Үміт пен сенім берген 100 күн

Газет мақаласы "Айқын" газеті №144

Ел басқару – өнердің өне­рі. Ол халықтың үмітін мүл­тіксіз ақтауды, саяси күш­тердің сұранысын қапы­сыз танып, қарымды үн қа­ту­ды, жеке мүдделеріңді тәрк етуді, күні-түні тек елге қызмет етуді талап етеді. Ел тізгінін өз қолына алған Қасым-Жомарт Тоқаев биыл­­ғы 12 маусымдағы ұлық­­тау салтанатында ант беріп, Президент қызметіне рес­ми кіріскелі бері тура 100 күн толды.

Үміт пен сенім берген 100 күн

Бұл мерзім елдегі іргелі өз­герістерді түпкілікті бағалап, қорытындылауға аздық ете­ді. Әйткенмен, осы жүз күн­нің өзі елдегі әлеуметтік, экономи­калық және саяси жүйені ре­фор­малауға қуатты серпін бер­гені байқалуда.

Осы уақыт ішінде жаңа Мем­лекет басшысының тың басқару стилистикасы айқындалды. Сарапшылар оның «транзиттік Президент болып қалатынына», «ел билеуде тек екінші рөлді атқаратынына» немесе бұқара арасында әзіл ретінде тараған «рөлсіз көлікті айдайтынына» қатысты қауіптер ақиқатқа ай­налмағанын айтады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қарапайым халықтың қажет­тілігі мен сұранысына үн қа­тып, қоғамның мұң-мұқтажына құлақ аса отырып, биылғы президент сайлауында жеңіс­­ке жетті. Демек, оның сайлауал­ды тұғырнамасының да, 2 қыр­күйекте Парламенттің V парла­мент­тік сессиясының ашылу рәсімінде жария еткен тұңғыш Жолдауының да жұртшылықты алаңдатқан көкейкесті мәсе­лелерге құрылуы орынды әрі заңды. Шиеленіскен түйкіл­дердің түйінін тарқатып, ше­шімін табуға тиіс Ұлттық қо­ғам­дық сенім кеңесін құруы, сонымен қатар азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мем­лекет» тұжырымдамасын жариялап, жүзеге асыруға кірісуі де сондықтан.

«Ел үмітін ақтау – Қ.Тоқаев­тың халықтық Президент ретін­дегі мәртебесі мен беделінің басты бір ұстыны болғандықтан, ол сайлаушылардың сеніміне селкеу түсірмеуге күш салуда» дейді саясаттанушылар.

Еуразиялық интеграция инс­­титутының және отандық ғылыми-сараптамалық ұйым­дар­дың ұйымдастыруымен Прези­дент жанындағы Орта­лық коммуникациялар қызме­тінің конференц-залында «Қ.Тоқаев президенттігі: алғаш­қы 100 күн – мақсаттар, қа­дам­дар, тактикасы» атты дөң­гелек үстел өтті. Шетел­дік және қазақстандық ға­лым­дар, сарапшылар, саясаттану­шылар қатысқан жиында Мем­­­лекет басшысы Қ.Тоқаев бағ­дары­ның негізгі бағыттары талқыға салынды. Сондай-ақ Президенттің әлеуметтік-эконо­микалық және саяси сала­лардағы қызметінің ағымдағы нәти­желері мен келешектегі қадам­дары сара­лан­ды.

Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттігінің 100 күні ішінде атқарылған нақты істерге қатыс­ты қызықты мәліметтер жария етілді. Біріншіден, 2019 жылғы 22 сәуірде іске қосылған Мемлекет басшысының вир­туалды қабылдауына азаматтардан 3 990 өтініш келіп түсіпті. Оның 1 368-і орын­далғаны, ал тағы 2 622-сі бойынша ша­ралар қарастырылып, қолға алынып жатқаны мәлімделді.

Екіншіден, осы аралықта ел бас­шылығына Кеңес кезінен қалған қару-жарақ қоймасының жарылуы салда­рынан бомбаланып, бұзылған тұтас қаланы қалпына келтіруге тура келді. Мұндай ауыр жағдаймен бұрын-соңды мемлекет бетпе-бет келмеген. Қазақстан халқының бірауыздылық танытып, біріге жұмылуы арқасында Арыс қаласы аз уақыт ішінде қалпына келтірілуде. Тіпті саманнан соғылған үйлері көп кеңестік қалашық орнына жаңа шаһар бой көтеріп жатыр. 11 қыркүйектегі жағ­дай бойынша, Арыстағы жөндеу жұ­мыстарының 99,3 пайызы тамамдалған. Соның ішінде 68 әлеуметтік нысанның 62-сі, 7 633 тұрғын үйдің 7 426-сы за­ма­науи жөндеуден өтті, біразының ор­нына жаңалары бой көтерді. 272 отбасы үшін кірпіштен жаңадан үй салыныпты.

