Сөз сүлейлеріне сый-сияпат

Газет мақаласы "Айқын" газеті №100

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық журна­лис­тер қауымын келе жатқан кәсіби мерекесімен құттықтады. Осы орайда Ақордада жыл сайынғы дәстүр бойынша ел Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтарын, гранттарын және алғысхаттарын тапсыру салтанаты өтті.

Сөз сүлейлеріне сый-сияпат

– «Болашақты – саясаткерлер, өткенді – тарихшылар, ал бүгінгіні журналистер ойлайды» деген қағида бар. Меніңше, журналистер болашақты да, өткенді де ойлайтын бірегей қауым. БАҚ – жаңа­лықтың жаршысы. Ел ішіндегі және әлем­дегі оқиғалардан ха­лыққа шұғыл әрі шынайы ақпарат тарату – сіздердің кә­сіби еңбектеріңіз­дің арқасы. Сондықтан қоғамдық маңы­зы зор қызметтеріңізге біз әрқа­шан құрметпен қараймыз, бағалай­мыз. Менің тапсырмам бойынша Үкімет арнайы қаулысымен Қазақстан журна­листерінің кәсіби мерекесін – «БАҚ қыз­меткерлері күнін» бекітті, – деді Президент.

Қ.Тоқаев озық технология заманын­да медиа саласының мүмкіндіктері өте ау­қым­ды екенін атап өтті. Мемлекет бас­шысы журналистиканың жаңа дәуірінде ғаламтор желісі мен әлеу­меттік желілердің айрықша рөліне тоқталып, ақпараттың ашық, жедел және қолжетімді болуы жетістіктің басты өлшемдеріне айналға­нын айтты.

– Жаһандық ғаламтор жүйесінің, әлеу­меттік желілердің ықпалы орасан зор. Тіпті журналист кәсібіне жаңа көз­қараспен қайта қарау қажет болаты­нын өздеріңіз жақсы білесіздер. Заман тала­бына сай бүгінгі журналистің бас­ты қа­сиет­тері қандай болуы керек? Ең алды­мен, ол технологияның мүмкіндік­терін пай­далана білетін, тез әрі сапалы, шы­на­йы ақпарат тарата білетін әмбе­бап маман болғаны абзал. Ұлт ағарту­шысы Ахмет Байтұрсынов: «ұлттық баспасөз халықтың көзі, құлағы һәм тілі болуы тиіс» деп өсиет қалдырған. Отандық журналистер дәл осындай жауапты міндетке адал болып, қазақ­стандық медиа саласының дамуына елеулі үлес қосып келеді, – деді Мемлекет басшысы.

Ел Президентінің пайымдауынша, мемлекеттің әлеуетін нығайту, эконо­ми­каны дамыту, азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру – бүгінде ел алдында тұрған маңызды міндеттер.

– Отандық медиа-қауымдастық­тың сындарлы негізде ұйысуы, жур­налис­тер­дің белсенді азаматтық ұста­нымы, олар­дың кәсіби деңгейі және әділдігі – ақ­параттық кеңістіктегі табысты жұмыс­тың негізгі шарттары. Мемлекет өз тарапынан БАҚ-қа қолдау көрсете береді, – деп атап өтті Қ.Тоқаев.

Салтанатты рәсім барысында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев алғысхатын «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіпке және «Литер» газеті бас редак­то­рының орынбасары Жанна Ойшыбаеваға өз қолымен табыс етті.

Сонымен бірге, «Жас Өркен» ЖШС бас директоры Ж.Қорғасбекке, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Ж.Әшімжанға, «Астана» телеарна­сының редакторы Ж.Жақсылықоваға, «Ком­сомольская правда–Казахстан» газе­тінің бас ре­дакторы В.Кияницаға Мем­лекет бас­шы­сының Өкімімен сыйлық тағайындалды.

«Егемен Қазақстан», «Шалқар» ра­диосы және басқа да шығармашылық ұжымдарға Қазақстан Прези­дентінің алғысы жарияланды.

Сондай-ақ жас болса да, журналис­тика майтал­манына айналып келе жат­қан бірқатар тележурналистер Прези­дент грантымен марапатталды.

Бұдан бөлек, еліміздің барлық аймақ­тарына жіберілген алғысхаттар үздік журналистерге Мемлекет бас­шысының атынан әр өңірде салтанатты түрде табыс етіледі.


Елдос СЕНБАЙ