Қазақстан – Қытай: Стратегиялық серіктес

Газет мақаласы Айқын газеті №66

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы «Бір жол, бір белдеу» екінші халықаралық ынтымақтастық форумына қатысты. Форумның ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Белдеу және жол» бастамасына Қазақстанның әуел бастан қолдау білдіргенін атап өтіп, бірінші форумның қорытындысы бойынша қол жеткен жетістіктерге тоқталды.  

Қазақстан – Қытай: Стратегиялық серіктес

– Әлем жұртшылығы қарама-қайшы геосаяси тұжырымдардан шаршағаны анық. Барған сайын геоэкономика мен бірлесе дамудың маңызы артып келеді. «Бір белдеу, бір жол» – экономикалық ынты­мақтастық үшін ашылатын жаңа мүмкін­діктерден де ауқымды әрі маңызды жоба. Бұл – әлемдегі 120-дан астам мем­лекеттің қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, кеңінен сауда-саттық жасауға және өсіп-өркендеуге деген тарихи сұранысынан туындаған бастама, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы саяси қарама-қайшылыққа, санкциялар мен сауда теке-тіресіне қара­мастан, осы бастама аясындағы сауда көлемі артып, бүгінде 5 триллион доллар құрап отырғанын атап өтті. Н.Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» бастамасы жаһан­данудың жаңа үлгісін ұсынғанын айтты.
– Тарихи кезең әлемдік ықпалдастық орталығын қайтадан Шығысқа қайтаруда. Біз бүгін Азияның, шын мәнінде, ХХІ ға­сыр өңіріне айналғанын көріп отырмыз. Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 28 пайызы осында шоғырланған және бұл көрсеткіш арта береді. Қазірдің өзінде шығыстандыру үрдісі ықпалдасудың жаңа бағыттарын ұсынуда, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы, сондай-ақ Жібек жолының Экономикалық белдеуі жобасы мен Еуразия экономикалық одағын ұштас­тырудың әлеуеті зор екенін айта келіп, Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің «Бір белдеу, бір жол» арқылы тағдыры ортақ адамзат қоғамдас­тығын бірлесе құруға шақырып отырғанын атап өтті. 
Н.Назарбаев «Бір белдеу, бір жол» екінші халықаралық ынтымақтастық форумының сессиясында сөйлеген сөзінде қазіргі заманғы жаһандық сын-қатерлерге төтеп берудің жолдары туралы айтты. Сондай-ақ киберқауіпсіздік пен қолда­ныстағы ком­муникацияның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзектілігін және өңір­ара­лық дең­гейдегі бәсекенің арта түскенін атап өтті.
– Дамуды және қауіпсіздікті қамта­масыз ететін жаһандық институттардың тиімділігіне қатысты сұрақтар туындауда. Экономика саласында «сауда текетіресі мен санкциялық соғыстар» пайда болды. Бүкіл әлем бойынша порттар мен әуежай­лардың терминалдары арқылы жөнелті­летін жүктер кідіре бастады. Түптеп кел­генде, бұл әлем экономикасының даму қарқынын бәсеңдетіп, халықтың, әсіресе, дамушы елдер тұрғындарының жағдайын нашарлатады, – дей келе, Н. Назарбаев әлемдік қоғамдастықты адамзаттың жаһан­дық проблемаларын шешу үшін жұмылуға шақырды. 
– Алып құрлығымыздың дәл ортасында орналасқан Қазақстан Еуразияда тығыз серіктестік орнатуды әрдайым қолдайды. Біздің сыртқы саяси доктринамыз көп­жақты ынтымақтастықты және бірлесе дамуды, сенім мен қауіпсіздікті нығайтуды көздейді. Біз бүкіл әлемге халықаралық күн тәртібіндегі ең күрделі мәселелерді тал­қылау бойынша да үлгі көрсете алдық, – деді Елбасы.
Бұдан бөлек Қазақстанның Тұңғыш Президенті еліміздің ядролық қару­сыздану және жаппай қырып-жоятын қарудың таралуын болдырмау ісіндегі жетістіктеріне тоқталды. Соңында Ел­басы аталған үш диалогтың басталуы форумға қатысу­шылардың барлығының мүдделеріне сай келетінін атап өтіп, біріккен Еуразияның жарқын болашағы үшін өзара байланыс орнатудың қажет­тілігі туралы айтты.
Қытайға сапарында Тұңғыш Президент Н.Назарбаев Қытай Халық Республи­касының төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, экономиканың түрлі секторын­дағы қатынастардың жоғары қарқынмен дамып келе жатқанын атап өтті.
– Қытай мемлекеті – Қазақстан үшін көршілес ел және экономикалық серіктес қана емес, сонымен бірге сенім артып, тірек санайтын біздің жақын досымыз, – деді Н.Назарбаев.
Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Қазақстан­ның Тұңғыш Президентін тату көршілік қарым-қатынасты ілгерілетуге және жан-жақты стратегиялық серіктестікті дамытуға қосқан зор үлесі үшін «Достық» орденімен ресми марапаттады.
Қытай Халық Республикасының төра­ғасы Си Цзиньпин Тұңғыш Президенттің екіжақты қатынастарды нығайтуға қосқан үлесіне тоқталып, Ел­басының халықаралық ынтымақтастықты дамыту ісіне сіңірген еңбегін ерекше атап өтті. 
– Бүгін біз Қытай халқының нағыз досы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевқа Қытай Халық Республи­касының жоғары сыртқы марапаты – «Достық» орденін ресми табыс ету рәсі­мін өткізіп отырмыз. Президент Н.Назарбаевтың бүкіл әлемде зор беделі бар. Ол Қазақстан мен Қытай арасындағы жан-жақты стратегиялық серіктестіктің негізін қалап, осы қаты­настарды әрдайым дамы­тып келеді. Қазақстан Шанхай ынтымақ­тастық ұйы­мын құрып, Азиядағы өзара ықпал­дастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске бастамашы болды. Қазақстанның Тұңғыш Президенті өзінің саяси көре­гендігінің арқасында осы ұйым­дарды дамытып, өңірлік және жаһан­дық деңгейде бейбітшілік пен тұрақ­ты­лықты қолдауға зор үлес қосып келеді, – деді Си Цзиньпин.
Елбасы Н.Назарбаев Қытай Халық Республикасына сапары барысында «Синьхуа» ақпарат агенттігі, «CCTV» теле­арнасы, «Жэньмин Жибао» газеті, Қытай­дың орталық радиосы, China News Service ақпарат агенттігі, «Хуанцю шибао» басылы­мы сияқты Қытайдың ресми БАҚ өкілдеріне сұхбат беріп, «Бір белдеу, бір жол» бастама­сын одан ары жүзеге асыру перспектива­ларына қатысты сұрақтарға жауап берді. «Нұрлы жер» және «Жібек жолының Экономикалық белдеуі» бағдар­ламаларын ұштастыру нәтижелері туралы әңгімеледі.
Сондай-ақ Елбасы белгілі актер Джеки Чанмен кездесіп, оның әлемдік кине­мато­графиядағы маңызды рөлін жоғары бағалады.
– Өзіңіздей танымал тұлғамен жүздес­кеніме қуаныштымын. Сізді бүкіл әлем біледі, – деді Елбасы. 
Қытай актері алдағы шығармашылық жоспары және киноиндустрия саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру жол­дары туралы ой бөлісті.