Жаңа жоба – тың серпін

Газет мақаласы Айқын газеті №75

Үкімет басшысы Асқар Мамин Қытайдың Коммунистік партиясының Орталық комитетінің Саяси бюросының тұрақты комитетінің мүшесі, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьерінің орынбасары Хань Чжэнмен келіссөздер жүргізді.

Жаңа жоба – тың серпін

Кездесуде екіжақты экономикалық қарым-қатынастарды дамытудың, шекара маңы ынтымақтастығын, оның ішінде «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығын дамыту арқылы да тереңдетудің өзекті мәселелері талқыланды.

«Нұрлы жол» экономикалық сая­сатын және «Белдеу және жол» стра­тегиясын ұштастыру аясындағы ин­дус­­­триялық-инновациялық ынты­мақ­тастыққа ерекше көңіл бөлінді. Бұдан бұрын екі ел жалпы сомасы
27 млрд доллар тұратын 55 бірлескен жобаны іске асыруға уағдаласқан еді. 2015 жыл­дан 2018 жыл аралы­ғында соның жалпы құны 3,8 млрд болатын 12 жо­басы пайдалануға бе­рілді. Биыл 310 млн доллардың 5 жо­басын іске қосу жос­парланған. Олар­дың ішінде күн электр станса­лары­ның, ГЭС, заманауи ет комби­наты кешенінің құрылысы бар. 5,5 млрд доллар инвестиция құйыла­тын 11 жо­ба жүзеге асырылу үстінде. 18,1 млрд доллар сомасындағы қалған жобалар бойынша дайындық жұ­мыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы, жобаларды іске асыру 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

А.Мамин қытай делегациясының XII Астана экономикалық форумына қатысуы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға зор қарқын беретінін айтты.

Келіссөздер барысында Қазақстан Үкіметінің басшысы көлік-логисти­калық біліктіліктер мен транзиттік дәліздерді, энергетиканы, өнеркәсіпті, агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы өзара іс-қимылды күшейтудің, әсіресе, қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайтудың қажетін атап өтті.

– Қытай – Қазақстанның ірі сыртқы сауда серіктесі. 2018 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 11,1%-ға ұлғайып, 11,7 млрд доллар көрсеткішіне жетті. Биылғы екі айдың қорытындысы бойынша сауда-сат­тық көлемі 2 млрд долларды құрады, бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 12,1%-ға жоғары. Біз осындай оң қарқынның сақталуына мүдделіміз! – деді Асқар Мамин.

Премьер Нұр-Сұлтан қаласына ресми сапармен келген Грузияның Үкімет басшысы Мамука Бахтадземен келіссөздер жүргізді. Келіссөз бары­сында сауда-экономикалық өзара іс-қимылды одан ары қарқынды дамыту мәселелері талқыға салынды. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жө­ніндегі үкіметаралық комиссияның оныншы отырысының қорытындылары қаралды. 2018 жылы Қазақстан мен Грузия арасындағы сыртқы сауда айналымы 34,6%-ға артып, 100 млн долларға жуықтаған.  

Үкіметтер жетекшілері өзара сауда-саттықты одан ары арттырудың елеулі әлеуеті барлығын атап өтті. Елдердің экономикаларының құрылымы туризм, ауыл шаруашылығы, индустриялан­дыру, көлік, энергетика салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықтың аясын кеңейтуге мүмкіндік береді.

Тараптар экономиканың жекелеген салалары және нақты инвестициялық жобалар бойынша тауар айналымының көлемін ұлғайту және номенклатурасын кеңейтуді қамтамасыз ету жөніндегі шешімдерді қабылдауға ниет білдірді. Соның нәтижесінде, өзара сауда-саттық көлемін қысқа мерзімді кезеңде екі есе ұлғайтып, 300 млн долларға жеткізу көзделген. Транзиттік-көлік саласында, оның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне назар аударылды. Бұл бағыттағы транзиттік тасымалдар 2015 жылдан бастап 2018 жылға дейін 13 еседен ас­тамға артты. Биыл 120 мың контейнерге дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Грузияның премьер-министрі М.Бахтадзе Қазақстан мен Грузияның тарихи жақсы серіктестер екенін айта келе, ынтымақтастықты дамытуды тереңдетуге қызығушылығын білдірді.

Өз кезегінде Асқар Мамин бұл сапар өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан ары дамытуға елеулі серпін беретінін айтты.

«Біздің ортақ міндетіміз – көлем­дерді ұлғайтып, елдердің сауда сала­сындағы өзара іс-қимылына жаңа сер­пін беретін жобалар мен мүмкін­діктерді жүзеге асыру», – деді А.Мамин.

Үкіметтік келіссөздердің қоры­тындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды.