91 мың шәкірт – шетелде

Газет мақаласы "Айқын" газеті №162

Жастардың отандық ЖОО-ларды таңдамай, жатжұрттарға аттануына қазақстандық уни­верситеттердің сапасыз сайты да ықпал етуі мүмкін. «Қазақ­станда білім беруді және ғы­лымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мембағдар­ламасы» жобасында тосын бай­лам білдірілген. Өз кезегінде Үкімет басшысы студенттері­міз­бен бірге ақыл-ойдың ше­тел­­ге кетпеуі үшін нендей ша­ралар қабылданатынын айтты.  

91 мың шәкірт – шетелде

Ресми мәліметке жүгінсек, Қазақ­станда соңғы 7 жылда өзге елдерге жол тартқан студенттер саны 2 есеге өсіпті. Сыртта білім игеріп жүрген студент­теріміздің 78%-ы – Ресей еншісінде. Осылайша, солтүстік көрші респуб­ли­камыздағы ақыл-ойды тартатын орталық болуын жалғастыруда.

Екі жыл ішінде шетелдік жоғары оқу орындарына 11 010 мектеп түлегі оқуға түсті. Елді тастап кеткен шәкірттердің жалпы санындағы ең көп үлес Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарына тиесілі.

Алайда өңірдегі барлық түлектің жалпы санына шаққанда шетелдік ЖОО-ларға аттанған түлектің ең көп үлесі СҚО мен Қостанай облыстарында тіркелуде.

Шетелдік жоғары оқу орындарына басым көпшілігінде қала мектептерінің түлектері кетеді. Білім және ғылым министрлігі, әсіресе қыздар шетелдік ЖОО-ға түсуге бейім екенін анықтаған. Сонымен қатар шетелдік ғылым орда­ларын негізінен орыс тілінде оқыған мектеп түлектері жиі таңдайды. Са­рапшылар орысша білім алған жастар өз болашағын көбіне Қазақстанмен бай­ланыстырмайтынын ескертеді, тиісінше келешекте қоныс аударғысы келетін жас қазақстандықтарды шетелде сапалы білім алу қызықтырады.

Елімізде жүргізілген зерттеу бары­сында мектеп бітірушілердің жат­жұрттық университеттерге ынтығуы­ның басты үш факторы айқындалған. Біріншіден, өзге елдер оқу үшін үлкен төлемақы талап етпейді, керісінше, не білім беру құны арзан, грант арқылы мүлдем тегін. Екін­шіден, орысша оқығандар мемлекеттік тілден сынақ және ҰБТ тапсырғысы кел­мейді. Үшіншіден, баласының шетелге кетуін ата-анасы қалайды. Бұған қоса, отан­дық ЖОО сайттары да та­лапкерлерді тартпайды, оларды қызық­тыруда көп рөл атқармайды. Сондықтан БҒМ университет-колледждер сайт­тары­ның форматы мен контенті «сал­мақты қайта құруды талап етеді» деген бай­ламға келді.

Талантты жастардан айырылып қалмау үшін не істеліп жатқанын Үкімет басшысы Асқар Мамин да айтып берді. Мәжіліс депутаттары оған жүгініп, оқимын деп әлемнің әр атырабына са­парлайтын жас ұрпақ кейін сол мем­лекеттерде қалып қоятынына алаңдау­шылық білдірген. Сыртқы істер ми­нистр­лігі дерегінше, бүгінде 91 мыңнан астам студент өзге елдің оқу орынында білім алуда. «Оқу бітіргесін, елге келіп қызмет ет!» деп ешбір орган талап ете алмайды.

Үкімет басшысы Асқар Маминнің түсіндіруінше, шетелге оқуға шыққан шәкірттерді есептеу Ұлттық білім беру деректері базасы арқылы жүргізіледі. Кейінгі үш жылда мектептерден 394 мың оқушы түлеп ұшқан. Оның 298 мыңы Қазақстандағы университеттер мен колледждерге түсті. 3 жылда 13 мың студент елден тыс оқуға түскен.

Асқар Мамин оқу бітіріп, екі қолға бір күрек іздеген түлектерді орналастыру жұмыспен қамту орталықтары және электронды еңбек биржасы арқылы жүзеге асырылатынына назар аудартады.

Премьер-министр мектеп пен колледж бітірушілердің шетелге кетуінің алдын алу үшін жоғары білімді кадрларды даярлау бойынша мемле­кеттік тапсырыс, яғни грант көлемі 1,8 есеге көбейтілгенін жеткізді. Бұдан бөлек, ҰБТ-дан құлаған талапкерлерге төрт рет қайта тапсыруға мүмкіндік берілді. Қазақстан азаматтарының шетелдік ЖОО-дан елге ауысуы кезінде ҰБТ тапсыру талабы жойылды.

Қазіргі уақытта А.Маминнің мә­ліметінше, халықаралық олимпиада­лар­дың, халықаралық және республикалық әншілер байқаулары мен спорттық жарыстардың, сондай-ақ әртүрлі жалпы білім беру пәндері бойынша Прези­денттік, республикалық олимпиада­лар­дың жеңімпаздарына гранттарды ба­сымдықты түрде алу құқығын заңна­малық деңгейде ұсыну жоспарлануда.

Шетелдік озық оқу орындарының елімізде бөлімшелерін ашу мәселесі де пысықталуда екен.