Қаланы қалпына келтіру жұмыс­тарына 56,1 миллиард теңге бағытталды. Қасым-Жомарт Тоқаев қиын кезде, сын сағатында елдің елдігін, ердің ерлігін паш еткен, құтқару және қалпына келтіру жұмыстарында ерен еңбегімен көзге түскен 40 адамды мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Үшіншіден, Қ.Тоқаев ел тарихында бұған дейін болмаған сипаттағы, кең ауқымдағы әлеуметтік қайырымдылық шарасын іске асырды: борышқа батқан қазақстандықтардың тұтынушылық несиесі бойынша қарызын кешірді. Отырыста хабарланғандай, бүгінде 507 363 адамның кепілдіксіз тұты­нушылық кредиті бойынша қарыздарын мемлекет өтеп берген. Оның ішінде 263 мың адамның немесе 52 пайызының банктер алдындағы борышы толық көлемде жабылған.

Жалпы алғанда, азаматтардың несие бойынша қарыздарын жоюға бюджеттен 105,7 миллиард теңге жұмсалыпты. Бұл шамамен 272 миллион долларға барабар. Мұндай әлеуметтік қамқорлық Қа­зақстан түгіл, әлемдегі тәуелсіз мем­лекеттердің көбісі үшін теңдессіз болып саналады.

Төртіншіден, биылғы 27 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев «Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы» Жарлық шығарып, Президент жанындағы Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссия құрды. Бұл резервке 35 жастан аспаған, жоғарғы білімі және 5 жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан азаматтары кіре алады. Яғни, басқаша айтқанда, Қасым-Жомарт Кемелұлы ел билеу ісінде біліктілік пен дарынын танытар жас басқарушылардың жаңа формациясын қалыптастыруда. Резервке алынған адам­дар алдынан министр, вице-ми­нистр, облыс және үш мегаполис әкі­мінің орынбасары, комитет төрағасы, ұлт­тық басқарушы холдингтер мен ұлт­тық компаниялар жетекшілері мансабын иелену перспективасы ашылмақ.

Осы мақсатта арнайы іске қосылған PKRezerv.kz сайтының автомат­тан­дырылған онлайн тұғырнамасында 4 731 үміткер тіркеліпті. Олардың ара­сынан енді Президенттік жастар кадр резервіне 300 адам іріктеп алынады. Тиісінше, мемлекеттік басқару жүйе­сін­дегі және квазимемлекеттік сек­тордағы басшылық лауазымдар иелері солардың арасынан да таңдалатын болады.


Бесіншіден, Қ.Тоқаев қайтарымы еш кепілдендірілмеген, түпкі мақсаты бұ­лыңғыр, ақырғы нәтижесі мүлдем сал­мақтауға келмейтін, бірақ ел қазынасына үлкен ауыртпалық түсіретін «бедел-ажарға арналған шараларға» тыйым салғаны мәлім. Осының арқасында, тек қазірдің өзінде 2019 жылға жоспарланған республикадағы және шетелдегі имидж­дік іс-шаралар қаражаттарына толық ревизия жүргізу, қайта бағалау әрі оңтайландыру нәтижесінде, шығындар 340 миллиард теңгеге азайтылған.

Қ.Тоқаев әлеуметтік желіде белсенді екенін қазақстандықтар біледі. Бұл да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының құрамдас бөлігі. Мемлекет басшысы осы арқылы еш делдалсыз, араағайынсыз, халықпен тікелей қарым-қатынас жасауға әу бастан екпін жасауда. Бұл – қазіргі ел басқару өнерінің заманауи озық тренді, өзін-өзі ақтаған медиалық так­тика. Мәселен, әлемдік держава – АҚШ-тың лидері Дональд Трамп та Twitter-дегі парақшасын ұлтқа тікелей жүгінудің басты арнасы санайтыны белгілі. Бірақ әлеуметтік желіні негізінен, инфо­тейнмент (ағылшынның information – ақпарат және entartainment – ойын-сауық сөздерінен құралған, яғни көңіл көтеретін ақпарат) құралына ай­налдырып, оны PR мен елді елең еткі­зіп, өз тұлғасына қарату үшін пай­даланатын өзге саяси көшбасшылардан айырмашылығы сол, Қазақстан Пре­зидентінің Twitter желісіндегі парақша­сы іскерлік мақсатқа қызмет ететіні аңғарылады.

