Жекпе-жек алдында Головкин мен Деревянченко салмақ өлшеп, көз түйістірді (видео)

Осы жекпе-жек үшін GGG 15 миллион доллар сыйақы алмақ

Жекпе-жек алдында Головкин мен Деревянченко салмақ өлшеп, көз түйістірді (видео)
Фото: Vesti.kz

Қазанның 4-інен 5-іне қараған түні Нью-Йоркте қазақстандық Геннадий Головкин мен украиналық Сергей Деревянченко салмақ өлшеу рәсіміне қатысты. Қос боксшы орта салмақта IBF және IBO вакантты титулдарына таласады. 

Шара барысында қос боксшы бір-бірімен көз түйістіріп, шағын баспасөз жиынын өткізді. Еске салайық, аталған бокс кешінің андеркартында қазақстандық тағы бір боксшы Әли Ахмедов америкалық Эндрю Эрнандеспен қолғап түйістіреді. 

Головкин – Деревянченко жекпе-жегі Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында өтпек. Бокс кеші Қазақстан уақыты бойынша 6 қазан күні таңға жуық басталады. Бокс кешін Qazsport арнасынан тамашалауға болады. 

Осы жекпе-жек үшін GGG 15 миллион доллар сыйақы алмақ. Бұл қаржының тең жартысы кепілді сыйақы болса, қалған жартысы – DAZN стримингтік сервисінен түскен ақша. Ал Деревянченко 4 миллион доллар алады. Бірақ оған кем дегенде 5,2 миллион доллар кепілді сыйақы тағайындалған. 

Салмақ өлшеу барысында GGG қарсыласынан 90 граммға ауыр болды. Бірақ екі боксшы да тиісті лимиттен асып кеткен жоқ. 

«Мен өте қатты толқып тұрмын. Өтініш, менің қарсыласымды қолдаңыздар, ол – өте мықты жігіт. Бұл екеуміз үшін де үлкен сын. Осындай мүмкіндік бергені үшін Жаратқанға мың алғыс. Бұл бокс фанаттары үшін үлкен сый. Бокс үшін бұл сәт мүлде басқа уақыт, мен үшін де, басқалар үшін де» деді Головкин рәсімнен кейін.