Табысты стратегиялық әріптестік

Газет мақаласы "Айқын" газеті №152

Сочиде өтіп жатқан «Валдай» пі­кір­­талас клубына қатысуға келген Қа­зақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті.

Табысты стратегиялық әріптестік

Қазақстан Президентін құрметпен қар­сы алған Владимир Путин, Қасым-Жо­март Тоқаевтың «Валдай» пікірталас клу­­бының жұмысына қатысуына Ресей та­­рапы үлкен мән беріп отырғанын айт­ты.

– Біздің шақыртуымызды қабыл алып, «Валдай» пікірталас клубының жұ­­­мысына қатысуға келгеніңіз үшін ри­­­зашылығымды білдіремін. Бізді ұзақ жылдар дипломатиялық қызметте істе­ген Сіз секілді адамның пікірі қат­ты қы­зықтырады. Сіз бұл салада кә­сіби ма­ман­сыз. Бүгінгі халықаралық аре­надағы жағ­­дайға, әсіресе, қауіпсіздік саласына бай­­ланысты пікіріңіз біз үшін өте пай­далы әрі қызық, – деді Ресей пре­зи­денті.

Владимир Путин ЕАЭО аясындағы бір­лес­кен жұмыстардың белсенділігін атап өтті. Ол ұйымды дамыту жөніндегі бір­лесіп ше­шім қабылдауда өзара сенім­нің жоғары дең­гейге көтерілгенін айтты.

Ресей президентінің айтуынша, екі ел арасындағы диалог та өте жемісті жүріп жа­тыр.

– Біздің күн тәртібіндегі кез келген екі жақты мәселелерді талқылауға мүм­кін­­­дігіміз бар. Барлық сала бойынша та­быс­ты даму байқалады. Тауар айналымы да көңілге қонымды. Әртүрлі бағытта бір­­лескен жобаларымыз іске асуда, оның ішінде, дәстүрлі және жоғары тех­но­логиялар бойынша ынтымақтаса әрекет ету­деміз. Біз үнемі заман ағы­мы­ның та­мырын дөп басып, әр саладағы әріп­тес­терімізге министрлік дең­гейінде қол­дау көрсетіп келеміз. Бұл жұ­мыс жал­ғаса бе­реді, – деді Владимир Путин.  

Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Пу­­тинге Сочиге шақырғаны үшін ал­ғыс айтты. Оның ойынша, «Валдай» пі­­кірталас клубы өте қызықты әрі тар­тыс­ты форум.

Қазақстан Президенті ресейлік әріп­тесіне Жеңістің 75 жылдық мерей­той­ына қатысуға шақырғаны үшін ризашылығын біл­дірді. Қасым-Жомарт Тоқаев мерейтой күн­­дері Мәскеуге баруға ниетті екенін жет­кізді.

– Мен майдангердің ұлымын. Жа­қын­да Иванов облысында Ұлы Отан со­ғысы кезінде қаза тапқан 73 қа­­­зақ­стан­дық майдангердің қабірі та­был­ды. Біз, қазақстандықтар, ұлы жеңіс жо­лында жа­нын қиған жауынгерлер-дің ер­лігін әр­дайым есте сақтаймыз, – деді Қазақстан Пре­зиденті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев негізін қалаған Қа­­зақстан мен Ресей арасындағы әріп­тес­тіктің жоғары деңгейі мен дәре­же­сінің сақталғанын атап өтті.  

– Өмір бір орнында тұрмайды, сол се­беп­ті біздің өзара іс-қимылдарымызды жаңа мазмұнмен толықтырып, күн тәр­­тібіне шыққан мәселелерді дер ке­­зін­де шешіп отыру керек. Мен мұн­­дай жұ­мыс­­қа дайынмын. Біздің ст­ра­тегиялық әріп­тестігіміз бен одақ­тас­ты­ғымызды жаңа дең­гейге көтереміз де­ген ойдамын, – деп мәлім­деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Еуразиялық эко­номикалық одақ шеңберінде интег­ра­ция­лық процестер бойынша жоғары дең­­гейдегі түсіністік барын атады. Оның ай­туынша, Ереванда өткен ЖЕЭК оты­рысындағыдай туындаған мәселелер бойы­н­ша уақытылы шешімдер қабыл­дануы қажет.