Әбіш Кекілбайұлы – кемел ойдың иесі

Газет мақаласы "Айқын" газеті №156
Әбіш Кекілбайұлы – кемел ойдың иесі

Мемлекет басшысы Ақтау қаласына жұмыс сапармен барып, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Әбіш Кекілбайдың 80 жылдық мерейтойы аясында орнатылған ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Қасым-Жомарт Тоқаев қаламгердің мүсінін салтанатты түрде ашып берді. 

Тау тұлғалы талант, ғұлама ойшыл Әбіш Кекілбайұлының ерен еңбегі қандай құрметке де лайық екенін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев заңғар жазушы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерінің рухына тағзым ету тек Маңғыстау өңірінің ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға деп бағалады.

– Біз бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Ке­кілбайұлы – адамзаттық болмыстың жо­ғары деңгейіне көтерілген біртуар тұлға, қа­зақ халқының ұлы перзенті. Халқымыздың мақтанышына айналған азаматтардың есімін жа­дымыздан шығармау – баршамыздың па­рызымыз. Елбасының «Шіркін-ай, осындай қа­зақтар көбірек болса екен» деп Әбіш ағаға ри­зашылық білдіруі тегін емес. Зиялы қауым оған айрықша құрмет көрсетіп, «Қазақтың таңдайы» деп атады, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Еңбек Ері атағына ие болған тұңғыш қаламгердің әде­биет әлеміне келгеннен бастап ұлттық сананы сақ­тау үшін мол үлес қосқанына, ана тілімізді, салт-дәстүрімізді және төл мәдениетімізді дә­ріптеп, халқына адал қызмет еткеніне тоқталды. Ұлт­тық болмыс пен ұлттық рух Ә.Кекілбайұлы шығармашылығының діңгегіне айналғанын айтты.

– «Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркер», «Шыңырау» – қайталанбас туындылар. Классик қаламгердің бұл еңбектері әлем әдебиетінің ал­тын қорына тиесілі. Жазушы қара сөздің құ­діреті арқылы елдің намысын оятып, рухын кө­терді, – деп баға берді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мемлекетіміздің жетістіктері қаламгердің ұлт тағдыры туралы мақалаларында толық көрініс тауып, қоғамның шынайы сипа­тын танытқан Әбіш Кекілбайұлының көсемсөзі халықтың рухани азығына айналғанын, заң­ғар жазушының туындыларына тарих пен тәуел­сіздіктің арқау болғанын тілге тиек етті.

– Оның білімі, көзқарасы, шын мәнінде, шек­сіз, бірегей және әмбебап. Әбіш Кекіл­бай­ұлы – қазақтың болмыс-бітіміне әлемдік кеңістіктен көз салған кемел ойдың иесі. Ұлы Абай «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өл­мейтұғын артында сөз қалдырған» дейді. Әбіш Кекілбайұлының шығармалары ғасырдан ға­сырға ұласатын рухани құндылық болып қа­латыны сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекіл­байұлы­ның ғұлама жазушы ғана емес, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері екенін, Ел­ба­сының сенімді серігі ретінде Тәуелсіз Қ­а­зақстанның негізін қалауға қосқан үлесі орасан зор деп атап өтті.

Мемлекет басшысы жазушының еліміздегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленгенін, Жоғарғы Кеңес төра­ғасы, Мемлекеттік хатшы, сенатор қызметтерін абыроймен атқарғанын айтты.

– Әбіш Кекілбайұлы Тәуелсіздігімізді қор­ғауға және нығайтуға атсалысқан аса көр­некті қоғам қайраткері болғанына ешқандай кү­мән жоқ. Өйткені ол қазақтың ой-санасын жаң­ғыртқан ұлы өзгерістердің басы-қасында жүр­ді. Көрнекті қайраткер егемен еліміздің та­рихи шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырды. Оның «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» деген тұжырымы баршаға ой салады, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Әбіш Кекілбайұлы­ның ел мүддесін бәрінен де биік қойған нағыз патриот, саналы ғұмырын еліне қалтқысыз қыз­мет етуге арнаған ардақты азамат, барша жұртқа ұлт­жандылықтың озық үлгісін көрсеткен тұл­ға екенін айта келе, қазіргі қазақстандық пат­риотизм үш тұғырға негізделуі керек деп са­найтынын мәлім етті.

