100 күн ішінде қоғамдық сананың тұрақталуына Қасым-Жомарт Тоқаевтың күш-жігері де әсер етті – Ерлан Саиров

Белгілі сарапшы Ерлан Саиров Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшылығына келгеніне 100 күн толуына орай пікір білдірді.

100 күн ішінде қоғамдық сананың тұрақталуына Қасым-Жомарт Тоқаевтың күш-жігері де әсер етті – Ерлан Саиров
© Айтжан Мұрзанов

«Өздеріңіз білетіндей, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшылығына келгеніне бүгін тура 100 күн толып отыр. 100 күн өздеріңізге белгілі, оңай болған жоқ. Бірақ, осы жүз күннің ішінде біздің саяси жүйе эволюциялық тұрғыда басқа бір сапалы деңгейге өтуге өзінің қабілетті екендігін көрсетті. Көз алдымызда елдің саяси тарихының жаңа парадигмасы қалыптасып келеді. Бізге өз еліміздің саяси тарихын әрлендірудің немесе мінсіз атаудың қажеті жоқ. Кез келген саяси процесс– күрделі жол іспеттес. Біздің еліміз тәуелсіздік жылдарынан бері айтарлықтай жоғары әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізді. Қазақстан – әлемдік антиядролық қозғалыста авангард. Ұлтаралық салада қарым-қатынасты реттейтін бірегей формат қалыптастырды»,– деді сарапшы ОКҚ-да өтіп жатқан «Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президенттігі: алғашқы 100 күн – мақсаттар, қадамдар, тактикасы» атты дөңгелек үстел барысында.

Ерлан Саировтың айтуына қарағанда, қазіргі уақытта Қазақстанның тәуелсіздігінің іргетасы бекіген.

«Алайда біздің елімізде проблемалардың барын да ашып айтуымыз керек. Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшылығына келген кезде елде әлеуметтік және қоғамдық мәселелер болмады деп айта алмаймыз. Қоғамның қызуы үдеген шақ еді. Адамдар әлеуметтік әділеттілікті талап еткені белгілі. Мемлекет, азаматтар мен биліктің өзі де әлеуметтік терапияға мүдделі болды. Президент Тоқаевтың жетекшілігі осындай жағдайда басталды. Жаңа сенімге ие болып, халыққа үміт сыйлау керек болды. Мемлекет басшысында Президент немесе шенеунік емес, тең құқылы азамат ретінде ел алдына шығу міндеті тұрды. Адал әрі әділ диалогқа негізделген жаңа формат қалыптастыру қажеттігі туындады. Мемлекет басшысы атап өткендей, «халыққа құлақ асатын мемлекет» қалыптастыру қажеттігі туындады», – деді ол.

Сарапшының айтуына қарағанда, қазіргі таңда Қазақстанда бұл бағытта айтарлықтай оң қадамдар жасалған. «Билік қоғамның сұранысы мен тілектеріне құлақ асты. Менің ойымша, қоғамдық сананың тұрақталуына көп жағдайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз күш-жігерінің арқасында қол жеткізілді. Азаматтар оны қолжетімді көшбасшы ретінде қабылдайды. Сондай-ақ, жүйенің өзі эволюциялық жолмен дамуға қауқарлы екенін көрсетті. Эволюция – басты парадигмаға, біздің елдің саяси құрылымының базалық элементіне айналды», - деді Ерлан Саиров. Айта кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде халық алдында ант беріп, ұлықтау рәсіміне қатысқалы бері бүгін 100 күн толып отыр. 100 күн ішінде атқарған жұмыстарының видеошолуын мына сілтемеденкөруге болады.