"Қытай компанияларымен бірлескен инновациялық кәсіпорындар құруға мүдделіміз"

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Қытай Іскерлік кеңесінің 6-шы отырысына қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

"Қытай компанияларымен бірлескен инновациялық кәсіпорындар құруға мүдделіміз"
Ақорда

Мемлекет басшысы өзінің сөзінде, Қазақстанның инновация мен заманауи технологияға негізделген жаңа экономиканы дамытуға баса мән беріп отырғанын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз үшін жоғары технологиялық өндірістердің, сондай-ақ 4.0 Индустриясының стратегиялық мән-маңызы айрықша екенін айтты.  Мемлекет басшысының пікірінше, бұл саладағы екі жақты кездесулер, соңғы жылдары Қытайдың жаңа технологияларды дамыту және енгізу жөнінен бүкіл әлем мойындаған көшбасшы елге айналуымен де маңызды.

– Біз қытай компанияларымен бірлескен инновациялық кәсіпорындар мен ІТ-орталықтар құруға мүдделіміз. Елордамыз Нұр-Сұлтанда «Астана Хаб» ІТ-стартаптарының халықаралық технопаркі ашылды. Мұнда Big DATA, интернет заттар, жасанды интеллект, бұлтты технологиялар және суперкомпьютерлер бағыттары бойынша әзірлемелер қарқынды дамуда. Бұл технопарктің жұмысына қатысушылар үшін жеңілдетілген визалық, еңбек және салық режимдері қарастырылған, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент екіжақты ынтымақтастықтың келешегі зор салаларының бірі ретінде ауыл шаруашылығын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай нарығының ауқымы үлкен екенін және еліміз үшін осы экспорт бағыты бойынша зор мүмкіндік ашылатынын айтты.  .

– Баршаңызға мәлім, Қазақстан жоғары сапалы бидай экспорты бойынша әлемдегі алдыңғы 10 елдің қатарына кіреді. Былтыр Қытайға экспортталған бидай көлемі 550 мың тоннаға жетті. Бидай экспортының көлемін 3,5 есеге, яғни 2 миллион тоннаға дейін ұлғайтуға болады. Қазақстан тұзын халықаралық нарықтарға экспорттау көлемі артып келеді. Біз Қытайға жылына 100 мың тоннаға дейін ас тұзын жеткізуге әзірміз. Сонымен қатар қытай нарығына сүт өнімдерін, құс етін, сиыр етін, қой етін, шошқа етін, ұн, дәнді және бұршақ, сондай-ақ майлы дақылдар жеткізуге дайынбыз. Біз экологиялық таза азық-түлік өндірісін ұлғайтып, Қытай нарығына шығаруға ниеттіміз, – деді Президент.  


Сонымен бірге, Мемлекет басшысы туризм саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселесін қозғады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның осы саланы дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтіп, қытайлық инвесторларды серіктес болуға шақырды. Соңында Президент Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесін дамыту ісінде маңызды рөл атқаратын Қазақстан мен ҚХР арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейту үшін берік негіз қаланғанына сенім білдірді. Пленарлық мәжіліс барысында «CITIC Group» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің Қытай тарапынан тең төрағасы Чан Чжэньмин, «Самұрық Қазына» АҚ басқармасының төрағасы, Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің Қазақстан тарапынан тең төрағасы Ахметжан Есімов, сондай-ақ «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов сөз сөйледі. Іс-шара қорытындысы бойынша Қазақстан тарапының өкілдері қытайлық бизнесмендермен бірқатар коммерциялық келісімдерге қол қойды.