– Бірінші, патриотизм төл та­ри­хымыз бен шыққан тегімізді те­рең ұғынудан басталады. Халқы­мыздың басынан өткен қилы за­манды және ел еңсесін көтерген жетістіктерді жас ұрпақтың білгені өте маңызды. Түп-тамырымыз мыңжылдықтарға ұласады. Мұны мақтаныш сезіммен айту – па­­рыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Сондай-ақ ол тарихымызға қа­тысты көптеген деректерді жа­рық­қа шығару қажеттігіне, азаттық үшін күрескен арыстарымыздың есімін ұлықтау арқылы азамат­та­рымыздың, әсіресе, жастардың бойына отаншылдықты дарыта алатынымызға мән берді.

– Екінші, патриотизм мемле­кетімізді және мемлекеттік инс­ти­туттарды құрметтеуден басталады. Мемлекетіміздің қазіргі құнды­лық­тарын бағалау – баршамызға ортақ міндет. Береке мен бірлік, тұрақ­тылық пен тыныштық, тату­лық пен келісім – біздің басты бай­лығымыз. Көпшілік, әсіресе, жас­тар мемлекет болмаса, ұлт ­бол­майтынын ұғын­ғаны жөн. Бү­гінгі буын түрлі қауе­сеттің жетегіне ермей, ел іргесінің бүтіндігін сақтауға атсалысуы ке­рек, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы «Қазақстан патриотизмі» ұғымы бәріміз үшін ұлттық құндылық болуы қажет екеніне, бүкіл идеология Отанды шексіз сүюге бағытталу керегіне тоқталып, еліміздегі жастар ұйым­дарын осы игі бастамаға жұмылуға шақырды.

– Үшінші, біздің мақсат – ең дамыған мемлекеттердің қатары­на қосылып, әлемдегі ла­йық­ты орнымызды алу. Отансүй­гіштік жай ғана ұран тастау емес. Қазіргі таңда бұл білім алу, ғылымға ұмтылу, инновация мен техно­логияны игеру арқылы жүзеге асады. Бүгінгі заман – білектінің емес, білімдінің, яғни ақыл-ой бәсекесінің заманы,– деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жастарымыз Қазақ елін бүкіл дүниежүзіне танытатын жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға талпынуы керек деді. Сон­да ғана отаншыл, ұлтжанды ұр­пақты жаңа геосаясат, геоэко­но­ми­ка жағдайына бейімдей ­ала­тынымызды айтты. Қазақ­стан пат­риотизмі осындай үш тұғыр­ға не­гізделсе, тәуелсіздігіміз­дің ны­ға­йып, еліміздің жарқын бо­лашағына жол ашатынына тоқ­талды.

Мемлекет басшысы «қазақ зия­лыларының салмақты сөзі – тәр­биенің тиімді құралы» деп ерекше екпін берді.

– Бүгінгі күні зиялы қауым­ның маңызды міндеті өскелең ұрпақ­ты патриоттық рухта тәрбиелеу деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті сөз со­ңында Әбіш Кекілбайұлының «Ұр­пағына ие бола алмаған жұрт ұлттықтан айырылады» деген сөзі әрдайым есімізде тұратынын ай­тып, жазушының мол мұрасы, өне­­гелі тағылымы осы мақсатқа қыз­мет ете беретініне сенім білдірді.

Сондай-ақ Мемлекет басшы­сы Ақтау қаласына жұмыс сапары аясында Әбіш Кекілбайұлының аты беріліп, жаңа ғимаратқа көш­кен Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің жұмысымен танысты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәуір айында Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары кезінде аймақ әкімдігіне музей құрылысын сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырған болатын. Мем­лекет басшысының тапсыр­масына сәйкес, Әбіш Кекілбайұлы атын­дағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейі заңғар жазушының 80 жылдық мерей­тойы шеңберінде пайдалануға берілді.

Жалпы, бұл кешен «Әбіш Ке­кілбайұлы мәдени орталығы» деп аталады. Онда Маңғыстау облыс­тық тарихи-өлкетану музейінен бөлек, кітапхана мен облыстық му­зыкалық-драма театрдың ғима­раты да салынады. Кешеннің құ­ры­лысы биылғы қаңтар айын­да басталған. Толық аяқталуы 2020 жылдың желтоқсан айына жоспарланған. Оның жалпы ау­мағы 10,6 гектар жерді құрайды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыстық музейдің жаңа ғимаратын аралап көріп, естелік кітапқа тілегін жазып, қолтаңба қалдырды.