– Мемлекет басшысы ел тұрғын­дарымен кері байланысты жолға қою үшін әлеуметтік желілер секілді бай­ланыс құралдарын белсенді қолданады. Ел Президенті Twitter-дегі төл парақ­шасының көмегімен халықты респуб­ликамыздағы басты оқиғалар жөнінде жедел ақпараттандырып отырады. Бұған қоса, сол арқылы жауапты тұлғаларға тапсырма береді. Президенттіктің 100 күні ішінде Қ.Тоқаев 400-ден астам твитін жариялады. Сондай-ақ оның Instagram-да да парақшасы ашылды. Қазақстандықтар солар арқылы Мем­лекет басшысының жұмыс күндерінің қалай өтіп жатқаны жөнінде құлағдар болуда, – дейді әлеуметтану ғылым­дарының докторы, профессор Зарема Шаукенова.

Ол Қасым-Жомарт Кемелұлының Президент лауазымындағы қызметін талдай келе, оның басқару стилінің келесі қырларына назар аудартты.

– Бірінші қыры – тұрақтандырушы. Қ.Тоқаев – шұғыл жағдайларда қиыннан қиыстырып жол таба алатын, алдыңғы шепте қимылдаудан қаймықпайтын тиімді кризис-менеджер. Мәселен, ол жарылыстар қаупі тарамаған Арыс қаласына өзі барды және төтенше жағ­дай барысында жауапты құрылым­дарға өзі тапсырма берді.

Екінші қыры – реформатор. Ел Президентінің тың бастамалары оның мемлекеттік саясаттағы оң өзгерістерге және жаңаруларға дайын екенін көрсетеді. Оның ел билеу стилінің үшінші қыры – азаматтар бойына сенім ұялата білетіні. Қ.Тоқаев – бай өмірлік тәжірибені және ғылыми-сараптамалық ғибратты өз тұлғасында ұштастыра білген адам. Бұл қасиеттер Президентке, оның біліктілігі мен кәсібилігіне деген қоғамның сенімін қалыптастырады, – деді З.Шаукенова.

Ал «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің директоры, тарих ғылым­дарының докторы Саттар Мәжитов жүз­күндіктегі елеулі меже – Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы бол­ғанын айтады.

– Бұл Жолдау – елдің басшысы алдына тұрған міндеттердің межесі, түп­кі нәтижесі және егжей-тегжейі жазыл­ған сарабдал стратегиялық құжат. Оның ары қарай табысты орындалуы елді жаңа биікке көтереді. Жалпы, қазір Қазақ­станда жаңа саяси дәуір басталуда. 100 күн ішінде болған оқиғалар – қазақ­стандық қоғамдағы әлеуметтік, саяси және мәдени өзгерістердің жаңа кезеңі туғанының нышаны, – деді ол.

С.Мәжитов «Тоқаев дәуірі» қайы­рымдылық істерге мемлекеттік маңыз беруден басталғанын айтады.

– Осы аралықта тек Қазақстан халқы ассамблеясының қайырымдылық нау­қандары аясында 485 мыңға жуық адам, 24,5 мың отбасы қолдау көрді. ҚХА 8 477 іс-шара ұйымдастырды. Соның ішінде «Арыс – біз біргеміз» акциясы аясында зардап шеккен тұр­ғындарына 156,2 миллион теңгеге көмек көрсетілді. Биыл­ғы оқу жылы қарса­ңында «Мек­тепке жол» науқаны аясын­да 46 423 бала мен 24 042 отбасыға қам­қорлық жасалды. Оның сомасы шама­мен 514,4 миллион теңгені құрады. Нә­­тижесінде, халық мемлекеттің өзін қиындықпен жалғыз қалдырмағанын, көмек қолын созатынын сезінуде, – деп түйді Саттар Мәжитов.

Қалай болғанда, Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі алмағайып заманда мемлекеттіліктің салмақты жүгін көтеріп келеді. Бағдары анық, рухы биік, қадамы нық елді жолдан жаңылыстыру, сағын сындыру қиын. Оған ешқашан жол бермеу үшін Мемлекет басшысының бастамалары мен ізгі саясатын қолдауда халықтың ауызбіршілігі керек. Болашақ өрлеудің басты шарты да – осы.



Ерлан САИРОВ-1.JPG
Ерлан САИРОВ,
саясаттанушы:

– Қ.Тоқаевтың Пре­зидент ретіндегі 100 күні аясында біраз жетістіктер туралы айтылып жатыр. Бірақ бұл Қазақстанда әлеу­меттік, экономикалық және басқа да салаларда проб­лемалар жоқ деген сөз емес. Өмірдің өзі тұрмыс­тық және басқа проблемаларды шешуден тұрады. Адамзат тіршілік мәселелерін шешу арқылы да прогреске жол ашады.

