Жарылысқа кінәлілер жауапқа тартылады

Газет мақаласы "Айқын" газеті №111

Қазақстан Президенті Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовті қабылдады. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа қадағалаушы органның биылғы бірінші жартыжылдықтағы жұмыста­рының нәтижелері мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары туралы мәлімет берілді.

Жарылысқа кінәлілер жауапқа тартылады

Мемлекет басшысына Бас прокуратураның құқық қорғау органдарының қылмыспен күреске және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған үй­лестіру функциясын күшейту жұмыстарының орындалуы жөнінде баяндалды. Сондай-ақ Ғизат Нұрдәулетов азаматтардың конституциялық құқық­тарын қорғау жөніндегі шаралар туралы есеп берді.

Қазақстан Президенті Бас прокурорға Арыс қаласындағы жарылыстарға қатысты қылмыстық істі тергеу барысында әділдік пен заңдылықты қамтамасыз етуді және кінәлі тұлғалардың бәрін жауапқа тартуды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев күш-жігерді азаматтардың құқығын қорғауға, сыбайлас жемқорлық пен көлең­келі экономикаға қарсы күреске жұмылдыру қажетін айтты.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовті қабылдады. Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің қазіргі жұмыстары, негізгі бағдарламалық құжаттар­дың жүзеге асырылуы, сондай-ақ берілген тапсыр­ма­лардың орындалуы жөнінде мәлімет берілді.

Асхат Аймағамбетов Білім саласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдар­ламасының әзірлену барысы туралы баяндады.

Қазақстан Президенті жаңа мемлекеттік бағдар­ламаның мазмұны мен осы құжатта шешілуге тиісті міндеттер жөнінде өз ұсыныстарын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев министрге ұлттық уни­верситеттердің ректорларын конкурстық негізде Қазақстан Үкіметінің қаулыларымен тағайындау туралы нормативтік құжаттар дайындауды тапсырды.

Осы күні Қазақстан Президенті Дүниежүзілік банк­тің вице-президенті Сирил Мюллермен де кездесті. Кездесу барысында Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы алдағы жылдарға арналған жоспарлары талқыланды.

Сирил Мюллер Қасым-Жомарт Тоқаевқа әртүрлі сектордағы ынтымақтастықтың қорытындылары, соның ішінде, ауыл шаруашылығы, жаңа технология және жасанды интеллект салаларындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берді. Сонымен қатар мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет салаларындағы өзара ықпалдастық мәселелері қарастырылды.

Дүниежүзілік банк тікелей шетелдік инвестициялар тарту бойынша Қазақстанды Орталық Азиядағы көшбасшы ретінде мойындайды және осы бағытта елімізге одан ары жан-жақты қолдау көрсетуге, сон­дай-ақ өңірлік кооперацияның дамуына септігін тигізуге ниетті.