"Қытай – Қазақстанның сыртқы сауда және экономика саласындағы аса ірі серіктесі"

11 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-шы отырысына қатысты . Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

"Қытай – Қазақстанның сыртқы сауда және экономика саласындағы  аса ірі серіктесі"
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы өзара сенім мен тиімді ынтымақтастыққа негізделген тату көршілік қарым-қатынастардың қалыптасу тарихын атап өтті.

– Қытай – Қазақстанның сыртқы сауда және экономика саласындағы  аса ірі серіктестерінің бірі. Мұның айқын дәлелі – елдеріміз арасындағы сауда айналымы былтыр 11,4% артып, 12 миллиард долларға жетті. Тәуелсіздік жылдары Қытай Қазақстанға 20 миллиард долларға жуық инвестиция салды. Біз бүгінгі Іскерлік кеңестің 6-отырысын екі ел арасындағы іскерлік және инвестициялық әріптестіктің зор әлеуетін одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін маңызды шара деп есептейміз, - деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның инвестициялық ахуалын мейлінше қолайлы етуге бар күш-жігерін жұмылдырып отырғанын айтты.

– Дүниежүзілік банктің «Doing Business» рейтингі бойынша Қазақстан әлемдегі 190 мемлекеттің ішінде 28-ші болып, алғашқы отыздыққа кірді. Тәуелсіздік жылдары ішінде еліміздің экономикасына 300 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тартылды.

Бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан Орталық Азия өңірінде көш бастап тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қытайлық бизнесмендерді «Астана» халықаралық қаржы орталығы биржасының қаржылық іс-қимылдарын белсенді пайдалануға шақырды, сондай-ақ оның осы аймақтағы бірегей институт екенін және қазірдің өзінде Қаржы орталығына 250-ден астам компания тіркелгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы көлік дәлізін құруға және дамытуға зор мүмкіндіктер беріп отырғанына ерекше назар аударды.

– Қазақстан арқылы Қытай және Азияның басқа да елдерін Еуропамен, сондай-ақ Таяу Шығыспен байланыстыратын 5 темір жол және 6 халықаралық автокөлік жолы өтеді. Бұл Қазақстан арқылы Қытайдан Еуропаға және кері қарай жүктерді 15 күнде жеткізуге мүмкіндік береді.

Ал, теңіз жолы арқылы 2-3 есе көп уақыт жұмсалады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасымен үндеседі. Мемлекет басшысы ортақ күш-жігеріміздің арқасында Ұлы Жібек жолын қайта жандандырып, қалпына келтіре аламыз деген сенім білдірді.