Дегенмен жүзкүндікте байқағанымыз, бірін­шіден, билік қоғаммен бірігіп жұмыс істеуге ашық. Екіншіден, халықты мазалаған түйткілді мәсе­лелерді шешуге нақты кірісті. Үшіншіден, ауыл-аймақтың дамуына көңіл бөлініп жатыр. Өйткені, әсіресе, ауылдарда, аудандарда көптеген мәселелер жылдар бойы қордаланған. Ең басты мәселе – ауылдағы тіршілік инфрақұрылымын жаңадан түзіп шығу.

100 күн ішінде бәрі шешілді деуден аулақпыз, бірақ бастамасы жақсы. Мемлекет алдында ше­ші­мін күткен күрделі мәселелер тұр. Қ.Тоқаевтың ел бас­қаруының негізгі бағыттарын дұрыс деп санаймыз.


Эдуард-1.JPG
Эдуард СОЛОВЬЕВ,
Ресей Әлемдік экономика және 
халықаралық қатынастар институтының 
Посткеңестік зерттеулер орталығының басшысы:

– Бізді зерттеуші ретінде Қ.Тоқаевтың «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжы­рымдамасы қызықтырады. Себебі бұл – саяси трансформацияны еш қақтығыссыз, соғыс­сыз, бейбіт жолмен, табысты өткізудің маңыз­ды шарты. Әлеуметтік желілерден кейде Қазақстанда азаматтардың шеруге шыққаны туралы мәліметтерді оқимыз. Жалпы, бұл – жалғыз Қазақстанның ғана емес, қазіргі заманғы бүкіл әлемнің, соның ішінде тіпті дамыған елдердің ортақ проблемасы. Айталық, Батыстағы демократиясы өркендеген, ауқатты мемлекеттерде саяси аренаға ашулы бұқара топтары шығуда, тұрғындар наразылығын ереуілдер, шерулер, популистерге дауыс беру секілді әртүрлі жолдармен білдіруде. Бұл ретте Қазақстан тұрақтылығын, бейбіт өмірін, ілгері өрлеуін сақтап келеді. Жүз күндегі ең маңызды жетістіктің бірі де осы.

Қ.Тоқаев әлемдегі жалпыадамзаттық үрдістерді де, сондай-ақ өз қоғамындағы сұранысты да жақсы түсінетін, соған сәйкес міндеттер мен мақсаттарды белгілей білетін саясаткер екенін паш етуде. Қазақ халқы – сауатсыз емес, көзі ашық, кемел қоғам. Осыны ескерсек және тәуелсіздік алғалы бері республика қол жеткізген табыстарын назарға алсақ, Қазақстанда ары қарайғы әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар өз нәтижесін береді деп сенім білдіруге болады.


Марат ШИБҰТОВ -1.JPG
Марат ШИБҰТОВ,
саясаттанушы:

– Ұзақ жылдар бойы халықаралық сарапшы­­лар Қазақстандағы билік транзитіне қатысты алаң­дау­шы­лық білдіргені, кейбірі қара аспанды төндіргені есте. Алайда Қ.Тоқаевтың прези­дент­тігінің 100 күні Қа­зақ­станда берік саяси жүйе қалып­тасқанын, орнық­ты жұ­мыс істейтінін, би­ліктің еш қақтығыссыз, бейбіт жол­мен ауысуын қамтамасыз ете алатынын көрсетті. Қазақстандық қоғам да саяси кемел әрі өзгерген жағ­дай­ларға бейімделе алатындай икемді екенін аңғартты.

Президент дамыған елдер қатарына қосылу жолында қоғамның еселеп өсе түскен сұраныстарын ірі-ұсақ деп бөлмей, бәріне уақытылы үн қатып, қанағаттандыра алатынын анық байқатты. Қарапайым мысал келтірейін, аз қамтылған отбасылар, көпбалалы аналар бұған дейін мемлекеттен әлеуметтік көмек алуда «прописка» деп аталатын ең үлкен кедергіге жолығатын. Егер нәпақа табу үшін ауылдан қалаға келсе, тіркеуге тұра алмайды, тиісінше, қала әкімдігі бар адамды көрмейді, қолдау көрсетпейді. Енді Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырмасымен бірыңғай әлеуметтік карта қалыптастырылып жатыр. Ол «пропискадан» тәуелсіз болады.

Бұдан бөлек, борышты кешіру акциясы да, ең алдымен, кедей халыққа бағдарланған әлеуметтік көмекке айналды. Жоғалтатын ештеңесі жоқ дәл осы азаматтар – қоғамның белсенді мүшесі, көшеге шулап шығатын да солар.

Президент қоғамның барлық тобының пікірін тыңдауға құлықты.