Айбынды жастарға үміт артамыз

Газет мақаласы Айқын" газеті №96

Қазақстан Президенті – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев V «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылуына қатысты. Мемлекет басшысы ұлттық жиынға қатысушыларды құттықтап, іс-шараның маңызын атап өтті.  

Айбынды жастарға үміт артамыз

– Біз Тәуелсіз еліміздің ай­бынды жастарына әрқашан зор үміт артамыз, сенеміз. Жақсы дәстүрге айналған «Айбын» әс­кери-патриоттық жиыны – отан­шыл жастарды адал қызмет етуге, ел қорғаны болуға тәрбиелейтін бірегей алаң, – деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан Президенті жастар­ды қолдауға және олардың мүм­кіндіктерін жүзеге асыруына мем­лекет тарапынан ерекше көңіл бө­лінетінін атап өтіп, жастар даму­дың символы және жарқын болашаққа деген үміттің көрінісі екеніне назар аударды. Сондықтан Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп атағаны кездейсоқ емесін айтты.

– Жастар ел өміріне белсенді араласып, азаматтық қоғамның дамуына және елімізді табысты жаңғыртуға септігін тигізуде. Елі­мізде Қазақстан жастарының бойында отаншылдық рухты қа­лып­тастырып, тәрбиелеуге айрық­ша көңіл бөлінеді. Осыған орай, «Жас сарбаз» республикалық ба­лалар мен жасөспірімдердің әс­кери-патриоттық қозғалысы құ­рылды. Барлық өңірде бұл ұйым­ның бөлімшелері жасақталып, жұмыс істеп жатыр. «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтары мен сыныптарының саны 6 мыңға же­тіп, 174 мыңнан астам баланы қам­тыды, – деді ҚР Қарулы Күш­терінің Жоғарғы Бас қолбасшысы.

Мемлекет басшысының ай­туын­ша, жасампаздық, бейбітші­лік пен келісім, ел бірлігі, Отанға деген сүйіспеншілік және бәрімізге ортақ тағдыр жолы сынды біздің халқымызды біріктіретін құнды­лықтар жастардың басты бағда­рына айналуы тиіс.

– Мен жүрегінде отаншылдық рухы жалындаған жастардың жаңа буыны өсіп келе жатқанын көріп отырмын. Бүгінгі ұрпақтың ойы – ұшқыр, білімі – озық. Ота­нымыз Мәңгілік елдің беделін арт­тыра беру – сендерге артылған зор үміт. Сондықтан жастарымыз ұлттық құндылықтарымызға адал болып, Қазақстанның жетіс­тіктерін еселей береді деп мен кәміл сене­мін! – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев жас­тарға арнаған сөзінде әр адамның өміріне қажетті қасиеттер туралы айтты. Мемлекет басшысының пікірінше, ең алдымен, парасат­тылық, білім, кәсібилік пен Отанға деген адалдық қажет.

– Сіздердің ерік-жігерлеріңіз, күш-қуаттарыңыз бен шығарма­шылық әлеуеттеріңіз мол. Осының барлығын өмірдегі басты мақсат­та­рыңызды жүзеге асыру үшін пай­­­да­ланыңыздар. Еліміз әрқай­сы­ңыздың табысты болғанда­ры­ңыз­ды қалайды. Осыны естен шы­­ғар­маңыздар. Себебі, сіздердің жетіс­тік­те­ріңізден тұтас елдің же­­­тіс­­тігі қалыптасады. Сіздердің ой-мақ­саттарыңыздың орында­луына шын жүректен тілектеспін, – деді ол.

Қазақстан Президентіне қару-жарақ түрлері, құрлық әскерлері мен әуе қорғаныс күштері техни­каларының мүмкіндіктері таныс­тырылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы далалық лагерьмен та­ны­сып, қатысушылардың жатын орнын көрді, әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілерімен әңгімелесті.