндегі бастамасының дер кезінде айтылғанын және осы ретте Еуразиялық экономи­калық одақ, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінің ассоциациясы, БРИКС (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, Оңтүстік Африка Республи­касы) және Еуропалық одақ сияқты Еуразияның көпжақты негізгі құры­лымдарымен толыққанды қарым-қатынасты орнатып кеңейту арқылы ұйымның халықаралық бәсекеге қабілетін арттыру қажетін атап өтті.

– Экономикалық өсім баяулаған әрі әлемдік нарықтағы қаржылық тұрақсыз­дық жағдайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының зор әлеуетін бұдан да тиімді пайдалану қажет. Оған сегізжақты Еура­зия­лық қаржылық кеңесшілік механизмін құру септігін тигізеді деп есептейміз. Бүгін Шанхай ынтымақтастық ұйы­мының хатшылығы мен «Астана» ха­лықаралық қаржы орталығы арасында қол қойылған меморандум ШЫҰ елдерінің қаржы жүйесін дамытуда АХҚО-ның бірегей инновациялық әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті отырысқа қатысушылардың назарын аймақтағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәсе­ле­леріне аударды. Оның пікірінше, сәуір айында ШЫҰ-ға әрі әріптес-ел – Шри-Ланкада болған лаңкестік оқиға Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Жаһандық лаңкестікке қарсы коалиция құру туралы бастамасының қажетін дәлел­деді.

– Сондай-ақ лаңкестік мәселесі жаһандық желіде көрініс берді, сондықтан киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуді де күшейту қажет етеді. ШЫҰ ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі орталығын құру ұйымның ақпараттық кеңістігін қорғау ісіне қосқан маңызды үлес болар еді. Тәжірибесі мен өзіндік ерекшелігін ескерсек, бұл мәселені реттеуге ШЫҰ-ның­ лаңкестікке қарсы аймақтық құры­лымы қауқарлы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы климаттың өзгеруі мен қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне жеке тоқталып, осы саладағы ынтымақтастық үшін тұрақты жұмыс істейтін платформа құруды ұсынды.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында бітімгерлік қызмет еліміздің халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайту жөніндегі сыртқы саясатының ажырамас бөлігі екенін айтып, ШЫҰ-дағы әріп­тестерге БҰҰ аясындағы Қазақстанның бітімгерлік бойынша бастамаларын қолдағаны үшін ризашылығын білдірді. Сондай-ақ саммит қорытындысы бойынша түрлі құжаттар қабылданып, қол қойылды.