Қ.Тоқаев Қытайда Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай еліне мемлекеттік сапары аясында есірткі тасымалдау күдігімен қолға түскен қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді. Бұл туралы ҚР Президентінің көмекшісі Мұрат Нұртілеуов ОКҚ алаңында өткен брифингте мәлімдеді.    

Қ.Тоқаев Қытайда Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерді
© сурет ашық интернет көздерінен

«Біз жол жүргелі отырғанда Қасым-Жомарт Кемелұлының атына 2014 жылы Гуанжоу әуежайында Қытай құқық қорғау органдарымен ұсталған отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың анасынан өтініш түсті. Оның мәтіні БАҚ беттерінде жарияланды. Осыған орай Мемлекет басшысы Бейжіңдегі кездесулерде Қытай тарапына өзінің жеке өтінішін жеткізді. Бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Оның нәтижелері бойынша Сыртқы істер министрлігі арқылы осы жұмысты жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді», – деді М.Нұртілеуов. 

Сөз арасында Президенттің көмекшісі бұл мәселеге Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше мән беріп отырғанын жеткізді. 

«Сапар нәтижесі бойынша берілетін тапсырмалар тізіміне отандасымыздың тағдырына қатысты мәселе арнайы кіріп отыр», – деп тоқталды Мұрат Нұртілеуов.